Қайыңның да уайымы бар
Қайың – ағаштардың арасында адам сияқты қатерлі ісік ауруымен ауыратын жалғыз ағаш. Өкініштісі, ауруды жұқтырған қайың қайтып емделмейді екен. Аз уақыт ішінде қурап қалады. Бірақ Қызылжар өңірінде қайыңды ормандардың ортайып бара жатқанына аурудан гөрі, адамдардың әсері молырақ болып тұр. Шоқ-шоқ болып өсетін ақ қайыңдар аяусыз кесіліп, отынға кетіп жатыр.
Ақ қайыңдар өлкесі
Қызылжар өңірінің екінші атауы бар, сұлу табиғатына тамсанған жандардың, әсіресе ақын-жазушылардың тілінде «ақ қайыңдар өлкесі» деп сипатталады. Өзге өңірлерден бір ерекшелігі, мұндағы қайыңдар тұтасып емес, шоқтасып өседі, төбесінен қарағанда әдейі шоқ-шоқ қылып бөліп қойғандай әсер қалдырады. Жалпы, Қазақстанда қайыңдар Тобыл, Есіл, Ертіс өзендерінің алабында көп шоғырланған. Сондай-ақ Семей, Көкшетау, Ақтөбе өңірлерінде, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауы бөктерлерінде де кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысы территориясындағы барлық орманның 97 пайызы ақ қайыңдардан тұрады. Мұнда, қайда қарасаңыз да, шоқ-шоқ болған қайыңды көресіз.
Ақ қайың 250 жылдай жасайды екен. Ең ұзыны 25 метрге дейін жетеді, ал діңінің жуандығы 80 сантиметрді құрайды. Бұтағы төмен салбырап өседі, жас бұтағы көбіне шайырлы сүйелді болып келеді. Қабығы ақ түсті, тегіс, жылтыр болады. Жапырағы сабаққа кезек орналасып, сағақты жиегі тісшеленіп бітеді. Гүлі сырға тәрізді күрделі гүл шоғырына топтасады.
Қанша қайың отынға кеткенін кім біледі?
Қайыңды қаттылығы жағынан еменмен салыстыруға болады, бірақ ол қанша қатты болғанымен, құрылыс материалы ретінде сирек қолданылады. Қызуы жақсы болғандықтан, негізінен отынға кетіп жатыр. «Аққайың ауданына қарасты Аралағаш ауылының маңайы ну орман еді», – деп еске алады ақсақалдар. Қазір ағаш ауылдан алыстап кеткен. Тіпті соңғы 10-20 жылда 50-70 пайызға дейін сирегенін айтады.
Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 65 пайызы ауылды мекен етеді. Облыс орталығындағы үйлердің де жартысы пешпен жылытылатынын есепке алсақ, қаншама қайың күлге айналып жатқанын ойлай беріңіз. Бәрінің жағатыны – сол ақ қайың. Алайда жылына нақты қанша ағаш отынға кететінін Табиғат қорларын және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы да білмейтінін айтады. Сонда оны кім біледі? Басқарма бастығы Досмұрат Ақановтың айтуынша, ормандардың сиреуіне ағашты заңсыз кесушілер кінәлі көрінеді. Қазір аталмыш басқарма Малют ауданындағы отын дайындаушы кәсіпорынмен соттасып жатыр екен. Кәсіпкердің ағашты белгіленген жерден емес, көңіліне қонған тоғайдан отай бергені анықталған.
Өткен жылы Пресновка мемлекеттік орман шаруашылығының бастығы да орнынан босатылған-ды. Қаржы полициясы оған ағаш кесумен айналысатын өз бауырына бір текше метрін 297 теңгеден жаздырып бергенін, ал ол болса, тұрғындарға 651 теңгеден деп құжаттар толтырғанын анықтаған. Яғни, екі есеп жүргізілген, артылған сома ағалы-інілінің қалтасында қалып отырған.
Досмұрат АҚАНОВ, Табиғат қорларын және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
– Облыс территориясының 5 пайызын ғана орманды алқап алып жатыр, 10-15 жыл бұрынғы көрсеткіш бұдан жоғары болатын. Яғни ағашымыз азайып барады. Бірақ жылына отынға қанша ағаш кететінін есептемеппіз. Бұл аграрлы облыс болғаннан кейін, егіншілер аса еркінсіп кеткен, барлық назар – соларда. Мысалы, бізге ағаш егуге шұрайлы жерлерді бермейді, себебі онда егін егу керек. Ал шөлді дала немесе батпақты жерлерге қайың қайдан өссін?
