«Қашанғы жүресің – байып кет»: Блогерлер мен вайнерлер адамдарды қалай алдайды
Жазда Қазақстан парламенті қаржы пирамидасын жарнамалайтын блогерлер мен вайнерлер толық жауапкершілік арқалайтындай заң жобасын қабылдады. Бұл заңның қабылдануына ел ішін шулатқан атақты Mudarabah Capital қаржы пирамидасының әуресі себеп болған. Оны жарнамалауға елге белгілі вайнерлердің атсалысқаны бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жоғарыда аталған іске қатысты белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауда отыр. Вайнерлердің тағы бірі Әзімжан Саидбаевқа халықаралық іздеу жарияланған. Бұған дейін жарияланған ақпаратқа сәйкес, аталған қаржы пирамидасынан келген шығын 5 млрд теңгені құраған. Ақшасынан айырылғандардың бірі тіпті ІІМ алдында өзін-өзі өртеп жіберген еді. Вайнерлердің алғашқы сот отырысы 21 желтоқсанда өтеді.
Шын мәнінде, қаржы пирамидасына шақырып жүрген блогерлердің тоқсаныншы жылдары ұмытылған «батырлардан» еш ерекшелігі жоқ. Ол кезде де пирамидаға шақырғандардың артына адамдар миллиондап ерген. Әлеуметтік желі емес, ол тұста адам тартатын алаң – теледидар еді. Пирамидаға шақырушылар әдетте «өмірі бал» екенін көрсеткісі келеді. Қымбат көлігі мен киімін паш етеді. Онысы болмаса да түр танытуға шебер. Блогерлердің тілінде бұл «прогрев» деп аталады.
«Дубай блогерлер мен вайнерлер ағылатын қалалардың бірі. Бірақ ол жерде тек демалып жатпайды. Мәселен, аздаған дирхам жұмсай отырып (1 дирхам – 127,32 теңге), олар фотосессия үшін спорткарды жалдауы мүмкін. Ақшасын көбірек жұмсай отырып, яхтада фотосессия жасайтындар да бар», - дейді сондағы жергілікті экскурсияшы Александр.
Белсенді әрі қызығушылық танытатын аудиториясы бар блогерлер, вайнерлер және басқа танымал «кейіпкерлерді» көбінесе «пікір көшбасшылары» немесе ЛОМ деп атайды. Алайда олардың белгілі бір бөлігі үшін дәлірек анықтама бар. Оларды – инфосығандар деп те атайтындар бар. Мотивация, психология, бизнес және басқа салалар бойынша өзінің немесе басқалардың тренингтерін агрессивті түрде насихаттайтындар осылай аталады. Сонымен қатар, мұндай курстарды ұйымдастырушылардың шынайы мақсаты – сізге бірдеңе үйрету емес, тек сіздің көмегіңізбен ақша табу ғана.
Бүгін де көрші Ресейде инфосығандар дүркіреп тұр. Психолог Наталья Кисельникованың айтуынша, олар адамдарға не қажет екенін өте жақсы біледі.
«Адамдар, әдетте, мәселені өз бетінше шешу үшін күш-қуатын үнемдегісі келеді. Олар ақыл мен кеңесті, күшті біреудің не істеу керектігін айтуын, дайын кеңес беруін қалайды. Көп марафон мен тренингтер барлығын дәл қазір және дәл осында аламын деген уәдеге негізделген», - дейді маман.
Қаржы пирамидасы жағдайында инфосығандар адамдардың тезірек байып кетуге қатысты талап-тілегімен ойнайды. Адамдардың сауатсыздығын пайдаланады. Мысалы, бір жыл бұрын Ресейде жарнамасы жер жарған Finiko пирамидасы құлап түсті. Ол айына 30% дейін кірістілікке уәде берген. Пирамиданы ұйымдастырушыларға қатысты іс Қазақстанда да ашылды.
Жаңашылдыққа сәйкес, Қазақстанда қаржы пирамидаларын жарнамалағандарға айыппұл (2000 АЕК-ке дейін), қоғамдық жұмыстарға тарту, шектеу, тіпті мүлкін тәркілеу арқылы әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылады. Заң жобасы бастамашыларының бірі, Мәжіліс депутаты Юрий Ли БАҚ өкілдерінің күмәнді қаржылық компанияларды жарнамалауға қатысуын қылмыс қана емес, ұят деп атайды. Дегенмен, жеке блогерлер мен вайнерлердің әрекетіне қарағанда, олардың бұл мәселе бойынша пікірі басқа секілді.