Қайнар ОЛЖАЙ: Қазақ тілін құртқан – ЖУРНАЛИСТЕР

Қайнар ОЛЖАЙДЫҢ қаламы жүйрік. Ол не жазса да, оқырманның көкейіндегіні дөп басады. Содан кейін де оны іздеп оқитындардың қарасы басым. Қазақ журналистикасының сапасын жақсартуға мейлінше үлес қосып жүрген аға буын өкілімен NEGE тілшісі әңгімелескен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

«Билік пен БАҚ арасында «Берлин дуалы» орнаған»

 

– Қайнар Қалиақпарұлы, талай ақпарат құралында қызмет атқардыңыз. Әр нәрсе салыстырудан басталады ғой, кешегі және бүгінгі журналистикадағы айырмашылық қандай?

 

– Салыстырсам, айырмашылық өте көп. Тіпті, жер мен көктей. Біріншіден, бұрын журналистер арасында өзара ауызбірлік болатын. Бірі-бірін қолдап, демеу көрсететін. Қазір мүлдем басқаша. Бір-бірін жоққа шығару, күйе жағу көбейіп кетті. Журналистерде ауызбірлік болмаған соң қоғамда да ауызбірлік болмайды.

 

Еркін НҰРАЗХАН: Шаржды пайдаланып, интрига жасауға әрекеттенгендер болды

Екіншіден, қазір атқарушы билік пен ақпарат құралдары арасына «Берлин дуалы» орнаған. Ақпарат құралында не жарияланып жатқаны билікке бәрібір болып қалды. Бұл дуал соңғы 7-8 жылда әбден қаланып бітті. Оған мысал көп. Кезінде Алматының бұрынғы әуежай ғимаратын қиратпау, яғни сақтап қалу туралы қаншама БАҚ жазды. Бірақ атқарушы билік рұқсат берген болуы керек, түріктер алды да бұзып тастады.

 

Бұрын бір республикалық газетке сын мақала шықса, төрт-бес күнде жауап келетін. Мәселенің орнымен қозғалғанын айта келе, тиісті шешім қабылдайтынын және «бұл кемшілікке пәленшеев түгенше жазаланды» дейтін. Қазір ондай жоқ.

Бұл ақпарат құралдарының азу тісінің түсіп қалғанынан емес, екі ортада «Берлин дуалы» орнағаннан. Қанша жерден жазсаң да, айтсаң да, атқарушы билік пен заң шығарушы билік пысқырмайды.

 

– Қазір «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп, талқыға түсіп жатыр. Егер сізге мүмкіндік берілсе, заңға қандай өзгеріс енгізер едіңіз?

 

– Заң жобасын толық қараған жоқпын. Енді ол заңның маған керегі де жоқ. Қазір ешқандай ақпарат құралының қызметкері емеспін. Зейнеттегі адаммын. Мұны ақпарат құралдарында жұмыс істейтіндер талқылайтын шығар.

 

– Сізге қалай керегі болмайды? Әлде, «асарымды асап, жасарымды жасадым» деп, кейінгі буын әріптестеріңізге сөз бостандығы берілгенін, еркін жұмыс істегенін құптамайсыз ба?

 

– Жамап-жасқамай жаңа конституция жасаса, оны талқылауға қатысамын. Себебі, осы елдің азаматымын. Сол сияқты зейнеткерлікке қатысты дүние болса, зейнеткер ретінде де қатысамын. Ал ақпарат құралдары туралы заң – мен үшін өткен шақ. Егер эксперт ретінде шақырса, ойымды айтар едім. Адамға белгілі бір деңгейде жауапкершілік жүктеледі. Ол – ақша төленетін немесе қоғамдық жауапкершілік. Маған соның біреуі жүктелсе, заңды бүге-шігесіне дейін қарайтын едім. Ал оны айтсам да, министрлік құлағына ілмесе, не қыламын?

 

– Білуімізше, жаңа заңда журналистің этикасын қатаңдататын сияқты. Сіздіңше, дұрыс па?  

 

– Дұрыс емес. Бұл журналистердің өрісін кеңейту емес, керісінше, тарылтуға бағытталады. Бәлкім, «шенеунікті дәретханаға бара жатқанда ұстап алып, жағасынан алды» дейтін шығар. Бірақ ол мемлекеттік қызметкер ретінде жауап беруге әрдайым дайын болуы керек. Кейде тұтқиылдан сауал қойылса, соның жауабы тұшымдырақ болады.

 

Меніңше, бұл шенеуніктерге кезекті қалқан жасап беру жолы сияқты. Адам неғұрлым ашық болса, қоғам соғұрлым дамиды. Демек, бұл заң қоғамды дамыту емес, одан сайын оқшаулап, тұмшалайды деген сөз.

Журналист қандай жағдайда да ақпарат табуы тиіс. Ал ақпарат табу мүмкіндігін шектеуге болмайды.

 

«Қоғамға алдымен қоғамдық телеарна мен қоғамдық газет қажет»

 

 – Журналистикаға «төртінші билік» деп ат қойып, айдар тағып аламыз ғой. Шын мәнінде, қазақ журналистикасының осы деңгейге жеткен кезеңі болды ма?

 

– Кеңес кезінде үш билік те бұлай айтылмады. Бұл термин тәуелсіздік алған жылдары шетелден келді. Жазушы, журналист Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде пайда болды. Кейін Камал СМАЙЫЛОВ Қазақстан журналистер одағын басқарғанда ұғымға сіңіп кетті.

 

Алайда, ол кезде журналистика расымен төртінші билік болды. Себебі, журналистер сынына дереу жауап берілетін, сосын тексерген материалдары әрі қарай тергеу органдарының құжат-материалына жалғасып кететін. Яғни, төртінші билік деген нақты атау өз орнымен, ретімен болды. Ал қазіргі жағдайда «төртінші билік» деген аты қалды, бірақ қоғамдағы рөлі мен орны оған сай емес.

 

– Бұған басты себептер қандай?

 

– Меніңше, бұған журналистердің асығыстығы, сауатсыздығы себеп. Егер әрбір журналист кез келген тақырыпты зерттеп жазса, онда билік амалсыз тыңдайтын еді. Ал қазір бір-бірінен көшіріп, естіген ақпаратын тексермей жариялайтындар көп. Баспасөз релизі деңгейінде ғана жазатын дүниені кім ескереді? Қазір мәселені түбіне дейін зерттеп жазатын журналист аз.

 

Мысалы, бұрын құқық қорғау саласының мәселесін Нұриден МУФТАХ жан-жақты зерттеп жариялайтын. Одан кейін сот та, прокуратура да құлақ түретін. Себебі, ақ-қарасы ашылып жазылған соң ешкім ештеңе дей алмайтын. Мұның бірі де жоқ қазір. Уақыттан ұтамыз деген дүние, ақпаратты бірінші болып хабарлаймыз деген асығыстық және оқырман, аудиторияны тартам деген жанталас, арзымайтын бәсеке, айналып келгенде журналистиканың қадір-қасиетін кетірді.

 

Қазір үш журналистің басын қосып, сайт ашатындар көбейді. Бірақ халық оқитындай сапалы дүние жариялана ма? Барлығының концепциясы бірдей. Жеке адамның идеологиясы ешқашан қоғамның идеологиясы болмайды. Қоғамға алдымен қоғамдық телеарна және қоғамдық газет қажет.

 

Кезінде Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ шығарған «Қазақ» газеті қоғамның газеті болды. Оған патша үкіметі ақша бөлген жоқ. Тек қана белгілі меценаттар ақша бөліп, шығарды. Бізге қоғам қолдайтын іргелі телеарна, газет, сайттар керек. Әйтпесе, мемлекеттік БАҚ жаппай мақтайды, ал оппозиция тек қана сынайды, даттайды. Ал қоғамдық БАҚ болса, осының арасын ұстайтын еді.

 

Егер «Масс-медиа» туралы заңда қоғамдық ақпарат құралдары деген ұғым болса, қолдар едім. Бұл – әлемде бар практика, демократияның үлкен қадамы. Бұл мемлекетке ешқандай салмақ салмайды. Би-Би-Сиді алсаңыз, оған мемлекеттің ықпалы жүрмейді. Осыны заңға үлкен тарау етіп кіргізу керек. Сонда ғана қоғам дамиды.

 

– Соңғы кезде биліктің өзі газеттен гөрі, интернет сайттарына басымдық беріп келеді. Бірақ сіздің буынға жаңа медиа емес, дәстүрлі медиа жақын шығар...

 

– Біріншіден, оқырман іздеген көп нәрсе қазір газетте жоқ. Басқасын айтпағанда, біз жанрларды құрттық. Газет алуан түрлі жанрдан тұрады. Бірінші бетте репортаж, екінші бетте сұхбат, үшінші бетте очерктер, төртінші бетте тіршілікке, оның ішінде мәдениет, әдебиет, спортқа қатысты дүниелер, сосын фельетон, памфлет шығатын еді. Қазір памфлет дегенді ұмыттық.

 

Ресей мен Украина соғысы, Ирандағы әйелдің жағдайы туралы қаны тамып тұрған памфлет жазуға болады. Бұл өзі елдің ішіндегі емес, халықаралық тақырыпқа арналған жанр. Оны жазатын адам қалған жоқ. Соңғысы марқұм Көпен ӘМІРБЕК еді. Маған біреу тапсырыс берсе, жазар едім. Тіпті, памфлет деген жанр бар екенін білетіндер азайды.

 

Фельетон да солай. Себебі, бізде ешкім сынды ұнатпайды. Шын мәнінде, бұл – белгілі бір деңгейде күлкі шақырып, обьектіні мәдениетті түрде әжуалап, оқуға шақыратын ерекше жанр. Жанр құрығаннан кейін, газет атаулы баспасөз релизі мен телеарнадағы сұхбаттың жазбаша көшірмесі болып қалды.

 

Екінші, газеттерде қате көп. Бықып жүреді. Сейдахмет БЕРДІҚҰЛОВ редактор болған кезде журналисті алдымен корректор етіп салатын. Содан кейін ғана бөлімге алатын. Жұмысын корректор боп бастаған тілші сауатты жазады. Қазір ше? Сөйлем дұрыс құрылмағанын айтпағанда, грамматикалық қате өріп жүр. Қазақ тілін шенеуніктер мен орыстілділер құртты деп ойлаймыз, бірақ қазақ тілін құртқан – журналистер.

 

Жарайды, қате кеткен екен. Бұрын ертесіне кешірім сұралатын. «Мына сөйлем былай оқылсын» деп түзету беріп, нұқсан келген адамдардан кешірім сұрап, «оған жауаптылар жазаланды» дейтін. Қазір бәріне көз жұма қарайды. Кешірім сұрау, түзету беру мәдениеті жоғалды.

Жұрт газеттен рухани азық іздейді. Пәленшенің екінші рет және өзінен он бес жас кіші жігітке күйеуге шыққаны кімге керек? Он адамға қызық шығар, мың адамға керек емес. Ал сол әншіден жақсы ән, шығарма туса – бұл халықтың байлығы. Демек, көретін жақты көрмейміз, көрмейтін жағын көреміз.

 

Бізде ауыл шаруашылығына, медицинаға, білімге, экономикаға, құқық қорғау саласына арналған бағдарлама бар да, журналистердің өзіне арналған бағдарлама жоқ. Бір телеарнадан ашса, кемшілігімізді, қателігімізді көрсетіп, өзіміздің қотырымызды өзіміз қасысақ, анағұрлым пайдалы болар еді.

