Қазаққа не болды?
Бірде автобуста келе жатқанмын. Келесі бір аялдамадан автобусқа егде тартқан орыс әжей мінді. Үлкен кісіні көрген соң, тұрып орын бердім. Әжей ризашылығын білдіріп, рақметін айтып, әңгімесін жалғады: «Бұрын автобуста қарттарға орын бермейтін қазақ жастарын, қоқыс кезген қазақ азаматын, ата-анасын қарттар үйіне тапсырған қазақ баласын көрмеуші едік. «Неткен иманды халық» деп, қайран қалып, сүйсіне де, қызғана да қарайтынмын. Бүгінгі күні бәрі өзгерді. Қазір «сол халыққа не болды» деп ойлаймын» деді кейуана. Мен ойға қалдым. Иә, мына қазаққа не болған?
Иә, шынымен-ақ, осы қазаққа не болды?!
Бір кезде естігенде шошитын жағдайларға, бүгінде көрсек те көрмеген, білсек те білмегендей болып, қалыпты жағдайдай қарайтын болдық. Оң жағында отырып бала тапқан қызға «ой, көптің бірі ғой» деп, ата-анасын қарттар үйіне тапсырғандарды «кім тапсырмай жатыр» деп, «тіпті қарттар үйінде бар жағдай жасалған» деп ақтап алуға бармыз. Қоқыс аралап күн кешкен, тепсе темір үзетін, үй-күйі жоқ азаматты көргенде «бар пәле өзінен» деп, өзімізді оңай ақтап аламыз. Сонда бұл жағдайға қоғам, орта, туған-туыс қол қусырып қарап отыруы керек пе? Олардың кінәсі жоқ па?
Мұның әр қайсысы өз алдына бір-бір мәселе. Біз мұның бәріне де оралатын боламыз. Ал бүгінгі айтпағымыз – қарттар үйінде терезеге телмірген қарттар жайы болмақ.
Бүгінгі таңда әр облыс орталықтары мен үлкен қалаларда қарттар үйі бар. Ал оның әрбірінде баланың базарынан, немеренің бал-бұл жанған ажарынан, «ата, әже» деген бал тілінен мақұрым болған қазақ қарттарының күн кешіп жатқаны ешкімге де құпия емес. Тіпті оған таңғалмайтын күйге жеттік. Әрине, қарттар үйінде шама-шарқынша жағдай жасалған. Таза төсек- орын, мезгілімен тамақ, дәрігерлік бақылау. Тек «өз үйің, өлең төсегің...» өз шаңырағың емес. Ал қазақ үшін қара шаңырақтың орнын ештеңе де алмастыра алмасы – әрбір Алаш баласына аян.
Осы ретте біз «туа бітті қанында жоқ жағымсыз қасиет қазақтың бойында қайдан пайда болды?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Баз біреулер бұған өткен ғасырдағы Кеңес өкіметінің орыстандыру саясаты кінәлі десе, енді біреулер жаһандану салдарынан дейді. Расында да, бұл екеуінің де өзіндік үлесі бар екендігіне дау жоқ. Оған қоса, ұлттық тәрбиені жоғалтып алған өзіміздің де кінәміз бар. Өйткені соңғы жарты ғасырда дастарқан басында өсиет айтатын қариялардың қарасы азайып, сақал-мұртын күзеген шалдар тобыры пайда болды. Олар дастарқан басында өсиет айтпақ былай тұрсын, жастармен бірге арақ ішіп, теріс үлгі-өнеге көрсетті. Ұлттық тәрбиені ұмытты. Ал ұлттық болмысынан айырылған адам өзге ағымның жемтігіне айналып, жетегінде кете барады. Өйткені ондай адамда тектілік, ұстаным болмайды. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрімізді, тектілігімізді, рухымызды, ұстанымымызды жоғалтпауымыз керек. Олай болмаған жағдайда, жаһанданудың жұтқыншағынан бір-ақ шығарымыз анық. Ал оның салдары – жетім бала, жесір әйел, қайырымсыз ұрпақ, қараусыз қария.
Бұл – біздің ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетіне жолдаған сауалымызға орай берілген мағлұмат. Алайда онда тұрып жатқан қандас қарттарымыз жайлы сауалымызға «Ұлт өкілдері бойынша қандай да бір ақпарат беруге мүмкіндік жоқ» деген жауап алдық. Десек те, кейбір бейресми деректерге сүйенсек, ондағы қазақ қарттарының саны 15-17 пайыз көрінеді. Әңгіме қанша пайыз екендігінде емес. Әңгіме тіпті бір пайыздың өзі қазақтың намысын құм қылуында. «....Жаным арымның садағасы» дейтін қазақтың азайып бара жатқанында. Ұлттық тәрбиенің тоқырауында.
Жалғызбасты қарт, Төлеухан ата:
– Менің жасым 79-да. Кезінде партияның солдаты болдық. Атеистік тәрбие алдық. Ал әкем марқұм діндар кісі болатын. Осы тұста екеуміздің көзқарасымыз екіге бөлінді. Мен әкемнің жалғыз ұлы едім. Алдымда ата-ана мен партиялық қызметтің бірін таңдау тұрды. Әкемнің діни көзқарасына қарсы болып, ата-анамды жалғыз тастап, қызмет қуып, басқа қалаға кеттім. Кейде хат-хабар бергенім болмаса, елге бармадым. Тіпті әкем қайтыс болғанда топырақ та сала алмадым. Соңынан бардым. Қателігімді сонда түсіндім, бірақ кеш еді. Өзімнің екі қыз, бір ұлым бар. Бірақ жалғызбын. Аллаға шүкір, соңғы уақытта бір немерем жиі хабар алып тұрады.
Кейде «Алла әкеме жасағанымды алдыма әкелді ме екен» деп ойлаймын. Өкінішке қарай, пенде қателігін кеш түсінеді екен. Жалғыздық тек Аллаға жарасады. Алла жалғыздықтан сақтасын.
Қарттар үйіндегі күтушінің сөзіне қарағанда, қарттар зейнетақы алғанда бала-шағалары көп келеді екен. Ата-ана жүрегін қойсаңызшы! Өздерін үйінен бездіріп, қарттар үйіне тапсырған ұл-қызына зейнетақысының соңғы соқыр тиынына дейін санап беріп, содан бақыт құшатынын қайтесің. Тек ата-ананың мейірім толы жүрегін ұрпағы ұқса игі.