Қамысқала ма, Ақмешіт пе, Қызылорда ма...
Сырдың жағасына қоныс тепкен көне Ақмешіт 1925 жылы Алаш жұртының астанасы атанды. Сол жылы Орынбордан басталған көш дария бойына аялдады. Бұл игі істің басы-қасында жүрген қайраткер жандар елдің жүрегі болған қалаға жаңадан атау беруді жөн көріпті. Осылайша дария бойындағы қалың қазақтың құтты қонысы Қызылорда деп аталды. Еліміздің бас қаласы болу мәртебесі небары төрт жылға созылып, одан кейін Алатау бөктеріндегі әсем қала – Алматы 70 жылдан астам уақыт бойы астана болды. Дегенмен Алаш баласы үшін Қызылорда жанына жақын, көзіне ыстық көрінер құтты мекен болып қала берді. Әрине, одан бері қаншама жылдың жүзі өтіп, замана заңы да өзгерді. Қазақ елі бостандық байрағын бекем ұстады. Қазіргі елордамыз қазақ даласының төріндегі Астана қаласына ауысқанына да 10 жылдан астам уақыт өте шығыпты. Көк туды көкте желбіреткен көпшілік большевик қауымының түсіне айналған қызыл сөзінен үрке қарайтын шаққа де жеттік. Қазақ елінің әлемдік картадан ойып орын алғанына 20 жылдан астам уақыт өткенімен, Қызылорда қаласы бәз-баяғы атауымен қалып қойды.
Қазіргі Қызылорда атауын өзгерту қажеттігін айтып, ұсыныс білдірген кісілер аз емес. Алайда жергілікті жұрттың құлағына сіңісті болып қалған ба, қала атауын ауыстыруға байланысты ықылас таныта қоймайтындар да бар. Әйтсе де осы ұсыныстың отын үнемі үрлеп, қаузап жүрген жандар баршылық. Қызылордалық кәсіпкер Әбдірахман Еңсеген «көне шаһардың атауын өзгертетін уақыт жетті» дейді. Жергілікті басылым беттерінде өз пікірін білдіріп, өз алдына түтін түтетіп отырған ел үшін бұрынғы кеңестік атаулардан құтылудың маңызды екені айтылып жүр. Оның пікірінше, Қызылорда атауы өз маңызын жойды, қазіргі заманның ағымына мүлдем сәйкес келе қоймайды. Сол себепті жергілікті ұлт өкілдері басым аймақтың бас қаласын жаңаша атаудың уақыты келді.
Көне Ақмешіт атауын қайтаруға ниет білдірген адамдар да бар. Әрине, көпшіліктің бұл жөніндегі пікірі бір арнаға тоғысып отырған жоқ. Дегенмен Қызылорда атауы бүгінгі заманның талабына сай келмейтінін айтатындар көп-ақ.
Жергілікті қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлы қаланың ескі атауын қайтарар болсақ, онда Қамысқалаға қайта оралу керек деп есептейді. Себебі дария бойында 1818 жылы уығын тігіп, іргесін көтерген шаһар алғашқыда осылай аталған еді. Екі ғасырға жуық уақыт аралығында қаланың атауы бірнеше мәрте өзгерген болатын. Сондай-ақ Сырдария жағасында қоныс тепкен көне шаһарлардың атын қоюды ұсынып жүргендер де бар. Бұл өңірде Сығанақ, Сауран, Жанкент, Алтыасар секілді қалалар болған.
Әбдірахман ЕҢСЕГЕН, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Қалаға берілетін жаңа атаудың бірнеше нұсқасы болуы керек деп санаймын. Көне заманда дария Яксарт деп аталған. Сондай-ақ Тұран деген атау да бізге сәйкес келетін секілді. Ал қызыл сөзі бірден есіңе кеңестік кезеңді салады.
Иә, биылғы жылы еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесін аста-төк мереке есебінде тойлауды мақсат етіп отыр. Алаш жұрты ғасырлар бойы аңсаған азаттық таңы атқанына ширек ғасырға жуық уақыт өте шығыпты. Осылай көңіл демдегенмен, жұртшылық көңілінде бұрынғы кезеңді қайта еске салатын атаулардан құтылу жөнінде қарама-қайшы пікірлер жиі айтылады. Мәселен, Қызылорда атауы жөнінде 90-жылдардың орта шенінде көбірек қозғалған еді. Сол кезде жергілікті басылым беттерінде жұртшылық өз ой-пікірлерін білдірген. Алайда ол көпке созыла қойған жоқ, халық нарықтың ауыртпалығымен алысамыз деп жүріп, бұл тақырыпты кейінге ысырып қойған. Соңғы жылдарда аталмыш мәселе қайтадан қозғала бастады.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ, Қызылорда қаласының әкімі:
– Қызылорда атауына үрке қарағанымыз негізсіз секілді. Біріккен қос сөз де қазақтың тілдік қорында кездеседі. Оған біржақты қарауға болмайды. Мәселен, қызыл жанып тұрған алауды, отты білдіреді емес пе? Көне тілімізде «орда» сөзі астана дегенді білдіреді. Сол себепті алдымен осы жағын да ойлап алғанымыз артық емес. Қызылорда атауы жергілікті жұрттың жанына жақын, құлағына сіңісті болып қалған. Бұл атаудың қойылғанына 90 жылға таяп қалды.
Елдің арасында «Қызыл сөзіне үрке қараудың қажеті шамалы» дейтіндер де бар. Өйткені ол – қазақтың төл сөзі. Сыр өлкесі Қызылқұмды жағалай қонған дегенді айтады ендігі бірі. «Сол себепті Қызылордадағы қызыл сөзін соған қатысты деп санау қажет», – дейді олар. Сан-саққа жүгірген пікірлер осылайша бір жерге тоғысып жатқан жоқ. Бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдыруға бола ма? Өйткені оның қақпағы уақыт өте келе тағы да ашылып, елдің пікірталасына айнала берері даусыз. Сондықтан бүгінгі таңда өз бағасын алуы тиіс екені айдан анық.
Қала атын ауыстыру жайлы пікірлеріңізді «Алаш айнасы» газетіне жолдауыңызды сұраймыз.