Қазақстан халқы қартайып барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ranking.kz порталына сілтеме жасап.
Елімізде де бүкіл әлемдегідей халықтың қартаюы байқалады.
Мәселен, 2022 жылдың басында 65 және одан жоғары жастағы әйелдердің үлесі 10,1 пайызға жетті. Ал 10 жылда ол небәрі 8,2 пайызды құрады.
Сонымен қатар, онжылдықта 65 жастан асқан ерлердің үлесі 4,8-ден 6,1 пайызға дейін өсті.
БҰҰ болжамынша Қазақстанда да қарттықтың демографиялық ауыртпалық коэффициенті ұлғаяды. Мәселен, 2022 жылы бұл коэффициенттің мәні 12,9 пайызды құраған. 2025 жылға қарай арақатынас – 14,1, 2030 жылға қарай — 15,9, 2040 жылға қарай — 17,1, 2050 жылға қарай 19 пайызға жетеді.
Осы үрдісті ескерсек, еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесі ең ұтымды нұсқа екені байқалады.
Өйткені ол мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтып, келешекте жиынтық зейнетақының мөлшерін ұлғайта алады.
Жалпы, халықтың қартаюы — XXI ғасырдағы басым үрдістердің бірі. Мұның қоғам үшін маңызды және ауқымды салдары бар.
Халықтың жалпы санындағы егде жастағы адамдардың үлесінің артуы барлық елдерде дерлік байқалады. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтарда 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны дүние жүзінде екі еседен асады.
Яғни, 2021 жылғы 761 млн-нан 2050 жылы 1,6 млрд адамға дейін жетеді. 80 жастан асқандар саны бұдан да жылдам өседі.