Қаңғыбас бала қайдан шығады?

Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығындағы бір күн
Қазақстандық мамандар келтірген бейресми деректер бойынша, жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам бала ата-анасы бола тұра, олардың қарауынсыз қалуы салдарынан кезбе-қаңғыбастыққа салынады екен. Айта кетерлігі, елімізде ата-аналарының қарауынсыз қалған балалардың ресми статистикасы жүргізілмейді. Ата-анасының қарауынсыз қалуы олардың қамқорлықсыз, аялы алақансыз, қорғансыз қалуы. Балалардың қаңғыбас атануының сыры неде екеніне тереңірек үңілмек ниетпен қаңғыбас балалардың бірден бір ат басын тірейтін мекені Алматы қаласының ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығының табалдырығын аттадық.

                                                         Нұрғиса Елеубеков (фото)

«Біреу тойып, біреу тоңып секіреді...»
Таң енді атса да, мұндағы тіршілік қым-қуыт көрінеді. Әсіресе кезекші бөлімнің ал­дында бірі жаңадан енді келіп түсіп жат­қан балаларды қабылдап алып жатса, енді бірі үйінен кетіп қалған балалардың құжат­тарын толтырып тиіс­ті бөлімдерге таратып жатыр. Ке­зекші бөлімнің алдындағы теле­фонда да ты­ным жоқ. Без-без етеді. Осын­да түскен балалардың туған жеріне, ата-анасына сұрау салу, ата-анасы жоқ ба­­ла­­­­лар­ды балалар үйіне, сәбилер үйіне жө­нелту, арнайы мектеп-интернаттарға орналас­тыру секілді талай баланың тағ­дыры қоңыраудың ар-жақ бер жағында ше­ші­ліп те жатыр.
Назарымыз кішкентай  қызға ауды. Әуе­зов ауданынан әкелінген бес жасар Зарина бұл мекеменің табалдырығын осы жолы екінші рет аттап отыр екен. Анасы 2008 жылы қайтыс болған. Әкесі бірнеше рет бас бостандығынан айы­рылған. Қазір де жазасын өтеу мекеме­cінде жазасын өтеу үстінде. Осыдан бір ай бұрын көшеде жүрген жерінен осы жерге жеткізілген Зарина ата-әжесінің бас тартуымен екінші рет осы мекеменің табалдырығын аттаған. «Әкесіз жетім мас жетім, шешесіз жетім хас жетім» дегендей, «анасы болса мұндай халге түсер ме еді» деген оймен тәртіпке сай медициналық-санитарлық тазалау бөл­месіне әкетіліп бара жатқан Заринаның соңынан қарап қала бердік.
Негізі, қаңғыбастыққа салынатын ба­лалар бірнеше топқа бөлінеді екен. 1) Ата-анасы бола тұра, өз бетінше жұмыс істеп, ақша табу мақсатында үйінен кетіп қал­ғандар; 2) Ата-анасы бар, қарны тоқ, көй­легі көк бола тұра, көшенің өміріне үй­рен­ген, қаңғыбас­тықты жаны сүйетін ба­лалар, 3) Үйдегі кикілжің, араққорлық пен наша­қор­лыққа салынған ата-анадан без­ген ба­лалар; 4) Анасы немесе әкесі жоқ жар­тылай жетім немесе әке-шешесіз қалған балалар; 5) Балалар үйінен қа­шып жүр­ген балалар болып бөлінеді екен. Осы­лайша, біреулері үйінен мәж­бүр­ліктен қашса, базбіреулері көше өмі­ріне үйрен­­гендіктен, бар қызықты да көше­ден іздейтіндер. Олар көбінесе көп­қа­батты үйлердің жертөлелерінен, ша­тырлардан, базарлардан және жылу құ­бырлары мен компьютерлік клубтар­дың іші­нен ұсталады екен.
Орталықтың жалпы жай-жап­сарымен танысу мақсатында Алма­ты қаласы ішкі істер бөлімінің кәме­летке толмағандарды уақытша оқ­­­шаулау және бейімдеу орталығы бастығының орынбасары, полиция капитаны Оспанова Райхан Мэлс­қызын әңгімеге тарттық:
– Орталыққа 3 жас пен 18 жас ара­лығындағы балаларды қабылдаймыз. Ор­та­­лық негізі 110 балаға арналған. Бала­ларды қабылдамас бұрын алдын ала медициналық-санитарлық тексеру­ден өт­кізіп аламыз. Жуындырып, киім­деріне шейін жаңартамыз. Бұл жерде бала екі-үш күн тұрса да, сабақ оқы­тылады. Оларға №78 мектептің мұ­ғалім­дері келіп дәріс бе­реді. Спорттық ойындар ойнатып, бос уа­қытын тиімді мақсаттарға жұмсау шара­лары ұйым­дастырылады. Төрт мезгіл та­мақ­тан­дырылады. Бала осында түскен соң, бір ай ішінде әке-шешесін тауып, қай­таруға тырысамыз. Ең көп дегенде 6 ай осында ұстаймыз. Осы уақыт ішінде қам­қор­шысы табылмаған жағдайда ба­лалар үйіне немесе басқа да мекендерге құжат­тары реттеледі. Қамқоршысы жоқ балалар арнайы құрылған комиссияның тексеруі­мен қай жаққа жөнелтілетіні туралы шешім шығарылады.
– Мұнда түсетін балалар санының жылдан-жылға кему көрсеткіші ба­сым ба, әлде өсуі байқала ма?
– Бұрын Алматы қаласы мен Алматы облысының балалары жиі түсетін. Қа­зіргі таңда ТМД мемлекеттерінен келетін қаң­ғыбас балалардың үлес салмағы артып отыр. Олардың ішінде қайыр сұ­рап жүрген жерінен ұстала­тындары да бар. Кейбір шалғай облыстардан түскен балаларды алып кетуге ата-аналарының материалдық жағдайы көтермеген жағ­дайда қызмет­керлеріміз жолдама­мен балаларды  үйіне жеткізіп, ата-ана­сы­ның қолына тапсырады. Бұған үкі­меттен арнайы қаражат бөлінген.
– Орталыққа бірнеше мәрте «қо­нақ» болатын балалар бола ма?
– Әрине, ондай жағдай көп кез­деседі. Әке-шешесіз балалар ғана емес, кейде бір үйдің аузына қарап отырған жалғыз баласы да қаңғыбастыққа са­лы­нып жата­ды. Үйде бірнеше бала бол­са, олар бір-біріне алданады. Жал­ғыз бала болған соң, қасына серікті кө­ше­ден іздейді. Нәтиже­сінде, баланы ата-анасы мен мектеп емес, көше тәр­бие­лейді. Түрмеден шығып келген ер­е­­­­­­сек­­­­тер­­дің де жеңіл ақша табу үшін жасөспірімдерді пайдаланатын кезі аз емес. Нәтижесінде, бір отбасының жал­ғыз баласы қылмыскер атанып шыға келеді. Жартылай отбасылардың бала­лары да қылмысқа, қаңғыбастыққа бей­ім тұрады. Мысалы, осыдан екі ай бұрын Қаскелең қаласынан 13 жасар бала түсті. Ата-анасы ажырасып кеткен. Баланың жалпы бол­мысы жақсы. Қо­лынан келмейтіні жоқ. Тек әкелік тәрбие, жылу ғана жетіспейді. Сондықтан бала­ның өмірінде әкесінің де, шешесінің де рөлі зор. Ата-аналар ажыра­сар алдында балаларының психология­сымен санас­пайды. Бала үшін олардың ажырасуы ауыр соққы. Оның ойында «әке-шешем қателік жасап жатқанда, маған неге қателеспеске» деген ой қалыптасатын кез аз емес.
Кішкентай балалардың үлкен мәселелері...
Балаларды алдын ала медициналық тексеруден өткізу кезінде олардың ара­сын­да ауру балалар жиі кездеседі екен. Көше кезіп, өз бетінше қараусыз жүрген баланың көшедегі тамақ қал­дықтарын пайдаланып, кез келген жерге түнеп жүрген соң, ауру қоздырғыштарын тез жұқтырып алатыны да түсінікті. Біз келген кезде мекемеде үш жастар ша­масындағы төрт-бес бал­дыр­ғанды кез­дестірдік. Алаңсыз, сықылықтай күліп, мекеменің ауласында асыр салып ойнап жүр. Қасымызда мекемені таныс­тырып жүр­ген Райхан Мэлсқызы балалар­дың сәбилер үйіне жөнелтуге құжаттары дайын­далып жатқанын айтты. Ата-ана­лары туралы, бұл жерге қалай тап бол­ған­дары жайлы сұрағым да келмеді. Одан гөрі көңілімде «тумай жатып тағ­дыр­дың тәл­кегіне ұшыраған бүлдір­шін­дерді қан­дай болашақ күтіп тұр екен» деген балалардың ертеңіне алаң­даулы күй басым болды. 
