Оқушының жұма намазын оқу үшін сабағын тастауы дұрыс па?
Бүгінде сәждеге бас қойған, адал жүріп, ақ сөйлеуге ниетті, иманы кәміл игі жақсылар қатарында құлшылық үшін сабағын тастап мешітке келген мектеп оқушылары да бар. Түскі ас уақытын жұмаға арнаған ересектер үшін мұның жарасы жеңіл делік. Алайда, білім алу үстіндегі оқушылар үшін ше?...
Жақында ауданның бас имамы Хазірет Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Есік қаласы орталық мешітінің имамы Сапархан Төреқұлов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қайсар Асқарұлы, дінтанушы маман Думан Киреев, аудандық білім бөлімінің жетекші маманы Нұргүл Шатырбаева мектеп оқушыларына жұма намазы және білім алудың сауабы турасында түсініктер берді. Жұма намазы барлық ер адамдар үшін парыз етілген амал. Бұл үкім күні бүгінге дейін бұзылған емес. Әсіресе, мұсылман мемлекеттерінде бұл күні барлық мемлекеттік мекемелерге демалыс беріледі. Ал зайырлы мемлекеттерде бұл күн жұмыс күні. Сондай-ақ, дін мен мемлекет бір-біріне кедергі келтірмеуі тиіс.
Бала – келшек. Келешек ұрпақ білімді болғаны абзал. Ал құлшылығы түгел, алайда, сабағынан екілік алған оқушы мешітке және дін атына кір келтіруші болмақ. Бұл мұсылманның көркем қасиеттеріне сын. Сөз алған Рәтбек Қажы жұма күніндегі құлшылық сабақ үстінде отырған оқушылар үшін парыз ба, парыз емес пе деген сауалдың жауабын берді. Ол: «Мұсылмандар үшін ілім алу да парыз, жұма намазға бару да парыз. Осы екі парыздың өтелу уақытының қатар келуі себебінен қоғамымызда түрлі түсініспеушіліктер орын алуда. Бірақ, бір парызда отырған мұсылман оны тастап екінші парызға кетсе күнәһар болмақ. Бұл ескеретін жәйт. Дәл қазір оқушылар үшін парыз – білім алу. «Бесіктен бейітке дейін білім ізде» немесе «Білімді Қытайға барып болса да алуға тырыс» – дейтін халық нақылының түп-тамыры пайғамбарымыздың хадистерімен астасып жатқанын аңғару қиын емес. Осы себепті, білім алушы мұсылманның сабағын тастап мешітке құлшылыққа баруы шариғатқа қайшы деп» – түсіндірді. Ең дамыған елу елдердің қатарына кірген Қазақстан үшін білімді әрі саналы азаматтар ауадай қажет. Ендігі озық отыз елдің қатарына кіруді межелеген мемлекетіміз үшін олардың орны тіптен орасан. «Ендеше, сабағын тастап сауабын іздеген мектеп оқушылары мешітке бет алудың алдында ойланғаны абзал. Жұма намазына сабағы біткен уақытта немесе демалыс күндерінде келсе нұр үстіне нұр» – деп түйіндеді сөзін аудан имамы.
Әділет САРЫБАЙ
Еңбекшіқазақ ауданы