Өзбек билігі қандастарымыздың Қазақстанға оралуын қаламай отыр

Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинағаннан кейін әлемнің әр аймағына тарыдай шашылып кеткен қандас бауырларымыз келе бастады. Осының арқасында елімізде қазақтың үлес салмағы басым болып, 67 пайызға жетіп отырмыз. Әрине, мұның барлығы Елбасымыздың игі бастамаларының, тікілей қамқорлығының арқасында жүзеге асуда. Алайда өз ағамыз болып жүрген өзбек ағайындар қандастарымыздың Қазақстанға оралуына қолдан кедергі жасап отыр. Оның үстіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайтын Көші-қон комитеті Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитетіне қосылғаннан кейін бұл салада түрлі түсініспеушіліктер орын алуда.
Қазір ала тақиялылар елінен келген оралмандардың барлығы Алматыдағы Өзбекстан елшілігінің алдында сабылып жүр. Өйткені олар «Қазақстанның азамат­ты­ғын алуы үшін алдымен Өзбекстан азаматтығынан шықты» деген тілдей анық­тама қағазы болуы керек. Оның үс­тіне, туыстас елдің шенеуніктері отандас­тары­мыздың Өзбекстан азаматтығынан шығу тәртібін бұрынғыдан да қатаңдатып жіберген. Ал ҚР ІІМ Миграциялық полиция ко­ми­тетіндегілердің айтуынша, өзіміздің халық қалаулыларымыз қабылдаған орал­мандарға қатысты заңның да шикі тұстары көп болып, «жығылған үстіне жұдырық» болуда.
Біз туындаған осы бір мәселенің анық-қанығын білу үшін ең бірінші Алматыдағы Өзбекстан елшілігінің есігін қақтық. Оның алдында ұзын-сонар кезекте 30-дан аса оралман ағайын тұр. Ішке кіру мүмкін емес. Журналист екенімізді айтып, мәсе­ленің мән-жайын түсіну үшін іштегі мамандармен тілдесуді өтінсек те, погон таққан ағаларымыз кіргізбеді. «Сіз алдын ала елшілікке хабарласып, қабыл­да­уына жазы­луыңыз керек», – дейді.
Онда жиналып тұрған оралман­дардың айтысы мынау:
— Бұрын азаматтыққа қатысты мә­селенің барлығын әр облыстағы Көші-қон басқармасы рәсімдеп отыратын. Қазір елшілікке сабылтып қойды. Атырау, Маң­ғыстау, ОҚО — жалпы, әр аймақтағы ор­ал­ман­ның барлығы осында тілдей ан­ықтама үшін жүр. Ал оны алу мүмкін емес. Себебі Өзбекстанның азаматтығынан шы­ғуды тіптен қатаңдатып қойды. Ол үшін 15 пункттен тұратын құжат жинауың керек. Жарайды дейік, осы құжаттардың бар­лығын өткізіп, тиісті қаржысын берсеңіз де, ол жақтан «Өзбекстан азаматтығынан шықты» деген анықтама қағаз келе қоймайды.
Нұржігіт, оралман (өз өтініші бо­йын­ша аты өзгертіліп берілді):
— Мен сонау Шымкенттен сейсенбі күні келдім. «Сізді дүйсенбінің тізіміне енгіздік, сол уақытта келіңіз» дейді. Ал менің мұнда танысым жоқ. Қонақүйде күндігіне 5 мың теңге төлеп жатырмын. Оның үстіне, жеп-ішерің бар, ары-бері жол жүруің бар, қан­шама шығын шығып отыр. Өткенде бір ор­алман келіншек келіп жылады. Отбасында сегіз жан екен. Күйеуі жоқ. Ұл-қыз­да­рының барлығы мектеп жасындағы балалар. «Мен әрқайсымызға 110 доллардан 880 доллар қайдан табамын? Балаларымды киіндіремін бе, әлде сендерге беремін бе?» – деп көзіне жас алды. Бұрын мұн­дай ақы төлеу жоқ еді, барлығын әр об­лыстағы Көші-қон басқармасы өздері рәсімдейтін. Ал қазір, шынында да, қиын­да­тып жіберді. Адамдар ұзын-сонар кезекте тұрғаннан кейін бұл жерде делдалдар да пайда болды. 500-1000 доллар бер­сеңіз, сіздің құжатыңызды тез өткізіп береді.
Ал делдал айтады:
— Мен оралмандардың тірлігінің тез бітуіне көмектесемін. Енді оларға да сонау жерден қайта-қайта осында келген оңай емес. Ол үшін мен «мынадай ақша бересің» деп нақты баға айтпаймын. Халықтың бергенін аламын.
Қалай десек те, Өзбекстаннан келген оралмандардың мәселесі оңбай тұр. Әр аймақтан келген қандастарымыз кезек күтіп әлек. Шынында да, бұрын ҚР азамат­тығын алу және азаматтығынан шығуға қатысты құжаттарды әр аймақтағы Көші-қон басқармасы рәсімдейтін. Жарайды дейік, Өзбекстан жағы азаматтықтан шығу­ды қатаңдатсын-ақ. Ол өздерінің ішкі мә­се­лесі шығар. Дегенмен біз неге қандас­тарымызға «жығылған үстіне жұдырық» көрсетіп, оларды консулдықтың алдына сабылтып қойдық? Барлығын елшілікке жібермей-ақ, оралмандарды бір жерге үйіріп қоймай-ақ, әр облыстың Көші-қон полициясы басқармасындағылар қандас­тары­мыздың тиісті құжаттарын өздері жинап, консулдыққа өткізсе болмас па? Сонда оралмандар сонау Алматыға сабылмай, ұзын-сонар кезек те болмас еді. Енді мұның жолын тиімді шешу үшін не істеу керек?