Орталықтың бөлмелерінің бірінен ком­пьютерлік сыныпты байқадық. Ор­та­­лық мамандарының айтуынша, мұнда түсетін балалардың көбісі компью­терді атыс-ша­бысы мол компью­терлік ойын­дар ой­нау­дың құралы ретінде ғана біліп келетін кө­рінеді. Сондай-ақ бұл жерге түскен ба­­­ла­­­лар­дың көбісі кәмелеттік жасқа толмаса да, ішімдік пен темекінің дәмін татып көргендер екен. Бесіктен белі шық­пай жатып балауса еріндерін көк түтінге қақтап, ащы ішімдікті татып көр­геніне кімді кінәларсыз. Психолог­тардың айтуынша,  қаңғыбастыққа са­лын­ған балалар көбінесе өтірік айтуға бейім болатын көрінеді. Бұл осы орта­лықтың мамандарының жұмысын да біршама қиындатады екен. Осы ме­ке­менің психологы Әсем: «Осыдан бір ай бұрын 8 жасар қыз түсті. Аты-жөнін атап, «Шы­ғыс Қазақстан облы­сы­ның Аягөз қала­сы­нанмын»  деді. Содан бір­не­ше мәр­те осы облысқа қыздың ата-анасына сұ­рау салдық. Ешқандай дерек жоқ. Қыздан қайта сұрасақ, айтқанынан жаңыл­майды. Қайтадан Семейге сұрау саламыз. Іс нә­тижесіз. Сосын қыздың ал­дап отырғанын ұғып, бірнеше күн сөйлестік. Ақырында, шынын айтты. Үштөбенің балалар үйінен өткен жыл­дың қыркүйек айында қашып кеткен. Қа­зір іздестірілу үстінде екен. Олар әдейі өтірік айтайын деп ойламаса да, кейде еш пайдасыз өтірікті де айта салады. Өйткені ол кішкентай кезінен дұрыс тәр­биенің берілмеуі салдарынан өтірік айтуға бейім болып қалыптасқан», – дейді. Бала­лардың беталды қараусыз қалуының жақ­сылыққа апармай­тыны­ның айғағы ұсақ-түйек ұрлық жасап, адам тонау арқылы осы мекеменің та­бал­дырығын аттап, осы жерден балалар колониясына жөнелтілетін ба­ла­лар да кездеседі екен. Айта кетерлігі, қаңғыбас балалардың үлес салмағы бұрын Ал­маты қаласы мен Алматы облысы ау­мағында көп кездессе, соңғы жылдары ТМД мемлекеттерінен жұмыс істеп, ақша табу мақсатында келетін бала­лардың үлес салмағы артқан. Күнделікті көшеде ая­ғымызға оратылып, қайыр сұрап жүрген тәжік балаларын да көп кездестіреміз. Осы орайда қолында жө­ні түзу құжаты да жоқ балалардың ата-ана түгіл, өз елінің қа­рамағынан тыс, ше­кара асып жүре беретіні еріксіз таңғалдырады. Сонда ел ара­сындағы шекара қызметкерлері мен кеден қыз­меткерлері ай бағып отырғаны ма?!
Алматы қаласының ішкі істер бө­лімінің кәмелетке толмағандарды уа­қыт­ша оқ­шаулау және бейімдеу орта­лығынан шы­ғып бара жатқаны­мызда, назарымызды кішкентай қыздың жы­лаған даусы аударды. Анасы табылып, үйіне әкетіп барады екен. Жылағаны — анасымен бірге тұрғысы кел­меген қар­сылығы екен. Туған қызын өзінен жерітіп алған ананы қалай ая­рымызды білмеген ауыр оймен ба­лалар орталығының табалдырығынан кері атта­дық. 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста