Қаладағы көлік мәдениеті көңіліңізден шыға ма?
Былтыр 2008 жылдың қыркүйегінен бастап автобустарда жолақысын электронды төлеу жүйесі, яғни валидатор орнатылып, қоғамдық көліктердің мәдениетін көтеруге талпыныс жасалған болатын. Алайда мұның бәрі жолаушылар үмітін ақтай алмады. Биыл Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Ынсап» қоғамдық қоры Алматы қаласы тұрғындарының қоғамдық көліктердің жұмысына қандай баға беретіндіктерін анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізген болатын. Нәтижесі төмендегідей.
«Сіз қоғамдық көліктерді жиі пайдаланасыз ба» деген сұраққа респонденттердің 94,9 пайызы «иә, жиі пайдаланамын» деп жауап берген. Ал «өте сирек пайдаланамын», «мүлде пайдаланбаймын» деген респонденттер 3,2-2,25 пайыз аралығында болып шықты.
Бұдан кейін тұрғындардың қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасына қандай баға беретіндіктерін білу мақсатында респонденттерге «сізді қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы қанағаттандыра ма» деген де сауал қойылды.
Сұралғандардың арасындағы көңілі толатындар 40 пайызға әрең жетіп, қалған бөлігі базыналарын айтып сала берді.
Тұрғындардың қанағаттанбау себебін анықтау үшін «не себепті қанағаттанбайсыз» деген сауал тасталды. Респонденттер өз ойларын ашық айтты. Олардың пікірінше, қоғамдық көліктерді жаңарту қажет, алыс бағыттағы автобустардың санын арттыру керек. Сондай-ақ көпшілігі жүргізушілердің жұмысына қанағаттанбайды екен. Себебі олар көлікті мас күйінде жүргізеді, жарысады, кез келген жерге тоқтайды, адамды көп алады, дөрекі, жылдамдықты асырады, жол жүру ережесін білмейді немесе сақтамайды. Дәл солай кондукторларға да ренжулі. Оған себеп – дөрекі, мәдениетсіз.
«Жолаушылар арасында үлкендерге орын бермей, әртүрлі мінез көрсетіп, ұрлық жасайтындар да бар», – дейді олар. Сонымен қатар қала жолдарының сапасының төмендігі мен көшедегі көлік кептелістерінің жиі орын алуы секілді мәселелер де ұмыт қалмады.
Сауалнама барысында «қоғамдық көліктердің жұмысын жақсарту үшін қандай шаралар жасалуы керек деп ойлайсыз» деген сұрақ та сырт қалмады. Жауап бергендердің 36 пайызы «жүргізушілер мен бақылаушылардың кәсіби деңгейін, мәдениетін көтеру мақсатында оларды арнайы курстардан өткізу керек» деп есептейді, ал «қоғамдық көліктерді жаңарту қажет» дегендері 30 пайызды құрады.
Респонденттердің 19 пайызы – «көліктердің техникалық қауіпсіздігін бақылау керек» деген ұсынысты қош көрсе, 14 пайызы «алыс бағыттағы көліктердің санын көбейту керек» деп есептейді екен.
Сондай-ақ респонденттерге «қоғамдық көліктердің қызмет сапасын арттыру мақсатында жүргізушілер мен бақылаушыларды ынталандыру үшін қандай шаралар атқару қажет» деген де сұрақ қойылған-ды. Бұл тұрғыда «үлгілі жүргізушілер мен бақылаушылардың жалақысына үстемеақы қосу керек» деген пікірдегі респонденттер саны 37 пайызды құраса, 20 пайызы үлгілі жүргізушілер мен бақылаушыларды БАҚ арқылы халыққа таныстыру керек деген ұсыныс айтты. 19 пайызы «жүргізушілер мен бақылаушылардың әлеуметтік мәртебесін көтеру керек», яғни «олардың жұмысының маңыздылығын халыққа түсіндіру керек» дейді. Жауап берген респонденттердің 16 пайызы жүргізушілер мен бақылаушылар арасында жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарды марапаттауды жөн санайды.
Керек дерек:
Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша жолаушылар және жүк тасымалымен – 1725 автобус,
46 трамвай, 191 троллейбусты қамтитын – 18 тасымалдаушы, үш «Алматыэлектротранс» КГП-ның кәсіпорыны айналысуда. Сонымен қатар тасымалға 200 жалданбалы автобустар тартылған.