Жеті қазынаның бірі деп итті қадірлеген қазекем қаптесердің әзірейілі – мысықтың да маңызын жоққа шығармаған.
Алайда соңғы жылдары бұлардың саны шамадан тыс көбейіп, бір кездері өздерін қолға үйреткен адамның тіршілік аясын тарылта бастады. Қаңғыбас ит, кезбе мысық кейбір кесірлі дерттерді, әсіресе, аса қауіпті құтыру вирусын тасымалдайды. Облыста өткен жылы 12 млн теңге қаржыға 16 мыңнан астам ит, мысықтың жаны жаһаннамға жіберілген. Олар бір жылдың ішінде екі мың адамды тістеп, тырнап үлгеріпті. Өкінішке қарай, алғашқы құрбандықтар да жоқ емес. Таяуда Зеленов ауданының Рубежка ауылында алты жасар бүлдіршін құтыру дертінен көз жұмды.
2009 жылдың жазында Қарақалпақстаннан қоныс аударған оралман отбасында орын алған қайғылы жағдай ата-ананың бейқамдығымен, жауапсыздығымен, керек десеңіз, надандығымен жаныңды түршіктіреді. Қайтыс болған қыздың әкесінің айтуынша, сол жылдың 3 тамызы күні көше кезген бұралқы мысық қызының сұқ саусағын тістеп алған. Жарақатын ауырсынған баланың қыңқылына үй іші мән бермеген. «Мысықты Мұхаммед пайғамбар да жақсы көрген» деген әкенің таяз түсінігіне бәрі тоқтаған. Сөйтіп, бес ай бойы ешбір ем-дом алмаған кішкентай қыз Жаңа жылдың алдында дерті әбден меңдеп жатып қалған.
Оқиғаның мән-жайын білмек болып хабарласқанымызда, Облыстық санэпидқадағалау департаменті директорының орынбасары Алтын Орынғалиевадан төмендегідей жауап алдық:
– Ауыздан сілекей ағу, жарықтан қорқу, тоңу, терінің, бұлшық еттің тырысуы секілді құтыру белгілері айқын білінгенде ғана ата-ана дәрігерге жүгірген. Бірақ бәрі де кеш болды. Қыз бала Орал қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілгеннен кейін төрт сағаттан соң қайтыс болды. Марқұмның отбасы мүшелері, олармен қатынаста болған дәрігерлер вирусқа қарсы егіліп жатыр. Рубежка ауылы тұрғындары арасында ақпараттық түсінік жұмыстары жүргізілді. Ауыл әкіміне иесіз ит-мысықты жою жөнінде ұсыныс берілді.