Қаржы пирамидасын жарнамалаған танымал блогерлер қылмыстық жауапқа тартылады
Сот шешімі бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты бұлтартпау шарасы қабылданған.
Бұл туралы ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Әділов Санжар мәлімдеді. Қаржы пирамидасын жарнамалаған блогерлерге қатысты қылмыстық іс аяқтауға жақын қалды. Сот шешімі бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты бұлтартпау шарасы қабылданған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Әділов Санжар мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Үш блогерді де қылмыстық жауапқа тартып жатырмыз. Сот шешімі, прокурор келісімі бойынша екі блогерге қатысты бұлтартпау шарасы алынды. Үшіншісі шетелге қашып кеткендіктен, сот санкциясымен халықаралық іздеу жарияланды», - деді Әділов.
Ал вайнерлерді қамауға алу жәбірленушілердің арыз-талаптарына байланысты болмақ.
«Қылмыстық процеске қатысушылардан оларды қамауға алу туралы арыз-талаптар түскен жоқ. Егер ондай талаптар түссе, оны міндетті түрде прокуратура мен сот органдары қарайды. Вайнерлерді қылмыстық істен босату туралы ой жоқ, оларға қатысты барлық дәлелдер жиналды. Қылмыстық іс аяқталуға жақындап қалды», - деді Тергеу департаментінің бастығы.
Сондай-ақ 11 сәуірде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ғимаратының жанындағы наразылық акциясы кезінде әйел адамның өзін-өзі өртеп жібергені, ал оқиғадан бір күн бұрын оның Instagram парақшасында Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановты айыптаған жазбасы жарияланған болатын.
Тергеу департаментінің басшысы аталған іске қатысты Алматы қаласы полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 105-бабы «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қызметтік тексеру барысында Әбдірахмановтың да, басқа да полиция қызметкерлерінің де жұмысына құқықтық баға береміз», - деді Санжар Әділов.