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Мәжіліс депутаты:
— Мен жақында ғана Өзбекстан азаматтығынан шығу тәртібін жеңілдету мәселесі бойынша ҚР сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановқа депутаттық сауал жолдадым. Қазір әлемге шашырап кеткен 5 миллиондай отандасы­мыздың 1 млн-ға жуығы тарихи Ота­нына келіп үлгерді. Дегенмен соңғы уақытта Өзбекстан Республикасында тұратын қандастарымыздың Қазақ­станға оралуына кедергі жасалуда. Бұдан жеті жыл бұрын да Өзбекстан жағы осындай қатаң талаптар қойған болатын. Мұны Қ.Тоқаев мырзаның ара­ласуымен шешіп, Қазақстан азамат­тығын алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілген еді. Сондықтан мұны дипло­матиялық жолмен реттеп, шешуіміз керек. Шынында да, еліміздегі әр ай­мақтың көші-қон полициялары қан­дастарымызды Алматыға Өзбекс­тан­ның елшілігіне сабылтпай, өздері құ­жаттарды жинақтап, консулдыққа өткізуі керек еді.
Нұрғали НЫҒМЕТҰЛЫ, ҚР ІІМ Миграциялық полиция комитеті азаматтық басқару бөлімінің аға инспекторы:
— Өткенде жаңа заң қабылданды. Сол заң бойынша оралмандар Қазақстан азаматтығын алуы үшін алдымен «Өзбекстанның азаматтығынан шықты» деген анықтама құжаты болуы тиіс. Яғни Парламент заң қабылдаған кезде өзге елдің азаматтығынан шығуды көрсетіп, қалдырған еді. Біз қазір Парламентке осыған қайтадан өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасадық. Демек, ол жақтың азаматтығынан шыққандығы жөнінде анықтама керек емес. Бәрі бұрынғысынша болады. Егер депутаттар қолдаса, онда мұның барлығы ретке келетін еді. Ал оралмандардың құжаттарын әр аймақтағы Көші-қон полициясы өздері алып келіп, кон­сулдыққа өткізу жөніндегі мәселеге келетін болсақ, бұл өте қиын. Өйткені елшілік оралмандардың өздері құжат өткізгенін қалайды. Ал Көші-қон полициясы қызметкері оралмандардың құжатын сенімхатпен бірге тапсыруға келсе де, олар қабылдамауы мүмкін. Ол өзге елдің мекемесі болғаннан кейін біз оларға талап қоя алмаймыз.
Қанша дегенмен де, екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас оң шешімін тауып, тиісті заң жобасы оралмандар мәселесінің шешілуіне алып келіп, қандастарымыздың елге келуі, азаматтық алуы жеңілдетілсе жарар еді...

Алаш-анықтама
Алматыдағы Өзбекстан елшілігіне өткізілетін құжаттар тізімі:
– Ол жақтың азаматтығынан бас тарту туралы Өзбекстан Президентінің атына өтініш жазу.
– Өзіңіздің және балаларыңыздың туу туралы куәлігінің көшірмесі, неке туралы, егер ажырасса, некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі, егер күйеуі (жұбайы) қайтыс болса, оның да қайтыс болғандығы туралы куәлігінің көшірмесі, сондай-ақ күйеуі (жұбайы) Өзбекстан азаматы болса, онда оның сіздің Өзбекстан азаматтығынан шық­қаныңызға қарсы еместігі жөнінде нотариуспен бекітілген анықтама қағазы керек.
– Ажырасып кетсе де, күйеуінің (жұбайының) «Оның Өзбекстан азаматтығынан шыққанына қарсы емеспін» деген анықтамасы қажет.
– Егер баламен шықса, сондағы туыс, күйеуінің (жұбайының) «қарсы емеспін» деген рұқсаты болуы тиіс. Мұның барлығы нотариуспен бекітілуі қажет.
– Егер 14 жастағы баламен шықса, оның да әкесімен (анасымен) бірге Өзбекстан азаматтығынан шығуға қарсы еместігі жөнінде арызды жаздырып, консулдыққа өткізу.
– Егер ата-анасы Өзбекстан азаматы болса, онда олардың да баласының Өзбекстан азаматтығынан шығуына қарсы еместігі жөнінде нотариуспен бекітілген анықтамасы болуы қажет.
– Анкета толтыру.
– Жеке куәлігіңіздің барлық бетінің көшірмесі, әскери билетіңіздің де дәл солай көшірмесін өткізу.
– Оған қоса 110 АҚШ доллары көлемінде консулдық шығын төлеу керек.
– Елшіліктегілер құжатты тек дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма күндері сағат 9:30-дан 13:00-ге дейін ғана қабылдайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста