Қазақ қазір қандай шай ішіп жүр?
Қымыз, шұбат, айран, сүт секілді дәстүрлі сусындардың қатарына мықтап енген шайдың өмірімізде алар өз орны бар. Олай болса қазақтың «моторына» айналған сусын жайлы «Алаш айнасы» сыр тарқатып көрсін. Әңгімемізді өткен ғасырға шегіністен бастасақ.
Сексенінші жылдардың орта тұсы. Жариялылық дегеннің желі есіп тұрған шақ. Баламыз, оның не екенін түсінбейміз. Бірақ, бір түсінгеніміз елге тапшылық кіре бастады. Басқасын қайдам, әйтеуір біздің ауылдың шағын дүкенінде қашан барсаң да күрек, балға, балта секілді құралдар үйіліп жататын. Бұларға аса бір сұраныс та жоқ. Сөреде қаз-қатар тізілген кір сабын мен «Беломорканал» папиросы - бұл да біздің дүкеннің басты «атрибуты» болатын.
Осындай тапшылық кезде шешем бір күні үйге үнді шайын әкелді. Сап-сары қорабында үп-үлкен пілдің суреті бар. «Жарықтық-ай, мұның дәмі керемет, аңқам кеуіп тұр еді, демдеп жіберіңдерші» деп табан астында қарындастарыма тапсырма беріп тастады. Мен көшенің қарсы бетінде тұратын шешемнің «подружкасын» шайға шақырып келуге зымырадым. Әлгі шайды екеуі терлеп-тепшіп ішіп отыр. «Өзі дефицит екен. Дүкенші апайды әрең дегенде көндірдім. Келісі 25 сом, онда да сөренің астынан тығып берді» деп шешем мақтанып қояды. «Иә, удай ащы грузин мен «36» шайдан шаршадық. Қанша сүт қатсаң да түсі кірмейді-ау, түсі кірмейді» деп құрбысы қостайды. Қара суды қотара салып, қара кешке дейін үй көрмейтін ойын баласына бәрі қызық емес пе. «Дефицит» шайдың кереметін көрейінші деп ішіп жібердім. Маған салса кәдімгі күнде ішіп жүрген шайдан еш айырмасы жоқ секілді. Сол кезде шешемнің сөзіне таң қалғанмын да қойғанмын.
Таң қалудың көкесін бертін келе көрдік қой. Бүгінгінің жалт-жұлт еткен қораптағы шайы еріксіз қызықтырады. Атауы да адамды тартып тұрады. «Жаңа шай шықты» дегенді ести сала дүкенге жүгіресің. Алып кеп ішсең дәмінен еш айырмашылық таппайсың. Осылайша «клондалған» сусындар баяғыша айтқанда «бастың құрыс-тырысын жазатын» емес, керісінше құрыстыратын боп шыға келеді. «Ең сорақысы, біздегі шайдың 95 пайызы әбден қурап, өлі шөпке айналған кәрі жапырақтан жасалады. Тіпті жапырақтан қалған тозаңды да шайға айналдыратындар бар. Оларды шай қалташаларға тығып сатады» дейді мамандар. Мұндай сусынның пайдасынан зияны көп екені әлдеқашан дәлелденген.
Алмас ХАСЕНОВ, Азық-түлік өнімдері технологы:
-Дүкен сөрелеріндегі шайлардың қорабында негізінен «жоғары сұрыпты» деп жазылған. Алайда іс жүзінде өндірушілер бірінші, тіпті екінші сұрыпты шайды да қорапқа салып жіберуі ғажап емес. Екі жылдан артық сөреде жатып, сақтау мерзімі өткен шайдың құрамында зиянды заттар пайда болады. Алдымен адамды сергітетін кофеин мен теин азаяды, эфир майлары кеміп, асқазанға аса қауіпті афлатоксин ферменті түзіледі. Қоюлансын деп шайды ұзақ қайнату да қате. Себебі, ұзақ қайнаған шай түсі мен дәмінен, хош иісінен айырылып, ағзаға қажетті аминқышқылдарын, С және Р дәрумендерін жоғалтады. Ал шайдың сапасын айырғыңыз келсе қайнағаннан кейін кесеге құйып қараңыз. Кесенің шай толы ернеуіне жасыл жолақ жұқса шайыңыз сапасыз. Дұрыс шайдан сары түсті жолақ қалады.
Сапалысын сапасызынан қалай ажыратамыз?
Сонда сапалы шайды сапасызынан қалай ажыратамыз? «Ең алдымен бағасына және қорабына зер салыңыз» дейді мамандар. Сапасыз шай әдетте арзан. Мұқият қараған адам түпнұсқамен салыстырғанда қорабындағы ұсақ жазулар мен өзге де детальдардың жетіспейтіндігін аңғарады. Шай міндетті түрде ауа кірмейтіндей тәсілмен фольга орамаға салынуы тиіс. Және қорабында өндірушінің заңды мекенжайы, телефоны, шайдың құрамы, жасалған уақыты мен сақтау мерзімі көрсетіледі. Шайдың құрамына енетін қоспалар мен ароматизаторларды жіктеп-жіліктеп жазу өзін өзі сыйлайтын өндіруші үшін еш қиындық тудырмайды. Сатып алған кезде шайдың шығарылған мерзіміне мән беру керек. Егер жылдан асып кетсе мұндай өнімнен мейіріңіз қануы неғайбыл.
Тұрдығұл ӘБІЛХАЛЫҚҰЛЫ, сарапшы:
-Жалпы дүние жүзінде шай өндіретін елдер соншалықты көп емес, саусақпен санап шығуға болады. Олар: Қытай, Үндістан, Индонезия, Шри-Ланка, Жапония, Грузия, Әзірбайжан. Өзге елдерден келгені кері экспорт немесе жасанды өнім. Олай болса шай жапырағы өспейтін елдерден шай сатып алудың қажеті жоқ. Қазақстандықтар соншалықты құмартатын үнді шайы өзіміздің отандық фабрикаларда қапталады. Кейде шағын цехтарда өндірілуі мүмкін. Бұлардың дәмі де, түсі де, тіпті иісі де көңіліңізден шықпауы сондықтан. Шай сұрыптарының ішіндегі ең жақсысы – ірі жапырақтысы. Ірі жапырақты шайды арнайы құралмен бүктеп салғандықтан пайдалы қасиеттерін барынша мол сақтайды. Ал ұнтақталған шайда пайдалы заттардың мөлшері өте аз болады.
Негізі, нағыз түпнұсқа шай өндірушілер өз абыройларын төгіп алудан қорқады. Мәселен, қытай шайын экспортқа тек қана Қытай ұлттық импорттық-экспорттық компаниясы шығарады екен. Оның қорабында көзіміз үйренген "Made in China" деген жазу мүлде болмайды.
Үнді шайында "Made in India" жазуы кездесуі мүмкін. Дегенмен бұл елдегі Davenport, A. Toch, C.T.C. фирмалары өндірген шайдың сапасына мүлде күмән келтіре алмайсыз. Үнді экспортының 70 пайызын осы үш компания беріп отыр. Тағы бір қызығы сапалы шай шығаратын үнді фирмаларының сауда белгілерінде қошқардың басы немесе циркуль бейнеленеді. Яғни, қошқардың басы мықтылықты, ал циркуль дәлдікті сипаттайды.
Әйгілі цейлон шайының қорабында міндетті түрде арыстанның суреті болады (арыстан бұл мемлекеттің туында бейнеленген) және "Made in Shri Lanka" деген жаттанды сөзден қашқан "Аннабель" (Annabel) және "Дилма" (Dilmah) фирмалары «Шри-Ланкада оралған шай» деп жазып қоюды ұмытпайды.