Биылғы жылдың басында барлық қазақстандық ақпарат құралдары ел ғалымдарының адам жасын ұзартатын керемет саңырауқұлақ тапқаны жайында жарыса хабарлады. Әріптестеріміздің айтуынша, Қазақстанда адам ағзасын сергітетін емдік өсімдік табылып, оны зертханалық жағдайда өсіру жолға қойылыпты.
Мұның тамаша жаңалық әрі үлкен жетістік екені түсінікті. Алайда, «Бақсам, бақа екен» демекші, ғалымдардың айтып отырған кордицепс саңырауқұлағы біздің Шығыс Қазақстанда, Алтайда өсетін кәдімгі құртшөп болып шықты. Құнды құртты көріп қайтуға «Алаш айнасының» тілшісі де барып қайтқан болатын.
Қазақстан Республикасы минералды ресурстар академиясының академигі, ұлттық шынайы ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Өскемендегі «Алтай геология-экология институты» ЖШС-інің директоры Ержан Сапарғалиевтың пікірінше, кордицепс саңырауқұлағы, оның емдік қасиеттері біздің ата-бабаларымызға ежелден белгілі болған, оның халық арасында қалыптасқан атауы – құртшөп. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктің тамырында өмір сүретін құрт биік таудың қалың бұталы жерлерінде, Алтайда кеңінен тараған. Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында кездеседі.
Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы аумалы-төкпелі заманда Қытай асып кеткен қазақтар осы шөптің құпиясын өздерімен ала кеткен еді. Ал сол ғасырдың 80-жылдары Қытайда емдік шөптер туралы анықтама кітап басылып шығады. Араб тілінде жарық көрген басылымда осы құртшөптің емдік қасиеттері толық жазылған екен.
– Осыдан он бес жылдай бұрын Алматыдан Өскеменге пойызбен келе жатқанда бір оралман азаматпен сапарлас болдым. Сол жігіт маған әлгі кітапты сыйлап тұрып: «осы құртшөп сіздер жақта да өседі» деген-ді. Арада біраз уақыт өткенде араб тілін білетін таныстарыма сол кітапты қазақшалатып алған едім, – деген академик бізге ғажайып саңырауқұлақтың сипаттамалық аудармасын ұсынды.
«Құрт шөп. Дәрілік бөлігі мен оны жинау: құртшөптің ішіндегі бактерия жіпшелері бар қураған құрты – дәрі. Оны маусым-шілде айларында қазып алып, тазалап, кептіріп, сақтайды. Құртшөп – аралас өсімдік туыстас, саңырауқұлақты өсімдік. Ботаникалық ерекшелігі – құртшөп көбелек тектесіндегі бір түрлі жәндіктің (насекомое) жас құрттың ішіне түсіп, өсіп-өнуі. Оның (жәндіктің) бактерия жіпшелері топырақ арасындағы жас құрттың ішіне кіріп, оның денесіндегі құрылыс заттарын сіміреді, құртты өлтіреді. Оның бактерия жіпшелері өлген құрттан жазда өніп шығып, қандауыр секілді жалғыз жапырақ шығарады. Қыста құрт денесінде жатады. Өлген құрт сарғыш-қоңыр немесе қызғылт түсті, ал іші ақ түсті болады.
Емдік қасиеті: өкпені, бүйректі қуаттандырады, дене қуатын арттырады, қан тоқтатады, қақырықты түсіреді. Оны түрлі дене әлсіздігі, демікпе, қаназдық, белсіздік белгілері білінгенде, шауқат тоқтамағанда және бүйрек әлсіздігінде, бел, аяқ ауруларын емдегенде қолданады».
Ал «Жеке гаремдерінде бір, екі мыңға жуық тұтқын қыз-келіншек ұстаған Қытай императорлары да өз заманында саңырауқұлақтың осы түрін қолданған екен. Олар өздерінің күнделікті ас мәзірінде кордицепс саңырауқұлағы қосылған тағамдарды арнайы дайындатқан. Мұның себебі, кордицепстің айырықша қасиеті ол адамның еркектік қарым-қабілетін анағұрлым күшейтеді» деп жазады. («Айқын», 30.01.2014 ж.). Осыдан-ақ бұл екі саңырауқұлақтың бір өсімдік екенін аңғару қиын емес сияқты.
«Қызыл кітапқа» енген өсімдіктен қып-қызыл пайда көріп отырғандар көп
Шығыс Қазақстанда Қызыл кітапқа енген осы құртшөпті заңсыз жинап, қып-қызыл пайда тапқандардың көбейгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Марқакөл аймағы мен Күршім ауданында жаз айларында құрт қазып, оны Қытайға өткізген бірнеше азамат заң алдында жауапқа да тартылды. Құқық қорғау органдары мамандарының айтуына қарағанда, бұл өсімдіктің қасиеті мен оны қазу тәсілдерін жергілікті тұрғындарға Қытайдан келген қандастарымыз үйретуі мүмкін.
Керек дерек
Шетелдік ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, кордицепс саңырауқұлағының жарты келісінің Қытайдың ішкі нарығындағы құны 50 мың АҚШ долларына дейін жететін көрінеді. Ал шығысқазақстандықтар делдалдарға өз өнімдерінің әр келісін 3-4 мың АҚШ долларына өткізіп келген.
Ержан Молдашұлы осындай бизнес көзімен айналысқан бір азаматпен тілдескенін айтады. Әлгі жігіттің айтысына қарағанда, олар қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейді-мыс. Олар құртшөп қазып алған жерлеріне 2-3 жылдан соң қайта айналып келгенде, басқа өсімдіктердің өсіп тұратынын байқапты. Айтуларына қарағанда, маңайдағы қарағай, көктерек немесе қайыңның бүршіктері сол жерге түсіп, тамырланып, жайқалып өсе беретін көрінеді.
Ержан САПАРҒАЛИЕВ, Өскемендегі «Алтай геология-экология институты» ЖШС-інің директоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы:
- Шеттен келген жандар құртшөпті дұрыс қазбайды. Оны бар болғаны 10-15 см. ғана қазса жетіп жатыр, сонда құртшөптің тамырына зиян келтірмей, саңырауқұлағы ғана алынады, ал тамырында келесі жылы тағы құрт өсіп шығады. Сосын бұл шөп қазір біздің Марқакөл жақта, биіктігі 1500 метр шамалас Нарын жотасында, Сарымсақ жотасы мен Катонқарағай ауданындағы Тарбағатай жотасында, сондай-ақ, Зырян жақтағы Иванов жотасында кездеседі. Жоғарыдағы мақалалардан білгеніміздей, қазақстандық ғалымдар құртшөпті зертханада өсірмекші. Менің ойымша, бұл басқа жол, өйткені, кордицепстің қасиеті сақталуы үшін дәл сондай табиғи, қолайлы жағдай жасау керек. Бүгінгі таңда құрт пайда болу үшін қандай көбелектердің ұрық тастайтыны, олардың қандай топырақта, қалай өсіп-өнетіні және оның қасиеттері мен қандай температура қажет екені толық зерттеліп болған жоқ. Алдымен жан-жақты ғылыми талдау жұмыстарын жүргізу керек. Құртшөпті зертханада өсірген күннің өзінде оның қасиеттерінің сақталған-сақталмағанын тағы білмейміз. Жасанды жерде өскен құртшөптің қасиеті мүлде басқа болып, өзгеріп кетуі де ғажап емес. Мысалы, Қытайдың ғалымдары жень-шень шөбін әлі күнге дейін зертханалық жағдайларда өсіре алмай келеді. Бұл да сол сияқты. Негізінен табиғат өзі жағдай жасауы керек, сонда ғана ғалымдарымыз айтып жүрген, өмірімізді 150 жылға дейін ұзартатын емдік саңырауқұлақты өсіре алмақпыз.
Кордицепсті плантацияларда өсіруге бола ма?
Осы орайда академик Сапарғалиев адам ағзасына керемет пайдалы кордицепсті плантацияларда, табиғаттың өз аясында, топырақтың нәрін бере отырып өсіруді қолға алған оңды болар еді деген пікір айтады. Өсімдіктің гүлдеуінен бастап, көбелектің ұшып шығуы, оның ұрық шашуы, одан құрттың пайда болып, өсіп-өнуі, одан кейін оның бактериялы жіпшелердің көмегімен нағыз саңырауқұлаққа айналуы – осы процестердің барлығын табиғаттың өзі түзгенде ғана кезінде Шығыс ғұламасы – Конфуций де тиімді пайдаланған емдік шөпті алуға болады екен.
Ұлттық шынайы ғылымдар академиясының бірінші вице-президенті Нұралы Бектұрғановтың атынан «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ және «Алтай геологиялық-экологиялық институты» ЖШС сияқты ғылыми-зерттеу институттарына барлық мүдделі ғылыми-зерттеу институттарын жұмылдыра отырып, «Кордицепс-құртшөптің негізінде жасалатын емдік препараттарды зерттеу және жасау» бойынша бес жылға арналған ғылыми-мақсатты республикалық бағдарламаны әзірлеу жөнінде тапсырма беріліпті. Таяу уақытта «Алтай геологиялық-экологиялық институты» ЖШС-нің мамандары қарағандылық зерттеуші ғалымдармен бірлесе отырып, түбегейлі зерттеу жұмыстарын қолға алмақ көрінеді. Яғни, топырақтың құрамы, температурасы, ылғалдылығы, тығыздығы, саңырауқұлақтың өсу ортасы терең зерттелмек.
Осы жерде жалпы, шығысқазақстандық ЖШС-нің шөптен емдік дәрі-дәрмек жасауда тәжірибесі мол екенін айта кеткен жөн. Серіктестікте шығарылатын Тагансорбент препараты Қазақстаннан тысқары жерлерде, әсіресе, көрші Ресейде үлкен сұранысқа ие. Қазір өндірісті кеңейту мақсатында фармзауыт салынып жатыр.
Ержан Молдашұлы адам ғұмырын ұзартатын дәруменді Шығыстың брендіне айналдыру қажеттігін баса айтады. Сондықтан саңырауқұлақты Алтай жайлауларында, тау мен жазықтықтың қосылатын жерінде өсірген жөн деп санайды, өйткені, ол жерлердің жағдайы өсіп-өнуге өте қолайлы.
– Кордицепсті Шығыстың брендіне айналдыруымыз керек. Қазір бізге, ғылыми-зерттеу институттарына нақты тапсырма берілді. Біз енді бағдарламамызды жасап, ұсынуға тиіспіз. Бұл – өте ауқымды да қиын жұмыс. Үкіметтен бұл мақсатқа қаражат бөлінсе өндіріске кең жол ашылар еді. Солайша бұл өңірімізде қосымша жұмыс көздерін ашуға септігін тигізбек. Осылай етсек, халықтың даланы тастап, қалаға қарай ауа көшпей, сол жерге тұрақтауына жағдай туары сөзсіз, – деп сеніммен әңгімеледі академик.
Сөз соңында Ержан Молдашұлы өзі тілдескен оралман азаматтың берген рецепт-нұсқаулығымен бөлісті. Сөйтіп, 20 құртты жарты литр араққа салып, 18 күн қойып қою керек. Осы мерзімде құрттар сарғайып, тіпті, спирттің дәмі де кетіп қалатын көрінеді. Ал осы бір тәсілмен алынған сұйықтықты күніне 50 грамнан қабылдау керек.
Қартайғысы келмейтіндер құртшөп іздеп жүр
Последние статьи автора