Павлодар облысында жыл басынан бері 18 қыз бала оң жақта отырып, жүкті болып қалған. Осындай статистиканы сала мамандары жариялап отыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Тағы 13 жеткіншек жасанды түсік жасапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі жыл бұрын 143 оқушы қыз мектеп қабырғасында жүкті болып, ана атанған. Ал былтыр 40 кәмелеттік жасқа толмаған бала есепке алынған.
Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айман Оспанованың айтуынша, жас кезден ана атанғандардың ең кішісі 14-те ,ал ең үлкені 17 жаста екен.
«Орталықта тұрмыс құрмай бала көтерген 31 қыз тіркелді. Олардың 18-і балалы болса, қалғаны жүктілігін тоқтатқан. Жасанды түсік жасатуға ата-аналары келісім берген. Жасанды түсік жасатқан қыздардың 10-ы Павлодар қаласы, екеуі Екібастұз қаласы, ал біреуі Шарбақты ауданының емдеу мекемелерінде тіркелген», - дейді Айман Оспанова.
Мамандардың пайымдауынша, буыны қатпаған жасөспірімдер арасында денсаулық сағаттарын көптеп өткізу керек. Сонымен қатар, психологиялық көмек көрсету қажет. Бұл бағытта өңірдегі білім беру басқармасы тарапынан тиісті жұмыс атқарылған.
«Өткен оқу жылында тәрбие сабақтарына 59 мыңнан астам оқушы мен 8 мыңнан астам ата-ана қатысқан. Облыстағы мектептерде 400-ге жуық сынып сағаты, дөңгелек үстелдер сияқты шаралар ұйымдастырылды. Ал биылғы жылы арнайы жоспар әзірленді. Жұмыс жалғаса береді», - дейді мамандар.