Отшашуға тыйым салу туралы заң керек
Әдетте барлық адам Жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға тырысады. Жаңа жылға арнайы жасалатын дастарқан мәзірі, Аяз ата мен Қарша қыздың сыйлығы, қысы-жазы жасыл түстегі шыршаны түрлі әсем ойыншықтармен безендіріп, төрімізге шығару секілді рәсімдердің барлығы – мереке алдында адамдардың көңіл-күйін көтеру үшін ойлап табылған дүниелер. Соңғы кездері осыларға қоса аспанға түрлі отшашуларды атып, көңіл көтеру де әрбір жанұяның Жаңа жыл алдындағы ажырамас әдетіне айналып бара жатыр. Көңіл көтерген жақсы-ау, бірақ...
Мұндай отшашулардың соңы опық жегізіп, мерекенің аяғы қайғылы, оқыс оқиғалармен де аяқталып жатыр. Мәселен, кеше ғана табалдырығымыздан аттаған қоян жылы бір ғана Алматы қаласының өзінде Жаңа жылды отшашумен қарсы алмақ болған отызға жуық адам жарақат алып, «көңіл көтереді» деген пиротехникалық өнім бір ер адамның басының жартысын жұлып әкетіп, бақилық қылған. Осылайша елімізге лицензиясыз еніп кеткен отшашулар мереке күндері тіркелетін оқыс оқиғалардың санын күрт көбейтуге себепкер болып отыр. Бет-аузын күйік шалған балалар мен жасөспірімдер де бір-екі күннің ішінде аурухана төсектерін толтырып тастаған. Өкініштісі: мұндай оқыс оқиғалар елімізде жыл сайын кездесуде. Мамандар: «Халқымыз қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамай, Қытайдың пиротехникасынан зардап шегіп жатыр», – дейді.
Гүлшат ДӘУРЕНБЕКОВА, Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметінің бастығы:
– 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасында 28 оқыс оқиға тіркелсе, оның 12-сі өртке қатысты болған. Алдын ала болжам бойынша, бұл өрттер пиротехникалық заттардың ұшқынынан тұтануы мүмкін деген жорамал бар. Өйткені бізге бірнеше үйдің балкондарының өртенгені туралы ақпарат түсті. Көп жағдайда балалардың тұрғын үйлердің балкондарынан отшашу атуға әуес екенін ескерсек, бұл жорамалымыз негізсіз емес. Қазіргі таңда бұл өрттердің шығу төркіні тиісті орындар тарапынан тексерілу үстінде. Ал пиротехникалық заттарды қолдану кезінде 24 адам зардап шегіп, әртүрлі дене жарақаттарын алса, оның 11-і – бес жас пен 15 жас аралығындағы балалар. Олардың ішінде отшашу салдарынан саусақтары жұлынып, көздері күйіп, яғни айтарлықтай дене жарақатын алғандары да кездеседі. Ал пиротехникалық заттардың әсерінен болған адам шығыны туралы мәліметтер бізде тіркелмейді. Халық пиротехникалық өнімдерді арнайы сертификаты бар, тексеруден өткен дүкендерден алғаны дұрыс. Алайда көп жағдайда халық арзандығына қызығып, сертификаты жоқ, шекарадан заңсыз өткен, базардағы бақылаусыз өнімдерді сатып алып жатады. Негізі, сатушының өзі отшашуды қалай пайдалану керектігі жөнінде түсіндіруі тиіс. Бірақ сатушылар да мұндай талапты орындай бермейді. Осыған дейін де отшашуларсыз Жаңа жылды қарсы алып келдік қой. Сондықтан ата-аналар мүмкіндігінше балаларының отшашумен ойнамауын қадағаласа, дұрыс болар еді.
Мамандар осылайша: «Әркім өз баласының өміріне өзі жауапты, сондықтан өздері қауіпсіздік ережесін сақтауға тырысуы тиіс», – дейді. Өйткені елімізге лицензиясыз еніп кеткен өнімдердің салдарынан болған оқыс оқиғаға кінәліні табу мүмкін емес. Елімізде пиротехникалық өнімді мүлдем қолданбау жөнінде тыйым да жасалмаған. Мәселен, көрші Ресейде пиротехникалық өнім 2009 жылы 5 желтоқсанда Пермь қаласының «Хромая лошадь» түнгі клубында 117 адамның өліміне және 134 адамның жарақат алуына себепші болған соң Жаңа жылды пиротехникасыз қарсы алу туралы шешім қабылдады. Онда мерекелік іс-шаралар өтетін қалалық мәдени-демалыс орындарында, қоғамдық орындарда, көпшілік жиналатын жерлерде, тұрғын үйге жақын маңда, нысандар мен көшенің жүретін бөліктерінде қолдануға тыйым салынған.
Айта кетер жайт: тек қана Алматы қаласында ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде отшашу салдарынан тіркелген оқыс оқиғалар аз емес. Мәселен, Ақтөбе қаласында балалар ойнаған отшашудан 15 отбасы тұрып жатқан екі қабатты үй өртеніп, екі адам қаза тапқан. Әйтсе де, әлі күнге біреулерді үй-жайынан, енді біреулерді адамынан айырып жатқан отшашуға тыйым болмай отыр. Қателіктен қорытынды шығаруға құзырлы орындар да асығар емес. Демек, жақын күнде «ойыннан өрт шығарар» өнімдерден келер қауіп азаймайтын секілді. Ендеше ескі Жаңа жыл саналатын 13 қаңтар күні тағы қанша адам отшашудан зардап шегер екен деп үрейлене күтуден басқа амал жоқ секілді...
Арман ЖУСАНБАЙ, Алматы қалалық ІІД-нің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бас маманы:
– Жаңа жыл алдында ІІД-нің қызметкерлері базарлар мен түрлі сауда орындарындағы талапқа сай келмейтін пиротехникалық өнімдерді тәркілейді. Олардың тек қана рұқсат етілген дүкендер мен сауда нүктелерінде ғана сатылымға шығарылуын бақылайды. Әйтсе де, халықтың түгелдей қауіпсіз болуын бақылау мүмкін емес. Сондықтан оқыс оқиғалар кездесіп жатыр. Қазіргі таңда Азиада ойындары кезінде пиротехникалық өнімдердің қолданылмауы үшін Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы тарапынан сақтық шаралары жүргізіліп жатыр. Айта кетер жайт: пиротехникалық өнімдерді мүлдем қолданбау жөнінде арнайы заңдық күші бар нормативтік құжат керек. Тек арнайы алаңдарда арнайы қызметкерлердің көмегімен ғана атылуы туралы ереже керек. Әйтпесе, жыл өткен сайын олардан келер қауіп күшейіп бара жатыр.