 

«Креативті продюсер әзілкеш емес, ойлы азамат болуы тиіс»

 

– Сізді ара-тұра журналистерге дәріс беруге шақырады екен. Журналистердің сауатын арттыруға Фейсбуктегі «Қайнар олжайдың сабақтары» парақшаңыз да көп септігін тигізіп жатқан сияқты. 

 

– Бұрын телеарнада жүргенде жаңалықтар дирекциясына екі-үш күнде барып, журналистердің сөз қолданысындағы қатесін айтып жүрдім. Кейін бұл тоқтаған соң жас журналистер «Фейсбуктен топ ашайық, соған салып тұрыңыз» деді. Қазір оқырман саны 5 мыңнан асты. Көріп қалған әріп қатесінен бөлек, сөйлемнің дұрыс құрылмауы, сөздердің орнымен қолданылмауына назар аударамын. Ешкімнің тапсырмасы, өтініші емес, тек қана жанашырлықтан ғана.

 

Адамның білімі – ұлттың байлығы. Оны бұлдаудың қажеті жоқ. Ал былтыр жыл соңында «Хабар» агенттігі арнайы ұсыныс жасап, ақылы түрде тренинг өткізуге шақырды. Үш күндік сабақта 60-қа жуық слайд болды. Тренингтен кейін салыстырып қарасам, журналистерде едәуір ілгерілеу, іздену бар.

 

– Соңғы жылдары телеарнада «креативті директор» деген қызмет пайда болды ғой. Бірақ солар өз міндетін дұрыс атқарып жүр ме?

 

– Иә, Тұрсынбек ҚАБАТОВ «Хабарға» креативті директор болыпты. Кезінде соның көптеген бағдарламасын қайта монтаждауға беретінмін. «Отырық, жатырық» деп сөйлейтін.

 

 

Екінші, әйелдердің рөлін жігіттердің ойнауына тыйым салдым. Бұл – ананы, қазақ әйелін қорлау. Зар еңіреп, араға адам салатын. Жөндемейінше, эфирден өткізбейтінмін. Әрине, бұл жаманатты жұмыс. Бұл талап мен телеарнадан кеткенше сақталды. Шын мәнінде, креативті продюсер қазақ телевизиясына керекті мамандық. Бірақ оны дұрыс атқарып жүрген жоқ.

 

Өзім телеарнада «Мың бір мақал», кейін марқұм Бейбіт ҚҰСАНБЕК жүргізген «Тіл» бағдарламасын төрт-ақ күнде жасадым «Деген екен», «Қырық өтірік», «Ел ағалары», «Сөз мерген» хабарының да авторы болдым. Осы қызметті абыроймен атқарып, қазақ телевизиясындағы санаулы креативті продюсердің бірі болдым деп ойлаймын.

 

Ал қазір қалай? Бізді уақыт, бәлкім билік пе екен, публицистикадан алыстата бастады. Ал қоғамға бірінші публицистика, ой керек болатын. Бірақ қазір ойдан алыстатып, арзан күлкіге әкелді. «Халық ойланбасын» деген саясат бүкіл телеарнаның ұстанымына айналып кетті. Енді бізге бұдан арылып, публицистикалық бағдарламаларға, шығармаларға оралуымыз керек. Ол үшін креативті продюсер ретінде әзілкештер емес, ойлы азаматтар келуі тиіс.

 

«Дариға – әзіл-қалжыңға бейім, ашық адам»

 

– «Хабар» демекші, әу баста сізді телеарнаға шақырған Дариға Назарбаева ма? Ол кісімен қарым-қатынасыңыз қалай еді?

