Қарттарым, аман-сау жүрші...
Кеше әлем бойынша Халықаралық қарттар күні аталып өтіп, жастығы мен өмірін Отаны мен ұрпақ тәрбиесі жолында сарп еткен қарияларға құрмет көрсетілді. Ақ жаулықты аналарға ілтипат етілді. Тек бәріне емес! Бақытты қарттарға ғана. Қатал тағдыр олардың барлығына бұл күнді шаттықпен қарсы алуға жазбапты. Бірі айтулы күнді баласын, «жалғызын» күтумен өткен Қарттар үйінде қарсы алса, енді біреулері бозала таңнан алақанын жайып қайыр тілеумен өткізгені даусыз...
Қарттықтың жауы – жалғыздық. Оларға ең бастысы, жүрек жылуы мен бауыр еті – баласының ыстық махаббаты қажет. Бейнетінің зейнетін көргені маңызды. Айтулы күнді еліміз де әртүрлі мерекелік шаралармен атап өтті. Еліміздің әр түкпіріндегі қарт адамдарға барынша қамқорлық жасалады. Бір жерде жалғыз тұратын адамдардың үйіне оқушылар, студенттер келіп көмек қолын созса, кейбір мемлекеттік мекемелер арнайы жәрдемақылармен қамтамасыз етіп, тегін түскі ас берілді. Қысқасы, Халықаралық қарттар күнінде қолдан келгенше көмек жасалды.
Енді осы атаулы күннің пайда болу тарихына үңіліп көрелік: мерекенің тарихы сонау ХХ ғасырдан бастау алады. Ең алғаш Қарттар күні Еуропада тойлана бастады. Кейін бұл дәстүр Америка халқына ауысып, 80-жылдардың аяғына таман барлық әлем халқы атап өтетін мерекенің біріне айналып сала берді. 1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп бекітті.
Бұл күннің негізгі мақсаты аз қамтамасыз етілетін қарт адамдарға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсетуге назар аудару мәселелері болып табылатыны сөзсіз. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайын Қарттар күнін атап өту жөнінде шешім қабылдау барысында бекітілген қаулысында тайға таңба басқандай жазылған.
Біздің елде де қарт адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайына және жасына байланысты берілетін жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар және басқа да көмек беруді қамтитын әлеуметтік қамсыздандырудың аралас жүйесі қалыптасқан. Дегенмен жалынды жастығы мен денсаулығын Отаны мен ұрпақ тәрбиесі жолында құрбан еткен қарттарымызға берілетін жәрдемақының көлемі олардың бейнетінің зейнетін ақтауға жетпей жатады.
Ресми деректер бойынша, елімізде бар-жоғы 1 633 200 зейнеткер бар. Олардың 16 мыңнан астамы мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 240 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері, қалған 100 мыңнан астамы көпбалалы аналарды құрайды екен.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда адам өмірінің орташа жасы – 66 жас. Бұл Батыс елдерімен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Қазір пәленше жерде 100-ге келген қариялар бар екен деген дерек біз үшін таңғаларлық жаңалыққа айналып барады. Жасы 100-ге жеткендердің саны бар болғаны 25 адам ғана.
Әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген адамдар
Жалпы, адамзат тарихында ең көп өмір сүрген адам қытайлық Ли Цинъюнь деп есептеледі. Ол 256 жыл өмір сүрген. (1677—1933)
Ширали Муслимов деген адам 168 жыл өмір сүрген.
Одан кейінгі орында француз әйелі Жанна-Луиза Кальманды айтуға болады. Ол 1997 жылы 122 жасында қайтыс болған.
Насир Аль-Нажри Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрады. Биыл ол 136 жасқа толады.
Одан кейінгі орында 125 жыл өмір сүрген тайваньдық әйел Ху Йе-Мейді айтуға болады.
Ұзақ жасау жөнінен Ресей де қалыс қалмай келеді. Онда Сархат Ибрагимовна деген әйел 131 жыл өмір сүрген.
Биылғы санақ кезінде еліміздегі ең ұзақ өмір сүрген адам тіркелді. Қарағандылық Сахан Досова деген әже 2009 жылы 9 мамыр күні 130 жасында қайтыс болды.