Орманшылар да осал
Облыста 12 орман шаруашылығы бар. Олардың негізгі функциясы – ағаштарды заңсыз кесушілермен күресу. Алайда жалақыларының төмендігінен орманшы болғысы келетіндер көп емес. 15 мың теңге үшін қыс – қарда, жаз жаңбырда кім орман кезіп жүрер дейсің? Оның үстіне материалдық-техникалық база да әлсіз. Жеңіл көлігі бар орманшы сирек, көбіне атпен күзетеді.
«Отын дайындайтын кәсіпорындарға күйген немесе қураған ағаштары көп тоғайлардан ғана отын дайындауға рұқсат беріледі. Бірақ бұл талапты айналып өту қиын емес», – дейді орманшылар.
Таңдаубай ТІЛЕУЖАНОВ, орманшы:
– Отынға тек қураған немесе өрт шалған ағаштар ғана кесілуі керек екені белгілі. Отын дайындаушылардың біреуі барады да тоғайға от қоя салады, жартысы күйген соң – бітті. Оны жарамсыз деп тауып, отынға жаздырып береді. Ақшаға құныққан адамдар, табиғатқа жаны ашымайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Және олар заң бойынша бір ағаш кескені үшін екі шыбық егуі керек. Бұл талап та жайына қалады. Тексеріс келетін болған соң, аздап еккен болады. Бірақ жас шыбықтар келер жылы қурап қалып жатады. Осының кесірінен кейбір тоғайлар орнымен жойылып кетіп жатыр.
«Отын дайындау бүгінде пайдалы кәсіпке айналды. Газы жоқ, көмірді өзге өңірлерден таситын облыста жалғыз жылу көзі – осы ақ қайыңдар. Сондықтан баға да күн өткен сайын шарықтауда. Кәсіпкерлер орман шаруашылықтарынан ағаштың текше метрін 651 теңгеден жаздырып алады. Ал ол тұтынушыға жеткенде үш-төрт мың теңге болады. Бір көлік ағаштың бағасы 20-30 мың теңгеден айналады. Бұл – қымбат. Сондықтан арба-шаналарын сүйреп барып, ағашты заңсыз кесетін ауыл тұрғындары да көбейіп отыр», – дейді орманшылар.
Қызылжарда қара қайың да өседі
Қара қайың. Иә, осындай ғажайып ағаш Солтүстік Қазақстан облысында өседі. Негізінен, қара қайыңның отаны Американың батпақты даласы болып табылады. Сондай-ақ ағаштың осы бір түрі Қиыр Шығыста да кездеседі екен. Ал Қызылжардағы бір шоқ қара қайыңды сабан тасып жүрген ауыл тұрғыны байқаған. Енді бұл кереметтің пайда болу себептерін биология, география пәні мұғалімдері мен оқушылар үш-төрт жылдан бері зерттеп келеді. Әзірше тек болжам ғана бар. Қара қайыңның үлгісі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де зерттеліп жатыр. «Қорытынды шығаруға ерте» дейді жергілікті ғалымдар. Ағаштың жасы мен генетикалық құрамын анықтау қажет. Оған Қызылжарда зертханалық жағдай жасалмаған.
Қайың-өлең
Қайың қасиетті ағаш саналады. Ол тазалықтың, жарықтың белгісі болып есептеледі. Және көктем келгенінің де белгісі – осы қайыңдар. Себебі қайың барлық ағаштардың ішінде бірінші болып бүршік жарады екен. Осы қасиеттерінен де болар, ол талай ақынға шабыт берген. Қайыңға өлең арнаған ақындар да аз емес. Солардың қатарында Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаев та бар.
Қайғылы қайың! Аяныш жайың.
Сыбырлайсың,
Дірілдейсің.
Еңкейесің,
Күбірлейсің.
Ызғарлы жел соққан сайын.
Қайғылы қайың! Қалың уайым.
Басқан сені,
Жазды ойлап.
Тұр үскірік,
Боран ойнап...
Жасыңды исін, бір Құдайың!
(Мағжан Жұмабаев)