Осындай өлең шығарған қазақ нағыз ерлерді көбінде қара нарға теңеп жатады. Бұл тегін емес. Қара нардың қадірі – күшінде. Демек, бұл ер-азаматтарды мына жұрт ақыл-парасатымен қатар, қажыр-қайратына, қара күшіне де қарап бағалайды дегенді білдіреді. Ал ердің қайраты – белінде. Жасыратыны жоқ, он жерден ақылы асып тұрса да, белі кеткен еркекте бедел болмайды. Бұл – өмір шындығы.
Бүгінде халық санын қайтсек көбейтеміз деп алашапқын болып жүргенімізде отандық дәрігерлер жаңа бір проблеманың шетін шығарды. Анығы, ақхалаттылар қазақстандық еркектер арасында белсіздік індетінің белең алып бара жатқандығын айтып, дабыл қағуда. Мәселен, бүгінгі күннің өзінде елдегі ер-азаматтардың 50 пайызға жуығы белсіздікке алып келетін түрлі аурумен ауырады екен. Назарды ана мен бала денсаулығына аударып, ерлер мәселесін назардан тыс қалдырып қойған секілдіміз.
Шындығын айту керек, «әлсіз» еркектер елімізде соңғы уақытта көбейген. Еркектік намысқа ерік беріп, дер кезінде дәрігерге көрінбеу мәселені ушықтырып отыр. Демек, Қазақстан халқы санының соңғы он жылда көңілдегідей өспеуінің бір себебін осыдан іздеген жөн.
Бәтеш ОМАРОВ, Шымкент қаласындағы №1 емхананың бас дәрігері:
– Қазір Қазақстан халқының саны шамамен 17 миллионға жақын. Он жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім соншалықты көп емес. Ол кезде халық саны 15 миллиондай болған. Ал біздің елдегі бейбітшілік, молшылық жағдайларды ескерер болсақ, бүгінгі таңда халық саны әлдеқайда көп болуы тиіс еді. Ендеше, демографиялық өсім неліктен тоқырап тұр? Әрине, бұл сауалдың жалғыз жауабы бар, ол – елдегі туу көрсеткішінің төмендігі. Бұған жастардың кеш отау құруы, ажырасудың көптігі де септігін тигізіп отыр. Ал ажырасудың 80 пайыздайы дүниеге нәрестенің келмеуінен орын алатынын мен сеніммен айта аламын. Бала болмаған жағдайда біз әйелдерді кінәлап, бар айыпты соларға тағып жатамыз. Мұнымыз – әрине, үлкен қателік. Қазіргі таңда, әйелдердің бедеулігінен гөрі, ерлердің белсіздік аурулары жиі ұшырасады. Сол үшін бұл проблеманы дер кезінде шешкеніміз жөн.
Мамандар белсіздікке шалдығудың төрт себебі бар екендігін айтады. Олардың алғашқысы суық тиюден келеді екен, яғни простатит сынды аурулар. Бұрындары бұл кеселге 40-50 жас шамасындағы ер-азаматтар шалдығып жатса, қазір тепсе темір үзетін жас жігіттер де оның зардабын тартуда.
Ал екінші себеп – ағзадағы қанның ұйып қалуы. Мұндай ауру түрлері, негізінен, күнінің жартысына жуығын бір орында отырумен өткізетін ер-азаматтарда көп кездеседі. Қазіргі кеңсе қызметкерлерінің жұмыс барысы осындай тәртіпте өрбитіндіктен, олардың басым бөлігінде белсіздіктің белгілері бар деп батыл айтуға болады. Оған компьютер алдында таң азаннан кешке дейін отыратын жастар мен жеткіншектерді қосыңыз.
Белсіздіктің тағы бір себебі – инфекциялық жолмен тарайтын аурулар. Жастардың үйленбестен бұрын жыныстық қатынасқа түсіп, «батыстық үлгіде» өмір сүруі аурулардың жаңа түрлерінің көбеюіне жол ашып отыр. Осындай жолдармен туындаған инфекциялар еркек беліндегі ұрықты ірітіп, оның белсенділігін төмендетеді.
Белсіздікке әкеліп соқтыратын төртінші себеп – экология. «Әсіресе мұнай мен уран өндірісінде жұмыс істейтін ер-азаматтар экология салдарынан ұрпақсыз қалып жатады» дейді денсаулық сақтау саласының мамандары. Дегенмен кез келген аурудың алдын алып, ертерек ем қабылдаса, тарқатылмайтын түйін болмайды. Айта кетейік, темекі мен ішімдікті үнемі пайдаланатындар да – «әлсіз» еркектердің санатында.
Бәтеш Омаровтың айтуынша, елімізде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында бұл індеттің алдын алу шаралары жақсы қолға алынған. Өйткені мұндай науқасқа шалдыққандардың көпшілігі өз кеселін білмейді, ал білетіндер оны жасырады. Мемлекет те бұл мәселеге енді көңіл аудара бастады.
«Бүгінде қазақ қоғамында белең алып отырған белсіздік ауруын болдырмаудың ең тиімді жолдарының бірі – отбасындағы бала тәрбиесі», – дейді Б. Омаров. Өйткені ұл-қыздарымыздың жеңіл жүрісі – көптеген жұқпалы аурудың тууына себеп.
Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап 90-жылдарға дейін қазақ халқының саны қарқынды өскен. Ол кезде әр отбасында орта есеппен кемінде бес-алты баладан болатын. Он құрсақ көтеріп,«Батыр ана» атанған аналар аз болған жоқ. Ал бұл үрдіс еліміз Тәуелсіздік алып, табалдырығымыздан батыс мәдениеті аттаған уақыттан бастап тежелді.
«Белсіздікті емдеудің бірнеше жолы бар. Әсіресе ең пайдалы емі – дәрі-дәрмек қабылдау емес, ат үстінде серуендеу», – дейді Бәтеш Омаров. Өмірі жылқы үстінде өткен аталарымыз сондықтан да белсіздік дегеннің не екенін білмеген. Алпыс, жетпіске келгенше ұрпақ сүйіп, көпбалалы болуының да басты себебі осында жатыр.
Қалай болғанда да, профессор Алшынбаев бастаған қазақстандық урологтердің көтеріп отырған мәселесі орынды. Аталған проблеманы дереу шешпесек, халық санын өсірудің басқа жолдарын қарастырғанымыз жөн. Мырзакәрім Кәрімұлының сөзіне сенсек, бүгінде Қазақстанда 5 мыңға жуық гинеколог маман болса, урологтердің саны 500-ге де жетпейді екен. Демек, мемлекет бұл саланы да ерекше назарына алып, білікті мамандардың қатарын арттыруы керек.
Дерек
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына еліміздің нөмірі бірінші урологі Мырзакәрім Кәрімұлы Алшынбаев арнайы ат басын бұрған. Облыстық ауруханада ол «Ерлердің денсаулығы күні» атты акция өткізді. Дәрігердің қабылдауына келушілердің саны көп болды. Ол азаматтарға мұндай арнайы іс-шараларды күтпей-ақ кез келген уақытта дәрігерге көрінген абзал екендігін, дәрігерлер олардың қандай аурумен ауыратынын құпия сақтайтынын жеткізді.