Прокурорлар «Достықты» даудан арашалады
Шымкентте 2006 жылы «Достық» мөлтекауданы мемлекеттің қазынасына салмақ түсірмей, жергілікті кәсіпкерлер мен жомарт жандардың демеушілігімен негізі қаланған еді. Бұл мөлтекаудандағы үйлер көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар мен асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне, бір сөзбен айтқанда, жағдайы қиын жанұяларға арналған-ды. Алайда жүйенің дұрыс жүргізілмеуі, жоспардың дұрыс ойластырылмауы, үміткерлер тізімін жасаудағы шикіліктер салдарынан тұрғындар арасында үлкен түсініспеушіліктер туындады.
Салынып біткеніне біршама уақыт болғанымен, дер кезінде иелеріне меншіктеле қоймаған үйлерге құжаты барлар есігін ашып, құжаты жоқтар есігін бұзып кіріп алған болатын. Далада қалғанша осыны дұрыс көрген де болар. Үйге кіріп алған тұрғындар енді ауызсуға, электр энергиясына қатысты келеңсіздіктерді алға тартып, биліктің біраз ұйқысын қашырғаны да жасырып-жабатын жайт емес. Қысқартып айтқанда, осы тұстан басталған келеңсіздік арада 5 жыл уақыт өтсе де, толығымен шешілмей келеді.
Бұл сырткөзге де байқалған көріністер еді, ал ресми органдар «Достық» мөлтекауданының «ішкі құпиясы» жайлы не дейді? «Достықтағы» жағдайды жіті зерттеу үшін облыстық прокуратурадан арнайы жұмысшы тобы құрылып, оған жетекшілік ету міндеті облыс прокурорының орынбасары Ибрагим Имановқа жүктелген екен. Тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу мақсатында Шымкент қалалық әкімдігінің 2006 жылы шыққан қаулысымен «Өркениет» мемлекеттік қоры құрылып, оған түрлі қоғамдық акциялар нәтижесінде кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардан демеушілік ретінде түскен қаржы жинақтала бастады. Сөйтіп, «Сырым Батыр», «Бозарық», «Қосай» және «Аңламас» өндірістік кооперативі төрағаларының өтініштері негізінде Шымкент қаласы әкімдігінің арнайы қаулысы шығып, 282 гектар жер телімі «Достық» мөлтекауданын құру үшін бөлінеді. Бастапқыда 506 тұрғын үй соғу жоспарланған. Оның 130-ы «Өркениет» қайырымдылық қорына түскен қаржы есебінен, қалғаны коммерциялық ұйымдар мен кәсіпкерлер көмегі есебінен тұрғызылатын болып бекітілді. Көп ұзамай алғашқы үйлер де ірге тебе бастады. Үй бөлетін комиссияның жұмыс тобы құрылып, баспанаға мұқтаж, аз қамтамасыз етілген 433 азаматтың тізімі жасалып, оларға Шымкент қаласы әкімдігінің бірнеше қаулысын басшылыққа ала отырып, құрылысы аяқталған үйлер мен жер телімдерін бөліп берген. Алғашқы дау осы тұста тұтанып, жоғарыда аталған комиссияның шешіміне наразылықтар туындады. Бұл наразылық кейіннен облыстық прокуратура, облыс әкімдігі, тіпті Бас прокуратура мен Президент Әкімшілігіне дейін жетті. «Демеушілердің ақшасын жеп қойды. Үйді тамыр-таныстарына таратып берді» деген айыптаулар мен осы мағынадағы арыз-шағымдар құзырлы орындардың тартпасына түсті. Облыстық прокуратураның тексеруі нәтижесінде төмендегі жайттар анықталды. Қала әкімінің қаулысына сәйкес «Достық» мөлтекауданындағы тұрғын үйлер мен жер телімдеріне құқық берілген 365 тұлғаға Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімімен жер телімдеріне меншік құқығын белгілейтін актілер берілген. Алайда оның ішінде 145 жер теліміне, дәлірегі, 63 тұрғын үй мен 82 бос жер теліміне құқықты куәландыратын құжаттар алынбаған. Орын алған осы секілді заңсыздықтарға орай 2007 жылдың желтоқсанында облыс әкімінің атына ұсыныс енгізілген. Алайда тәртіптік жауапқа тартылатын жан табылмады. Өйткені бұл заңсыздыққа жол берген сол кездегі жауапты қызметкерлер қазір мемлекеттік қызмет атқармайтын болып шықты. Сонда дейміз-ау, ертең бұл саладан кетемін деген шолақ оймен мемлекеттік қызметкерлер заңды белден баса берсе, қарапайым халықтың жағдайы не болмақ?! Прокуратура тарапынан, қала әкімдігіне заңбұзушылықтарды жоюға шара қолдану да тапсырылған. Басты бақылаушы органның ұсынысына жүрдім-бардым қарады ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір, қалалық әкімдік тарапынан бұл тапсырманың орындалуына байланысты тиісті іс-шаралар қолданылмаған. Мұнан кейін қалыптасқан жағдай туралы ақпараттық хаттар Бас прокуратура мен Үкіметке де жолданды.
Ербол ӨСТЕМІРОВ, ОҚО прокуратурасы бірінші басқармасының прокуроры:
– «Достық» мөлтекауданындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында облыстық прокуратура мен уәкілетті мемлекеттік органдар мамандарының қатысуында толыққанды зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына бірқатар іс-шараларды уәкілетті органдармен бірлесіп атқару ұсынылып, ол қолдау тапқан. Атап айтқанда:
– «Достық» мөлтекауданында орналасқан барлық жер телімдеріне түгендеу жүргізіп, олардың нақты шекараларын, орналасу жерін және реттік санын анықтау;
– демеушілер мен «Өркениет» қорының көмегімен ретсіз салынған тұрғын үйлерді құрылыс нормалары мен ережелерге және сейсмотұрақтылыққа сәйкестігін анықтау;
– құқықты куәландыратын құжаты жоқ тұлғалар бос тұрған үйлерге өз еркімен кіріп алған. Өз кезегінде ондай үйлерді «иесіз» деп танып, коммуналдық меншікке қабылдап, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қайта бөлу ұсынылды.
Ендігі жерде «Достықтағы» құрылысы аяқталған тұрғын үйлердің тағдыры – Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-ының уысында. 2008 жылы осындай қаулы шығарылып, әкімдік өзінің мойнындағы жүкті аталған серіктестіктің жауапкершілігіне өткізді. Дегенмен бұл қалалық әкімдік жауапкершіліктен толықтай құтылды деген сөз емес. Облыстық прокуратураның арнайы жұмыс тобы мөлтекаудандағы әрбір жер телімін сызбаға түсіріп, бұрынғы, кейінгі егелері туралы барлық мәліметтерді жинақтап, облыс әкімдігіне тағы да ақпараттық хат жолдады.
Ибрагим ИМАНОВ, облыс прокурорының орынбасары:
– «Достықтағы» жағдайға байланысты кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Жинақталған құжаттарға сараптама жасалды. Бас прокуратурадан түскен нұсқауларды басшылыққа алдық. Арыз-шағыммен жүрген әрбір азаматты облыс прокуроры Берік Құлтасов жеке-жеке қабылдап, оларға тиісті жауаптар қайтарылды, заң талаптары түсіндірілді. Осындай қабылдаулардан соң жұмысшы тобы облыс прокурорынан тиісті нұсқаулар алып отырды. Соның нәтижесінде «Достық» тұрғындарын алаңдатып келген түйінді проблемаларды дер кезінде шеше алдық деп толық сеніммен айта аламыз.
Дина КЕМЕЛБЕКОВА, мөлтекауданның тұрғыны:
– «Достықта» шешімін күткен мәселе көп. Осы кезге дейін талай құзырлы органдардың табалдырығын тоздырдық. Жанайқайымыз жаңғырық күйінде қалып келді. Облыстық прокуратураның тікелей араласуының арқасында заңсыздықтарға тосқауыл қойылып, тұрғындардың мұқтаждығын шешуге көмектескені үшін алғыс айтқымыз келеді.
«Достықтың» тұрғындары үйлердің сапасыз соғылғанын да жасырмайды. Ал құрылыстың сапасын тексерген тиісті мекемелер бәрі де «окей» дейді. Сонда қайсысының сөзі шындыққа жанасады? Бұл – енді бөлек әңгіме.