 

– Дариғамен ешқандай туыстық қатынасым жоқ. Мені қызметке шақырғанға дейін ол кісіні көрмеппін. Дариғаның қол астында істеген Мақат САДЫҚ телефон шалып, дереу жетуімді сұрады. «Жеті күн» бағдарламасының қазақшасын сол, орысшасын Ерлан БЕКХОЖИН жүргізді. Оның мәтінін Виктор КИЯНИЦА жазатын. Ал Мақатқа соның деңгейінде мәтін жазатын адам керек болып, мені шақырды.

 

Сол күні Дариғаны алғаш көрдім. Саясаткерлігін айта алмаймын, бірақ телевизияның бағытын, дамуын білетін мықты менеджер. Ол әзіл-қалжыңға, ұлттық дәстүрге бейім, өте ашық адам.

 

 

Басқа жаман әрекеті, қылығын халық айтып жатыр ғой. Әрине, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қызы болу арқылы жақсыдан гөрі, жаман нәрсе көбірек таңылып кетті деп ойлаймын. Менің ұғымымда оның бұрынғы күйеуі мықты хирург болып қала беру керек еді, ал өзі тарих-әлеуметтанушы мамандығын игерген адам ретінде телевизияны басқара беруіне болар еді. Бірақ кейін оның мәжіліске, сенатқа барып, саясатқа араласуы бекер болған сияқты.

 

– Әлеуметтік желіде де белсендісіз. Әңгімені майын тамызып жазасыз. Өзіңізді жаңа заманға бейімделген блогер сезінбейсіз бе?

 

– Блогер емеспін де, өзімді блогер сезінбеймін де. Маған жазу бір-ақ жағдайда керек. Жаным тазару үшін жазамын. Адам екі күнде душ қабылдап, аптасына бір рет моншаға барады ғой. Судан адамның тәні тазаланады. Сол сияқты жазғаннан жаным тазарады.

 

Байқайсың ба, қоғам өте лас, кірлеп кетті. Дегенмен, оқырман сүйсініп оқиды екен. Қызықты жеріне келгенде тоқтай қалып, кідіріс жасап, оқырманның реакциясын күту де қызық. Халық айтылғанды, жазылғанды қабылдап, миына сіңіру керек. Жеңіл, бейнелі түрде, сосын аз-маз юмор қосып жазған абзал.

 

Менде екі нәрсе дайын. «Жазу және редакциялау технологиясы» мен хрестоматиясы тұр. Дәурен АБАЕВ министр болып тұрғанда айтып едім, көмектесемін деген. Бір рет айттым, сол күйі аяқсыз қалды. Әр министрдің алдына барып, айтуға ұятым жібермейді. Бұл менің табиғатыма жат.

 

– Жазудан басқа бос уақытыңызда немен айналысасыз?

 

– Адам өмірге келгенннен бастап өзін-өзі тәрбиелейді. Әр адам жаман қасиетінен арылуы керек. Мысалы, бір жылы темекіні тастадым. Тіпті, бұрын компьютерде мен ойнамаған ойын қалмады. Түбін түсіріп, бес-алты сағаттап отыратынмын. Ақыры өзімді жеңіп, соны тоқтаттым.

 

«Олимп» деген шыққанда компьютер арқылы 500 теңге қойып, кешке дейін 5 мыңға жеткізіп, түнге қарай салып кететінмін. 70 мыңдап, тіпті одан да көп ақша ұтып көрдім. Бірақ қазіргілер ойнайтындай зиянға шықпадым. Бұған да есеп-қисап, логика керек қой. Кейін технологиясын білген соң қызық болмады. Сол құмарлықты да қойып кеттім. Қазір кейде әріптес достармен бильярдты ермек ететінім бар. Менің негізгі кәсібім – жазу. Оқырманның пікірі шабыт береді. Сайтқа қосымша мақала жазып тұрдым. 200-ден аса мақалам шығыпты. Қазір менде үш кітаптың жүгін көтеретін дүние бар.

 

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

 

 

 

 

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста