Соңғы уақытта қабірге қойылған, түрлі-түсті металдан жасалған белгілерді ұрлап, сатып пайда табуды кәсіпке айналдырғандар, яғни вандалдар еліміздің әр аймағынан бой көрсетіп жүр. Таяуда Қарағанды облысы Теміртау қаласының маңындағы мұсылман зиратының 18 қабір қоршауын қиратқан вандалдар қолға түсті. Олар төрт мазардың қабырғаларын қиратып, металл қоршауларын алып кеткен. Басқа зираттардың мәрмәр тастары мен жазуларын құртып, ұрлаған металдарын небәрі 1 500 теңгеге өткізген. Қарап тұрсаңыз, мұндай жантүршігерлік оқиғалар еліміздің барлық облыстарында дерлік орын алып отыр. ОҚО, Павлодар, СҚО, Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы облысы т.б. өңірлердің көпшілігінде кездесуде. Сонда зиратта жатқан өлілерге де тыныштық бермей, қабірлерін қорлатып қойғанымыз қалай? Бұл қу құлқынның қамын ойлап, ақшаға азғындағандықтың белгісі ме, әлде басқалай себебі бар ма? Мұнымен күресудің жолдары қандай? Біз бүгін осы тақырыпқа аз-кем тоқталғанды жөн көрдік.
Бейбіт КЕЛГЕНБАЕВ, Алматы облысы Жамбыл аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі:
– Жақында Жамбыл ауданындағы зираттан 32 қабірді бұзған, одан кейін Қарасай ауданындағы жеті қабірді, тағы да Еңбекшіқазақ ауданындағы жеті қабірді бұзып, түрлі-түсті металл белгілерін ұрлап келген қылмыстық топ құрықталды. Олар өздерінің олжалаған заттарын түрлі металл қабылдайтын зауытқа өткізіп, пайда тауып келген. Олар ұрлықты алғашында түнде жасаса, кейін еркінсіп кетіп, күндіз де зиратты тонаумен айналысқан. Өздерінің айтуынша, олар ақшадан қатты қысылып кеткен көрінеді. Қазіргі таңда олардың үстінен ҚР Құқықтық кодексінің 175-бабының 3-бөлімінің «Б» тармағымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Айта кетейік, жоғарыдағы фактілердің барлығы жергілікті халықтың нақты бізге арызданып келгенінен кейін анықталып отыр. Алайда халық зират басына күнделікті бара бермейді ғой. Сондықтан бұл фактілер әлі де еселене түсуі әбден мүмкін. Егер туыстарының қабірлері бұзылған тұрғындар болса, Жамбыл аудандық ішкі істер басқармасына хабарласуларын сұраймыз.
Ол – ол ма, тіпті ұлт батырына айналған Бекзат Саттарханов пен аса көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамеджановтың да қабірін Құдайдан қорықпайтын жауыздар қиратып, бекзада жігітіміздің мыстан жасалған медальдарын қолды қылып кеткен. Өкініштісі сол, қазақтың бетке тұтар қос азаматының қабіріне шабуыл жасағандар әлі күнге дейін бостандықта жүр. Алаштың аяулыларының қабірін осыншама қорлатып қойғанымыз қазақтығымызға сын емес пе?..
Негізі, елімізде қабір қиратушы вандалдарға қатысты заң бар ма? Олар қалай жазалануы тиіс?
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Қылмыстық кодексте мүсін немесе ескерткіштерді қорлағандарға екі түрлі бап бар. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 275-бабында өлгендердің мәйітін қорлағандарға, құлпытастарды, зират сарайындағы күмбездерді бүлдіргендерге бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Оның да ауырлататын түрлері бар. Мәселен, зиратты бүлдіруді әлденеше рет қайталаса, ұйымдасқан топ болып ұрлық жасаса немесе қорласа, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділікті қоздыру мақсатында жасалса, онда бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады. Негізі, мұның барлығы адамгершілікке жатпайтын қылмыс болып табылады. Екіншісі – 258-бап. Егер үйлерді, ғимараттарды немесе үлкен тұлғаларға арналып салынған ескерткіштерді бүлдірсе, онда мұның жазалары аса ауыр емес. Себебі бұл тағылық, яғни вандализм болып табылады. Мұндай жағдайда төрт айға немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Сондай-ақ 500 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады.
Ел арасында «жұрттың зәресін алған мұндай оқиғаларға исламның теріс ағымдарының да қатысы бар» деген әңгімелер бар. Тіпті Атырау қаласының №2 сотында 30 бірдей моланы қиратқан сегіз адамның ісі бойынша сот процесі болып өтті. Сонда әлгі жігіттер Қылмыстық кодекстің 275-бабы бойынша «өлгендердің денелерін және олардың жерленген жерлерін қорлау» деген айыппен айыпталды. Тергеу барысында күдіктілер зираттағы тас қабырғаларды құлатып, өлгендердің бастарына қойылған тастарды қиратқандарын мойындаған. Сотталғандардың бәрі Қазақстанда тіркелмеген діни ағымдардың біріне жатады, бұл ағым бабалар мен қасиетті орындарға тағзым етуге, табынуға қарсы. Ұсталғандардан көптеген діни кітап, үнпарақтар, дәрістер мен уағыздар жазылған дискілер тәркіленген.
Еліміздегі діни сайттардың бірінде қабір басына барып құран оқуға қарсы шыққан діни ағым туралы былай делінген екен: «Негізінде, уахабилер әрекеті тарихта талай қанды іздерін қалдырған. Олар ХІХ ғасырдың басында Мекке, Мәдина қалаларындағы барлық қабір тастарды, тіпті Айша мен Фатима аналарымыздың және көптеген сахабаның сағанасын жермен-жексен еткен. Кезінде Осман түріктеріне соғыс ашып, олардың ұстанған ханафи мәзһабын «күпірлік» деп жариялаған. Мұхаммед ибн әл-Уаһһаб дінсіздерге, зекет бермейтіндерге және намаз оқымайтындарға қарсы жиһад ашуға дейін рұқсат еткен. Олар дүниауи мәдениет және өнермен айналысуды (музыка, театр, көркемсурет т.б.) кешірілмейтін күнә санайды. Олар ислам әлемі 14 ғасырдан бері мойындап келе жатқан төрт мәзһабты мойындамайды».
Жалпы, вандализм әрекетіне қалай тосқауыл қоямыз? Қолданыстағы заңды қатайту арқылы мұны тыюға бола ма? Кейбір қоғам қайраткерлерінің айтуынша, мұны заңмен жою мүмкін емес екен. Онымен күресудің бірден-бір жолы қоғамда психологиялық сауықтыру мен ағартушылық тұрғыда жұмыс жүргізіп, халықтың мәдениетін өсіріп, рухани байыту арқылы ғана қол жеткізе алатын көрінеміз. Қалай десек те, мемлекет тарапынан рухани-мәдени құндылықтарымызды сақтап, дәстүрлі дінімізді жан-жақты насихаттайтын уақыт жеткен секілді.