Бедеуліктің салдарынан жапа шегіп отырған жұптар саны 400 мыңнан (!) асыпты. Бұл – бала тууға қабілетті жас шамасындағы отбасылардың 15-18 пайызы. Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана 200 мыңның үстінде еді...
ДДҰ мәліметі бойынша, ХХІ ғасырдың бас шенінен бастап айтсақ, ең көп тараған ауру түрі – жүрек-қан тамырлар ауруы екен. Әлемдік статистикаға сенсек, диспансерлік есепте тұрғандар саны 30 миллионға жуықтаған. Айта кетерлігі, дәл осы кеселдің салдарынан қаза болғандар саны жылына 10 миллионға жетіп жығылса керек. Ғалам дәрігелері «бұл - эпидемия» деп дабыл қағуда.
Енді мына дерекке қараңыздар: дүниежүзінде бүгінгі таңда 80 миллион ерлі-зайыптылар түрлі себептермен бала сүйе алмай отыр. Тіпті көрсеткіш қарқынды өсіп келеді. 80 миллион - 30 миллионнан айтарлықтай көп. Демек, бүгінгі қоғамдағы белең алған бедеулікті де эпидемияға жатқызсақ әбден болады. Жүрек-қан тамырлар аурулары мен бедеуліктің өзектілігі бірдей. Біріншісі жылына сан миллиондаған адамның өмірін қиса, екіншісі ұрпақ жалғастығына кері әсер етуде. Екеуі де зардабы ауыр әлеуметтік проблема.
Елдегі жағдайға келсек, тіптен мүшкіл. Бедеуліктің салдарынан жапа шегіп отырған жұптар саны 400 мыңнан (!) асыпты. Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана 200 мыңның үстінде еді.
Мұндай жандар көбіне-көп жасанды ұрықтандырудың көмегіне жүгініп жатады. Сұраныс болғандықтан, ұсыныс та артып келеді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстандағы ЭКО орталықтарының саны - 18, оның үшеуі - мемлекеттік. Алдағы жылдары ашылғалы отырған зертханалар тағы бар. Экстрокорпоральды ұрықтандырудың Денсаулық Кодексінің тегін медициналық кепілді көмегінің тізіміне енгеніне биыл төрт жылдай болып қалды. Алғашқы жылы республикалық бюджеттің қаржыландыруымен 100 квота бөлінген еді, ол келер жылы 750-ге жетпекші, оған мемлекеттік қордан 750 миллион теңге қарастырылып отыр. Егер елдегі әрбір төртінші жұптың бір балаға зар болып отырғанын ескерсек, бұл әрине болмашы. Ал өз қалтаңнан шығарғың келсе, 800 мың теңге қаражат қажет. Аз емес.
Айтпағымыз, біз проблеманы шешуді ғана білетін сияқтымыз. Ал соның алдын алуға жоқпыз. Ең тиімдісі – құзырлы саланың, мәселен, бедеуліктің салдарымен күресіп, оны болдырмаудың жолын іздегендері. Осының барлығын үкімет үлкен сенім артып отырған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асыруға болар-ақ еді... «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты осы, яғни елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін азаматтардың денсаулығын жақсарту.
ЭКО-дан басқа балалы болудың тағы бір жолы бар: құрсақ ана. Осыдан біраз уақыт бұрын жазғанбыз, қазір суррогаттық та қатты белең алып барады. Білесіздер, көп елдерде оған тыйым салынған. Дүниежүзінде құрсақ ана болуға рұқсат берген елдер санаулы ғана. Ал «жалға жатыр» іздегендер көбіне Үндістан, АҚШ-қа барады. Айтпақшы, Үндістан нарығына суррогат аналар жылына 1 млрд. доллар қаржы құйып отыр.
Айта кетейік, жалпы, осы суррогаттықтың алғаш тәжірибеге енгізілген уақыты – 1980 жыл. АҚШ-тың Иллинойс штатының тұрғыны Элизабет Кейн заңды түрде суррогат анамен келісім-шартқа отырып, күйеуінің ұрығын басқа әйелге салғызған. Баласын бауырына басқан күні Элизабет Кейн әлгі әйелге алғыс ретінде сыйақы төлейді. Осылай суррогат ананың тарихы басталып кеткен.
Қазіргі кезде қытайлықтар мен американдықтарды байланыстырып тұрған «сурмамалар» тақырыбы үлкен резонанс тудыруда. Білетін боларсыздар, қазір Қытай бала санын шектеуге бұрынғыдай қатты тыйым салып отырған жоқ. Осындай тұсты пайдаланып, қалталы қытайлықтар суррогат ананы АҚШ-тан іздеп жүр. АҚШ-тың кейбір штаттарында суррогат анаға рұсқат етілген. Бір қытайлық жұп шамамен 150-200 мың доллар көлемінде шығын шығаратын көрінеді. Неге АҚШ? Қытайлықтардың дүниеге жаңа келген баласына АҚШ-та «беделі жоғары» «грин-кард» (АҚШ аумағында шексіз уақыт немесе тұрақты тұрғысы келетін кез келген адамға арналған иммигранттық виза түрі) алуға мүмкіндері бар. Демек, суррогаттық тек құрсақ аналар үшін емес, тапсырыс берген тарап үшін де бір жағы бизнес құралы. Осы жағын ойлаған АҚШ-тың кейбір белсенділері наразылық танытуда. Бірте-бірте қытайлықтар қаптап кете ме деп қауіптенсе керек.
Қысқасы, суррогаттық - тек балалы болудың ғана емес, пайда табудың көзіне айналып бара жатқан сияқты. Сондықтан да, суррогат ана индустриясын жандандыра бергенше, табиғи жолмен нәрестелі болудың амалдарын қарастырған жөн шығар.
Бедеулік пен белсіздіктің негізгі себебі - денсаулықты жастайынан күтпегеннің салдары. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді де ұмытпайық.
Қазаққа үндістер бала туып беріп жатса таңқалмаңыз...
Последние статьи автора