Биыл қыс басталысымен-ақ Алматы қаласын қалың қар басты. Салдарынан көшелерде ұзын сонар көлік кептелісі орнап, жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруы қиындады. Дер кезінде тазаланбаған қар қатып, көшелер, аялдамалар, аулаларды мұз басып тұр. Мұзайдынға айналған тұрғын үйлердің аулалары мен тротуарларда адамдар құлап, қол-аяқтарын сындырып жатыр.
Желтоқсанның алғашқы күндері Алматы қаласында толассыз жауған қардың қалыңдығы – жарты метр, таулы аймақтарда 70 сантиметрге дейін жетті. Қардың өте қалың түсуі салдарынан Алматы қаласында 500-ден астам ағаш құлаған. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәлімдеуінше, құлаған ағаштар газ құбырларының үстіне түсуінің 250 оқиғасы, электр сымдарының үзілуіне байланысты 85 оқиға тіркелген. Қаладағы 600-ден астам электр желісіне зақым келіп, 110 киловаттық бес желі істен шыққан. Сондай-ақ 70 автокөлік бүлініп, 30 жолаушының үстіне ағаш құлаған. Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің айтуынша, қалың қардың салдарынан қалада бір күннің ішінде 70-тен аса жол-көлік оқиғасы тіркеліпті, адам шығыны да бар.
Әкімдік қызметкерлері қарды тазалауға бастапқыда 500 адам мен 400 техника жұмылдырдық деген еді. Қала көшелеріне 13 500 тонна құм-хлор қосындысы себіліп, 15 мың шаршы метрге жуық қардың қала сыртына шығарылғаны жайлы да ақпарат таратты. Алайда бұл жұмыстар қала орталығында ғана жүргізілген сыңайлы. Олай дейтін себебіміз – қала орталығындағы көшелер болмаса төменгі аудандардағы көлік жолдары әлі де мұз қалпында жатыр. Ол көшелерде қалың қар тапталып, қатып, қатпар-қатпар мұзға айналған. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары жиілеп, тұрғындардың жүріп-тұруы қиындаған. Тротуарлар мен тұрғын үйлердің аулаларындағы қалың мұздың кесірінен әсіресе бүлдіршіндер мен қариялар жапа шегіп жүр. Дәрігерлердің айтуынша, қар жауғалы бері мертігіп, жедел жәрдем шақырғандар саны 22 пайызға артыпты. Ал мұз үстінде тайғанап құлап, аяқ-қолын сындырғандардың саны азаяр емес.
Қарды кім тазалауы тиіс?
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов желтоқсанның 1-інен бастап жауған қарды тазалау жұмыстарын қатаң бақылауға алды. Бірақ әкімшілік қызметкерлерінің кінәсі ме, қала тазалығымен айналысатын жеке кәсіпорындарының ба, әйтеуір, бұл іс әлі де аяқсыз қалып келеді. Тіпті өткен жылдың соңында өз аумағының қарын толықтай тазаламаған Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков те «қардың қырсығынан» қызметінен қағылған еді. Алайда бұл басқаларға сабақ бола қоймай тұр. Осы жағдайдан кейін қала басшысы барлық аудан әкімдеріне қар тазалау жұмыстарына пәтер иелері кооперативтері мен кәсіпорындарды жұмылдыру жөнінде тапсырма берді. «Қаладағы ірілі-ұсақты дүкендер мен қызмет көрсету мекемелерінің иелері де өздеріне қарасты аумақтың тазалығына қатаң жауап беретін болады», – деген еді Есімов мырза. Тіпті бұл тапсырмаларды орындау үшін Ішкі істер департаменті мамандарының да көмегі көрсетіледі деп шешілді. Бірақ қала ішінен мұз құрсауынан тазартылған ауланы табу қиын. Үлкенді-кішілі дүкендер мен қызмет көрсету мекемелерінің де жаппай қар тазалап жатқанын көрмедік. Иә, өздеріне тиесілі аумақты тазартып қойғандар да жоқ емес. Бірақ олар саусақпен санарлық. Сонда әкім тапсырмасы сөз күйінде қалғаны ма? Мұны бақылайтын ешкім болмағаны ма? Сонда аулалар мен тротуарлардың тазалығына кім жауап беруі тиіс? Қаланы қардан тазалау жұмыстарына жауапты әкімдікке қарасты Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, қала тазалығына әкімдік жауапты, бірақ аула тазалығына жауапты емес.
Айдын Темешев, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы көріктендіру бөлімінің бастығы:
– Қаланы қардан тазалау әкімдіктің міндеті екені рас. Әкімдік еш уақытта аула қарын тазалаумен айналыспаған. Ол – пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы. Заңды тұлғалар да өз территорияларының тазалығына жауапты бола тұра, салғырт қарайды. Оларды тексеру жұмыстары басталды, бұдан әрі жауапсыздық танытқан кез келген тұлғаға айыппұл салынады. Ал аялдамалар төңірегіндегі қарды тазалап, мұзды оюға қатысты арнайы кесте құрдық. Қорытындысын алдағы уақытта жариялаймыз.
P.S.
Мамандардың сөзіне қарағанда, кооператив өкілдері қолға күрек алғанға дейін тұрғын үйлердің аулалары қардан тазартылмайды. Аялдамалар мен тротуарлар әкімдіктің кестесі құрылып, жоспары сызылып бітпейінше, мұз қалпында қала бермек. Ал мұзда құлап мертіккендердің саны күн санап өсіп жатыр. Сонда бұл қалай, қар тазалау да қолымыздан келмегені ме?