Табиғи заттың бәрі жасанды дүниеге көшкен қоғамда биологиялық белсенді қоспалардың бизнесі қыз-қыз қайнап тұр. Биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы өлгенді ғана тірілтпейді, өңге ыңқыл-сыңқыл, ауру-сырқау бұларға бұйым емес деп басталады. Небәрі он жылға жуық уақытта ел ішінде ерекше ілтипатқа ие болып жүрген бұл заттар қаншалықты қауіпсіз? Оны әзірге елеп-екшеп жатқан жұрт некен-саяқ. Ең өкініштісі, мұның ем-домнан гөрі кәдімгі бизнес екенін екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Шетелдің ББҚ шекара асып келіп, бұқара арасында кеңінен сатылып жатыр. Ал оның залалсыздығына кепіл бар ма?
Нарықтың өз парқы бар. Бірақ парықтан гөрі пайда көздеу көбірек, осы күні. Соның бірі – ББҚ. Қазір адамның жанынан басқаның бәрі табылады. Тек қалтаңызды қампитқан ақшаңыз болсын. Жасанды сүт ішеміз. Жасанды жеміс-жидек жейміз. Жасанды биологиялық белсенді заттар ішеміз. Ағзамызды ауқаттандыру үшін. Бара-бара жасанды резеңке ет жесек, оған да таңғалмаймыз. Жасанды еттің ағзаға айтарлықтай пайдасы орасан деп отыра береміз, талғап жұтып. Соның ішінде кейінгі онжылдықта жұртты он орап алған – биологиялық белсенді қоспалар. Бұл қоспаларға қалай келдік? Мұны сатып алып ішуге не мәжбүрлейді? Әуелі осының басын ашып алайық.
Не Дәрі емес, Не тағам емес
ББҚ деген не өзі? Адамның денсаулығына тигізер, оны емдеп-жазар қандай кереметі бар? ББҚ – бұл табиғи заттардан дайындалған ағзаға қажетті биологиялық қосындыдан құралған қоспа. Бұл не дәрі емес, не дәрмек емес. Тағамға арналған қосынды. Мамандардың айтуынша, ББҚ екіге бөлінеді екен. «Біріншісі дәрілік заттарға теңестірілгенін парафармацевтик деп аталса, екіншісі тек таза биоқосымшадан тұратын, тағамға, дәрі-дәрмекке қосымша ішілетін нутрицевтик деп аталады. Халықтың көбінесе биологиялық белсенді қоспалар дейтіні осы – нутрицевтикалық биологиялық қоспа. Бұлардың барлығы сауда орындарында сатылуға құқығы бар, олардың бәрі ҚР заңына сәйкес Тамақтану институтынан тексеруден өткеннен кейін ғана тіркеуге алынады. Парафармацевтиктерді фармацевтикалық бақылау комитеті тексерсе, нутрицевтиктердің реттелуін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет комитеті қадағалайды» дейді мамандар.
Таңдау: Биологиялық белсенді қоспалар әлде мықты дәрігер?
Адам болған соң басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Сондайда шырқыраған жаныңызды шүберекке түйіп, дәрігерге жүгінесіз. Жүгінген дәрігеріңіз антына адал маман болса, Алланың жарылқағаны деңіз. Ал немқұрайдылық иектеп, екі иығына мініп алғанына тап келсеңіз, көретін көрешегіңіз алда. Әсіресе отбасылық амбулаториялық емханалардағы дәрігерлерді немкеттілік әлдеқашан меншіктеп алған. Өлмек түгіл өмірем қатыңыз, селт етпейді. Сезімсіз деуге келмес. Бірақ біліктілігіне күмән бар. Содан келіп әлгі жарнамасы жер жарған, шекара асып келген биологиялық қоспаларды алуға бірінші себеп пайда болады. Үміт етіп барған дәрігерден қайыр болмаған соң, жұрттан сұрастыра жүріп, әлгі «ауру» атаулыны алып соғатын ББҚ-ны қалай сатып алғаныңызды да білмей қаласыз. Сонда мұның түп-төркінінде қазіргі медицинаға деген сенімсіздік тұр. ББҚ-ға апаратын көп себептің бастауы – осы. Әлбетте, ББҚ туралы ғалымдар мен дәрігерлердің пікірлері әр алуан. Оның ағзаға пайдасы болмаса, зияны кем дейді біреулері. Екіншісі, экологиясы лас, тағамдануы дұрыс емес, ішкен ас-суының химиялық құрамы кем азық-түлік тұтынатындықтан ағзаға қосымша көмек болар ББҚ-ның залалы жоқ деседі.
Ғаламторда жарияланған құзырлы орындардың деректеріне үңілсек, 2010 жылдары Қазақстанда ББҚ-ның мемлекеттік тіркеуінде 45 елдің 478 өндірушілерінен 2768 ББҚ тіркеліпті. Ал енді бүгінгі таңдағы үрдісі бұдан артық болмаса кем еместігіне бәс тігуге бармыз. Бұдан бірер жыл бұрын еліміздің ғалымдарының өздері де бұл ББҚ-ның жарнамалары көбінде шынайы еместігін айтып дабыл қаққан болатын. Соған орай ББҚ тіркелуін қадағалауды негіздеген заңнама дүниеге келген еді. Сол уақытта ол заңнама жалған жарнамаланған ББҚ-ға тосқауыл болады деген де пікір айтылған. Өйткені кезінде «Гербалайф» компаниясының өнімдері кеңінен сатылып, оның денсаулыққа зияндығы мәлім болған соң аты өшкені белгілі. Дәл осындай кейіп кез келген ББҚ-да болуы әбден мүмкін. 100 пайыз қауіпсіз деп ешкім де кепілдік бере алмайды.
Шетелден келетін ББҚ-дан төнуі мүмкін қауіп ретінде ресейлік ғалымдар бірқатар жайттарды атап отыр. Олардың қатарында олардың әрекет етуінің түпкілікті зерттелмеуі, тиімділігінің нақтыланбауы бар. Оған қоса ББҚ құрамындағы заттардың кері әсерлері. Жалпы, ББҚ құрамының жіті сараптан өтпеуі. Сондай-ақ ұзақ уақыт және бақылаусыз ішу салдарынан улану. Оның басқа дәрі-дәрмектермен әрекеттесуі де беймәлім күйінде қалуда. Тіпті қайсыбірінде жануарлардың майларының болуы да адамның жануарларда болатын түрлі ауруды жұқтырып алу мүмкіндігін де қадап айтыпты.
Борис СУХАНОВ, медицина ғылымының докторы:
– Сонымен, ББҚ құрамында не бар? Бұл арада «тыйым салынбағанның бәріне рұқсат» принципі – негізгі ұстанымы. ББҚ құрамында болмауға тиіс өсімдіктер бар. Женшень, гинкго, йохимбе және т.б. Міне, солардың ББҚ құрамында болмауына қатаң бақылау қойылуы тиіс.
Өзге ел ББҚ-ға қалай қарайды?
Жапондар бұл қоспаларды 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеді екен. Ал АҚШ-тың есігін қаққалы 20 жыл болыпты. Сонымен қатар деректер Франция, Германияда да кеңінен қолданылса керек. АҚШ тұрғындарының – 80 пайызы, Жапонияның – 90 пайызы, Ресейдің 3 пайызы ББҚ-ны тұтынатын көрінеді. Алайда, ең қызығы, бұлар ББҚ осы екен деп бәрін жаппай тұтына бермейді екен. Мысалы, Грекия, Нидерланды, Бельгияда ББҚ ретінде дәрумендер мен минералды заттарды таниды. Оның өзі бір рет және тәуліктік пайдалануы қатаң қадағалауда болатынын айтады деректер.
Плацебо
Жасыратыны жоқ, ББҚ-ны қабылдап, содан құлантаза айығып кеттім дейтіндер де осы плацебо-эффект (латынша placebo – «ұнаймын») болуы мүмкін деген пікірлер де айтылып жүр. Яғни адамның қандай да бір қабылдаған ББҚ-ға сенімінің күшеюі. Сонымен қатар ол ББҚ-ның әсері болмаса да, өзге жанама әсерлердің ықпалынан ауруынан айығуы. Осы күні ББҚ қабылдап, мүлдем жазылып кеттім дейтіндер де осы эффект емесіне тағы кепіл жоқ.
Тобықтай түйін
Мамандар «ББҚ қорапшасында міндетті түрде нұсқаулығы, ондағы ақпарат қазақ, орыс тілдерінде жазылған болуы керек әрі қай комитет бекітсе, соның растағандығы туралы көрсетілуі шарт. Егер мұндай белгілер болмаған жағдайда оның жасырын жолмен жеткізілгендігіне күмән бар» дейді. Бірақ, өкінішке қарай, мұны назарда ұстайтын тұрғын кемде-кем. Сондықтан ББҚ ел ішінде емін-еркін қолданылып жүр. Бұл халық денсаулығына қатер емес пе?