Қарақшы компаниялар қаптаса, ақпараттық технология қалай дамысын?!
Қазақстан нарығында компьютерлік бағдарламаларды заңсыз таратып, көшіретін компаниялар қаптап кетті. Бұл өз кезегінде еліміздің ақпараттық технология нарығының жылдам дамуына кедергі келтіруде. Сондықтан аталған компаниялардың қызметін лицензиялау бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр. Бұл туралы жуырда Алматыда «Майкрософт» компаниясының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
Соңғы уақытта сервис-орталықтарға бағдарламалық қамтамасыз етуге қатысты көптеген өтініштер келіп түсуде. Өтініштердің 90 пайызы бағдарламалардың сапасыз, қауіпті екендігін айғақтайды. Бұған себеп, өзіміз айтып отырған компьютерлік бағдарламалар ұсынатын заңсыз, яғни лицензиясы жоқ компаниялардың қызмет ету көлемінің күннен-күнге артып келе жатқандығы. Қарапайым азаматтардың пікіріне құлақ ассақ, халықтың мұндай компаниялардың қызметіне жүгінуінің негізгі себебі – олар арзан бағаға қызмет көрсетеді. Ал ірі компаниялардың көмегін пайдалану үшін ең әуелі қалтаң қалың болуы керек. Дегенмен мамандар бұл пікірді жоққа шығарады. Олардың сөзіне құлақ түрсек, Қазақстанда бағдарламалар құны өзге елдермен салыстырғанда анағұрлым арзан және бізде ақпараттық технология қызметіне жүгінетіндердің саны айтарлықтай көп емес. Бағаны арзандатқанмен, бұл компаниялардың толық жұмысын ақтамауы да мүмкін. Бүгінде елде компьютер тасымалдаумен және заңды түрде бағдарламалар ұсынумен шамамен 100-ге жуық компания айналысады. «Егер біз қарақшылық әрекетпен шұғылданатын компаниялардың жұмысына шектеу қоймасақ, заңды қызмет ететін компаниялардың қатары өспейді», – дейді мамандар.
Өйткені бізде қарақшылықтың жалпы деңгейі өсіп, қазіргі күні 81 пайызды құрап отыр. Мамандар егер осы мәселені шешсек, ақпараттық технология саласында өрлеу болатынын жеткізді. Мәселен, халықаралық жетекші консалтингтік фирмалардың зерттеулеріне жүгінер болсақ, алдағы төрт жылда қарақшылықты он пайызға арзандатсақ, республикада қосымша он мың жұмыс орны ашылады, Үкіметке қосымша 22 млн салық түседі, еліміздің экономикалық өсіміне 300 млн АҚШ долларынан астам пайда келуі бек мүмкін. Жиын соңында «Майкрософт» компаниясы серіктестерімен «Бағдарламалық қамтамасыз етуді өндірушілердің авторлық құқығын сақтау туралы декларацияға» қол қойды. Декларацияда ақпараттық технология нарығының авторлық құқық бағытындағы ортақ ережесі белгіленген. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл декларация өркениетті нарықтық қатынастарды өркендетуге жағдай жасайды. Болашақта мамандар бұл декларацияға республикадағы 128 компанияны біріктіреді деп болжап отыр.
Айта кетейік, Қазақстан ақпараттық технология саласында әлі де болса, бәсекеге қабілетті емес. Шамамен 130 елдің арасында біз бұл салада 101-ші орында келе жатырмыз. Бізде IT қызметін пайдаланушылар аз. Олардың қатары бар-жоғы 15 мыңға жуықтайды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, шағын ғана Малайзияда олардың саны 360 мыңнан асып жығылады. Елдің мұнша артта қалуына қарақшылық әрекеттер тосқауыл болуда. Егер біз олардың жұмысына тоқтау салмасақ, бұл салада ешқандай табыстарға қол жеткізбейміз деген қауіп бар.