Қазақстан ауылының полицейлері не қарап отыр?
27 қараша күні Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы Боран ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылының тұрғыны Мақсат Өзбекұлының қорасындағы шөбі өртенеді. Ертесінде және 3 желтоқсан күні дәл осы жағдай ауылдағы екі отбасының үйінде қайталанады. Айта кетерлігі, қорасындағы шөбінен айырылған үш отбасы да Қытайдан келген қандас бауырларымыз.
Өкініштісі, содан бері қанша уақыт өтсе де, жергілікті құқық қорғау қызметкерлері үш бірдей отбасының шөбін өртеген жандарды іздеуге құлықсыздық танытып отырған көрінеді. Шөбі өртенген тұрғындар осыған алаңдаулы.
– Бізге ештеңенің де қажеті жоқ. Бізге тек тыныштық керек. Біздің сұрайтынымыз – бейбіт жатқан отбасыларды қыстың көзі қырауда қан жылатқан қатыгездер табылып, олар лайықты жазасын алса дейміз. Алайда жергілікті полиция қызметкерлерінің түк білмегендей қылық танытып, өз міндеттерін орындаудың орнына еш әрекетсіз отыруы күннен-күнге үмітімізді үзіп барады, – дейді 2007 жылы Қытайдан туған топыраққа оралған қандасымыз Мақсат Өзбекұлы.
Қазақстан ауылындағы үш қандасымыздың қорасындағы шөбі бірінен соң бірі өртенгеннен бері ауылды мекен еткен өзге де оралман бауырларымыздың осы кепті киеміз бе деп мазасы қашып, әбден берекесі кеткен көрінеді. Халықтың мұңын мұңдайды деген полицияның жүрісі болса анау.
– Ауылдағы кемпір-шалдар жылап отыр. Қай-қайсысы да шөбіміз қашан өртеніп кетеді деп алаңдаулы. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Әрқайсысы басқа жұмыстарын ысырып қойып, қорадағы шөбін қарауылдап отыр. Әйелі түнде қорасын екі сағат қараса, ері екі сағат күзетеді. Мынадай суықта кірпік қақпай далада отыру оңай ма? Олар әбден шаршады. Мұндағы оралмандар қыстан аман-есен шықсақ, Қытайға кетеміз деп отыр, – дейді ол.
Ауыл әкімдігінің жиналыс өткізгені болмаса, шөбінен айырылған тұрғындарға айтарлықтай жәрдем көрсетпеген. Қайта ауыл әкімдігінен гөрі ауыл азаматтары көмек қолын созып, қыстан аман шығарып береміз деп үш отбасының малдарын бөліп алыпты.
Істің мән-жайын білу үшін Боран ауылдық округінің әкіміне телефон шалып едік, ала алмадық. Тұтқаны әкімдіктің іс басқарушысы Айдос Наурызбаев көтерді.
– Шөппен көмектесіп жатырмыз. Олардың малдарын шөбі барлар бөліп алды. Қыстан алып шығамыз деп отыр. Ауылдағы ағайын көмектесіп жатыр. Сөйтіп, қыстан шығарып береді, – деді.
Шөбі өртенген ауыл тұрғындарының айтқанын біздің есімізге қайта салды демесеңіз, іс басқарушысының аузынан орын алған оқиғаға қатысты мардымды жауап ести алмадық. Осы оқиғаға байланысты қандай іс-шаралардың қолға алынып жатқанын да сұрадық. Бұл сауалымызға да жарытып жауап бермеді. Бар айтқаны «Полиция тексерді. Өрт болған сайын барып жүр» болды. Сөйтті де: «Міне, полицияның өзі келді», – деп, тұтқаны Қазақстан ауылына жауапты полиция өкілі Руслан Нұрланұлына қосты. Ол кісімен де әңгіме ұзаққа созылған жоқ.
– Біз қазір тексеріп жатырмыз, – деп сөзін бастаған ол: «Бастыққа хабарласыңыз» деп аяқастынан түсініктеме беруден бас тартты.
– Бастықтарыңыздың телефондары қандай? Беріңізші, сөйлесейік, – деп едік, «Информация не разглашается», – деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Міне, жергілікті халықтың сенім артқан жауапты тұлғаларынан естіген жауабымыздың түрі осындай! Ештеңе болмағандай жайбарақат. Ал күндіз-түні ұйқы көрмей, бейбіт күнде берекесі кеткен ауыл тұрғындарының жайы жоғарыда айтқанымыздай. Дегенмен бұл мәселе жақын күндері бір шешімін табар деп ойлаймыз. Аудан, облыс басшылығы қалыптасқан жағдайды тез арада қалыпқа келтірер деп сенеміз.