Павлодар іргесіндегі қызыл көл неліктен тартылып қалғаны белгілі болды
Экология министрлігінің қызметкерлері, әкімдік өкілдері, экологтар мен жергілікті тұрғындар Павлодар облысындағы Коряковка көлін тексерді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Коряковка көлі жазық ойпатта орналасқан. Көлдің ауданы шамамен 11 км2, ұзындығы 5,6 км, ені 1,5 км. Су айдынының ауданы 4,1 км2, тереңдігі 0,3-0,7 м. Көл - тұзды шөгіндіден құралған. Тұз қабатының тығыздығы өзгермелі, 0,42-ден 0,76 м аралығында, орташа 0,61 м. Көл Павлодар қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 17 км жерде орналасқан. Көлге ең жақын орналаскан елді мекендер: Коряковка (батысқа қарай) және Кеменгер (солтүстік-шығысқа қарай) ауылдары. Аудан жер бедері жазық құрғақ дала аймағында орналасқан.
Коряковка ағынсыз көлге жатады. Сондықтан негізінен күзгі және қысқы жауын-шашын мөлшері есебінен толып отырады. Ол Павлодар облысының балық шаруашылығы су айдындарының тізіміне кірмейді.
"Егер көлдің таяздануы туралы айтатын болсақ, Коряковка көлінің тартылуы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты. Биыл су шаруашылығы үшін қолайсыз климаттық жағдай туындағанын атап өту керек. Қыста қар аз түсті және жыл басынан бері ағын судың болмауына байланысты, көлдің су деңгейі төмендеп кетті. Ал өзендер мен салалар түрінде көлге құятын табиғи қоректену көзі жоқ. Сонымен қатар, биыл өңірде су аз, құрғақшылық пен ауа райының жоғары температурасы байқалады", - деп атап өтті Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Е.Омаров.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар соңғы төрт жылда ауа райына байланысты көл шынымен де тартылып кеткенін, бірақ бұл циклдік, климаттық жағдайлармен байланысты екенін атап өтті.
Сапар қорытындысы бойынша көл аумағын көлік шиналарынан тазарту, учаскелік инспекторларға көлдің аумағына автокөлікпен кіруді бақылауды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz