Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты №33 мектеп-лицейінде салауатты өмір салтын насихаттау және ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту мақсатында мектепішілік «Толағай» отбасылық сайысы болып өтті. Аталмыш мектепте бұл шара осымен үшінші рет дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мектеп басшысы Роза Макежанова: «Әке, ана, бала арасындағы байланысты нығайту үшін, отбасы құндылығын берік ету үшін әрі мектеп оқушыларын татулыққа, ұйымшылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеу үшін мұндай шараны өткізудің маңызы зор», – дейді.
Мектептегі 5-сыныптар арасында өткен спорттық сайыста балаларымен қосылып, олардың ата-аналары да қаппен секіру, арқан тартыс, кенгуру секілді түрлі сайыс түрлерімен бақ сынасты.
Ғалия БЕКТҰРҒАНОВА, Алматы қаласы №33 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Негізі, мектептерде өтетін мұндай жарыстардың маңызы өте зор. Мәселен, «Толағай» отбасылық сайысы тек бір мақсатпен ғана шектеліп қалмайды. «Отан отбасынан басталады» демекші, кішкентай отбасынан басталған ұйымшылдық, ауызбірлік, татулық, айналып келгенде, елдің, мемлекеттің нығаюына алып келеді. Жалпы, бізде ата-аналардың, оқушылардың қатысуымен отбасылық сайыстар жиі өткізіледі. Күзде, қыста, көктемгі кезеңдерде де түрлі додалар ұйымдастырылып тұрады. Тек спорт түрлері бойынша емес, ән байқауы, ана мен қыз сыны т.б. да түрлі жарыстар өткізіледі. Негізі, бала деген үйде басқаша жүрсе, ал мектепке келгенде тіптен бөлек болады. Тіпті кейде ата-аналар мектепке келіп, балаларының өнерлерін тамашалағанда таңғалып жатады. Бұл ретте, әрине, балаға ең бірінші ата-ананың қолдауы керек, егер әке-шеше мектепке келіп, балаларының өнерлерін тамашалап, қошеметтеп, риза болып отырса, бұл баланың мерейін өсіріп, өмірге, білімге деген құштарлығын арттыратыны сөзсіз.
Роза МАКЕЖАНОВА, Алматы қаласы №33 мектеп-лицейдің директоры:
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ата-аналар мектепке онша келмейтін болды. Демек, бұл – ата-ана тарапынан балаға көңіл аз бөлінеді деген сөз. Енді мынадай сайыстарда ата-аналар өздері балаларымен тікелей қатысатын болғандықтан, мектептің өміріне шынайы араласып, бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі деп есептеймін. Бір жағынан, ата-ана мен баланың арасындағы байланыс нығаяды, бір-біріне деген сүйіспеншілігі артады. Қазіргі балалар компьютерде көп уақытын өткізсе, ал ата-аналар кешке дейін жұмыста жүреді. Демек, арадағы байланыс, қарым-қатынас көңіл қуантарлық деңгейде емес. Ал мынадай жарыстарда отбасы біріге отырып, түрлі кедергілерден бірлесіп өтіп, бір-біріне деген ықыластары артады. Негізі, мектеп – баланың екінші үйі, ал кез келген үй төрт қабырғадан тұрады. Бір қабырғасы мектеп пен бала болса, екінші қабырғасы– ата-ана, үшіншісі – мұғалім, ал төртіншісі – мектеп әкімшілігі. Егер осы қабырғаның біріне сызат түссе, онда шаңырақ құлайды. Ал төрт қабырғамыз бүтін, тереземіз тең болып тұрса, шаңырағымыз шайқалмайды деп есептеймін. Сондықтан шаңырағымыздың бекемдігі үшін салауатты өмір салтын насихаттап, оқушы, ата-ана, және мектеп арасындағы байланысты нығайтып отырмыз.
Жалпы, ептілік пен күштілік, шапшаңдық пен алғырлық додаға түскен сайысқа «Бірлік», «Жас ұлан», «Тұлпар» деген топтардан құралған үш отбасы қатысты. Қай топ болмасын, жеңіске жету жолында намысқа тырысып, өздерінің мықтылығын дәлелдеу үшін барын салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жеңімпаз отбасылар бағалы сыйлықтармен, Мақтау қағаздарымен марапатталды.
Отбасылық сайыс тартысты өтті
Последние статьи автора