Қазақ баласы программист болмауы керек пе?
Кеңес үкіметі тұсында қазақ балаларының кәсіптік-техникалық училищеге оқуға баруына өздерінің де, олардың ата-аналарының да құлқы болмайтын. Өйткені ол кезде «кәсіптік училищеге (ГПТУ, СПТУ) мектепте сабақ үлгерімі, тәртібі нашар балалар барады» деген ұғым болды. Сондықтан бұл оқу орнында қазақ балаларының саны аз болатын. Сол үрдіс еліміз егемендік алған алғашқы жылдары да жалғасып келді. Алайда соңғы уақытта кәсіптік-техникалық білімге деген бетбұрыс байқалып келеді. Дегенмен...
Соңғы жылдары нәсіп үшін кәсіп керек екенін ұққан қазақ балалары кәсіптік білімге бет бұра бастаған сыңайлы. Оны олардың ата-аналары да ұққандай. Бірақ бұл салада да қазақ балалары үшін туындап отырған мәселе баршылық. Олай дейтініміз, қазақтар шоғырланған ауылды жерлерде кәсіптік училищелер жабылып қалған. Ал қалада кәсіптік білім беретін лицейлердің саны шектеулі. Оған қоса ауыл балалары қаладағы кәсіптік лицейде оқуы үшін оларға жатақхана керек.
Алайда лицейлер жатақханамен қамтылмаған. Оның үстіне сол оқу орындарында қазақ топтарының үлесі аз.
Күлайым ТЕМІРҚЫЗЫ, Алматы қалалық Білім басқармасы кәсіптік білім саласының маманы:
– Қалада 11 кәсіптік лицей бар. Олардың екеуі жатақханамен қамтылған. Бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты біреуі жұмыс істемей тұр. Оқушылардың жалпы саны – 7291. Ал қазақ балаларының саны – 2558, – дейді.
Тіпті қазақ мектебін бітірген балаларды қазіргі заман талабына сай (компьютерлік) программист мамандығына қабылдамайды екен. Өйткені бұл салада қазақ тіліндегі оқулықтар мен қазақтілді мамандар жоқ көрінеді. Мұның салдарын күнделікті тұрмыста кездестіруге болады. Мысалы, кез келген компьютер, DVD, теледидар, тоңазытқыш, кіржуғыш машина жөндейтін шеберханаға бас сұқсаңыз, қазақ баласын кездестіру қиын. Мемлекет те кәсіптік білімнің маңыздылығын ескеріп, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Техникалық және кәсіптік білім департаменті құрылып, меморандумдарға (келісімдерге) қол қойылып, 2007 жылы әлеуметтік серіктестік шеңберінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жалпы сомасы 9 млн 717 мың доллар көлемінде инвестиция тартылғанын айта кеткеніміз жөн. Оған қоса мемлекет қоржынынан да қомақты қаржы бөлінеді. Осыған қарамастан, кейбір аймақтарда кәсіптік лицейлердің техникалық жабдықталуы нашар, қаржы тапшы көрінеді. ОҚО №2 кәсіптік лицейдің директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Сатқанбаевтың «бүгінгі таңда техникалық жабдықтар ескірген, оларды жаңалау қажет әрі елімізде бір оқушыға жылына 11 мың доллар бөлінсе, біздің облыста бұл көрсеткіш – мың доллар» деп мәлімдеме жасауы – осының дәлелі.
Тағы бір маңызды мәселе – оқу бітірушілердің жұмысқа орналасуы. Тіпті мұны білім министрі Ж.Түймебаев мырза да мойындап отыр. Оның айтуынша, жыл сайын осы оқу орындарын бітіретін түлектердің 20 пайызы жұмыспен қамтылмай қалады. «Кәсіпорындарға жас мамандарды жұмысқа алуды заң арқылы міндеттеу керек. Ол үшін Еңбек кодексі мен бірнеше заңға арнайы бап қосқан жөн», – дейді білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев. Мұндай мәселенің туындауы – оқу орындары мен кәсіпорындардың тығыз байланыста болмағандығының салдары. Өйткені маман дайындауда жұмыс нарығындағы сұраныс ескерілмегендіктен, сұраныс пен ұсыныс сәйкеспей жатады. Екінші жағынан, оқытушылардың айлық жалақысы да мардымсыз болғандықтан, білікті маман бұл салаға бара қоймайды. Осыдан келіп кәсіптік лицейді бітірген оқушының кәсіби деңгейі төмен болып жатады. Ал бүгінгі жұмыс беруші маманның кәсіби біліктілігіне баса назар аударады.
Совет-Хан ҒАББАСОВ, медицина және педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Кез келген жүйені қолданысқа енгізгенде алдымен оның құрылымын анықтап алу қажет. Бізде керісінше. Алдымен жүйені енгіземіз, содан соң құрылымын іздейміз. Осыдан келіп қолданысқа енген жүйенің кемшілігі бірінен соң бірі шығып жатады. Үлкен жаңалық ашудың керегі жоқ. Кәсіптік білім беруді мектеп бағдарламасына енгізу қажет. Бұл бір кезде қолданыста болып, оң нәтиже берген. Бұл мектеп бағдарламасына енгізілсе, ауылдағы қазақ балалары мектеп бітіргенде бір мамандық алып шығады.
Саят МЕДЕУОВ, белгілі әнші:
– Мен Алматы қаласындағы №14 кәсіптік лицейді бітіргенмін. Маған оның пайдасы көп болды. Жоғары оқу орнын бітіру міндет емес. Қазақ балалары осыны ескергендері дұрыс. Өйткені қазақтың балалары ЖОО-ларды бітіріп, жұмыс таппай, құрылысшы немесе жүргізуші болып жүр. Бірақ ол құрылыс жұмысын да жөнді білмейді. Кәсіптік лицейді бітірсеңіз, мамандығыңыз қолыңызда. Жұмыссыз қалмайсыз. Университетті кейін де оқып алуға болады.
Қорыта келгенде айтпағымыз, қазақ балалары бүгінгі күннің талабы тек жоғары оқу орнының дипломы ғана емес, нағыз кәсіби маман, өз ісінің шебері болу екендігін ескерсе екен. Аталарымыздың «алдымен адам бол, содан соң маман бол» деген сөзін жадымызда ұстайық!