82-ге қараған шағында дүниеден озған қазақ сахнасының саңлағы, Қазақстанның халық әртісі Қасым Жәкібаевты қазақ жұрты кеше мәңгілік сапарға шығарып салды.
Балалық шағы Ұлы Отан соғысының зұлматты жылдарымен тұспа-тұс келген ғазиз жанның өзі айтпақшы, ұнтақ жеп өскен ұрпақтың өкілі саналатын Қасым Әбекұлының бүкіл өмірі тынымсыз еңбекпен, терең ізденіспен өтті. Театр-көркемсурет училищесін 18 жасында бітірген жасөспірім одан кейінгі уақытта 50 жыл жастар театрында, он жылдан астам «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етіп, өмірінің ең қымбат кезеңін қазақ өнеріне арнады. Театрда алғашқы ойыны А.Толстойдың «Алтын кілт» ертегісіндегі Базилио мысықтан басталған сахна жампозының шеберлігі өнерсүйер қауымның көз алдында өсті. Ол сомдаған бейнелер: «Алтын сақада» – Сарман, «Есірткен еркеде» – Марат, «Ыбырай Алтынсаринде» – Жақай, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Полонии, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» – Вурле, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» – Қайрақбай, Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан-Есенейінде» – Тоқай, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында» – Шыңғысхан, Б.Жәкиевтің «Әке тағдырында» – Жеңісбек, Ә.Тәжібаевтың «Жомарттың кілемінде» – Сайтан, Островскийдің «Жылы орнында» – Юсиф, Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ ертең дайын» туындысында Ережеп болып жалғасып кете береді. Өнердегі өзіндік мәнерімен, бітім-болмысымен көрермен көңілінен биік орын алған Қасым Жәкібаев театрда бас-аяғы 200-ге жуық рөлде ойнаған екен.
Сонымен қатар Қасым Жәкібаев – кино саласына да елеулі үлес қосқан танымал актер. Мысалы, оның «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Сұрапыл Сұржекей», «Шоқ пен шер», «Отырар», «Махаббат бекеті», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдеріндегі рөлдері кино өнерінің жарқын беттері ретінде тарихта қалары анық. Мұның себебі – Қасым Жәкібаев өзі кейіптеген әрбір бейнені психологиялық, эмоциялық жағынан мейлінше шыңдап, көрерменге нанымды күйде ұсына білетін. Көбінесе күлдіргі рөлдерге ойнағандығына қарап, жұртшылық оны комик актер ретінде бағалайтын. Алайда Қасым Әбекұлы – кейіпкерінің трагедиялық жағдайын да жеріне жеткізе шынайы суреттей алған қас шебер. Бұған «Жансебіл» фильміндегі Мұқатай бейнесі дәлел.
Бүкіл өмірін өнерге арнаған майталман актердің әрбір рөлі өзінше сыр, өзінше мектеп болатын. Қасым Жәкібаевтың бір ойыны екіншісіне ұқсамайтын даралығымен, сонылығымен ерекшеленетін. Жаны баладай таза жайсаң қария ешкімді жатырқамайтын, бөле-жармайтын. Театрдағы бүкіл әріптестерін қарапайым қалпымен, ашық-жарқын мінезімен тәнті ететін. Өзі үшін емес, өзгелер үшін бәйек болып, көптің қамын жеп, театр ұжымының ортақ мүддесі үшін жаны күйетін.
Жастар театрының Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков, Шапай Зұлқашев, Сейітхан Есенқұлов тәрізді аға буын әріптестерімен жақын дос болған, тізе қосып еңбек еткен қас талант енді өзі де сол саңлақтар аттанған бақиға сапар шекті. Бірақ ол жаққан өнер сәулесі сөнбейді. Қазақ театры мен киносының қайыспас қара нарындай қайрат танытып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы табанды еңбек еткен қазыналы қарияның жарқын бейнесі, үлгі-өнегесі ұрпақ санасынан өшпейді.
Қазақ сахнасының қайыспас қара нары еді...
Последние статьи автора