Өмірге келмей жатып шетінеген сәбидің обалы кімге?

Өмірге келмей жатып шетінеген сәбидің обалы кімге?

Соңғы үш жылда елімізде аналар өлімі – 3,7 есе, сәбилер шетінеуі – 25 пайыз, қан ай­­на­лым жүйесі аурула­ры­нан болатын өлім-жітім көр­сет­кіші 20 пайыз тө­мен­­­деген. Ауруханалар мен ем­ха­на­лар­дың меди­циналық жаб­дығы жа­ңарып, заманауи емдеу тә­сілдері енгізі­луде. Көңілге медеу, жанға демеу болатындай бұл деректі ҚР Ден­саулық сақ­тау министр­лігінің сайтынан ал­дық. Әрине, ресми мәлімет – рес­публикадағы жалпы жағдайдың кө­рінісі. Дегенмен жекелеген өңір­лердегі ахуалды әлі де мәз деуге болмайды.
Мысалы, он баланы да көпсінбейтін Оңтүстік Қазақ­стан облысының үлесіне елдегі барлық сәби шетінеуінің 50 па­йызы тиесілі екен. Экологиялық апат аймағындағы Қызылорда, мұнай игерудің зардабын тарт­қан Маңғыстау мен Атырау, кенді Алтайдағы Шығыс Қазақстан мен көмірлі Қарағанды да қайғы­лы тізімнің алдын бермей тұр. Қолайсыз экологияның әсерінен бала шала болады немесе іштен мүгедек, сал болып туылуда. Тұрмыстың қиындығы да бұ­ған зардабын тигізуде. «Жағ­дайды жақсарту үшін осы өңір­лердің денсаулық сақтау саласын ең озық медициналық жаб­дықтармен жарақтандыру қажет», – дейді мамандар.
Сәби өлімінің статистикасы мынадай: перинаталды кезең­­­де, яғни баланы босанарға жа­қын уақытта пайда болатын дерт түрлері – 50 пайыз, туабітті ауыт­қушылықтар – 18,8 пайыз, инфекция­лардың салдарынан – 27,5 пайыз. Ал жазатайым оқиғалар салдарынан бөбектердің шетінеуі 0,9 пайызды құрайды.
Неонтолог мамандардың ай­туынша, уақытынан ерте туыл­ған, салмағы тым аз (500 грам­нан 1 келіге дейін) және төмен (1-1,5 келі) шақалақтың сау­лығына келетін қауіп-қатер ай­рықша. Салмағы тым аз сәби өмірге қабілетсіз. Тыныс алу мүшелері мен орталық жүйке жүйесі толық жетілмеген. Сонымен бірге иммундық жүйесі өте әлсіз. Рас, қазіргі құрал-жабдық (сәбидің тыныс-тірші­лігін қалыпта ұстайтын кювез) шала туған шақалақтың жанын аман сақтап, қатарға қосуға қа­білетті-ақ. Бірақ бұл жағ­дайда да өлім-жітім болмайды деп то­лық кепілдік беру мүмкін емес. Экономикалық жағынан қуатты мемлекет­тер­дің өзінде салмағы тым аз, шала туған нәрестелер өлімі шетінеу көрсеткішінде ал­дыңғы орында тұрады.
Аналардың денсаулығы мәз емес
Жарық дүниеге ұрпақ әке­летін болашақ аналардың ден­саулығы мәз емес. Тексеріс нә­тижесі елдегі қыз­дардың 30 па­йызының ғана денсаулығы қа­нағаттанарлық екендігін көр­сетті. Қалған 70 пайызының сау­лы­ғы сын көтермейді. Болашақ ана­лардың 50 пайызға жуығы асқазан-ішек жолдарының дер­тімен ауырады. 30 пайызын несеп, зәр шығару жүйесі аурула­ры мазалайды. 15 пайызы эндо­криндік жүйе кеселіне шалдық­қан. Мұндай ауру-сырқау шоғы­рын тұла бойына жинап алған әйел әуелі бала көтеруде қиналады. Содан соң іштегі сәбиі­не де үлкен зиян әкеледі. Қыз-келіншектердің өз ден­­сау­лығына жүрдім-бардым қа­рай­тыны жасырын емес. Қыз­дар ашық-шашық киінеді, суық­қа ұры­нып, оның ақыры бала тұр­­ма­уына, шарананың жатырда өл­уіне немесе бедеулікке апарады.
Мәселен, қант диабе­ті, бүй­рек, жүрек, қан қысымы дер­тіне шал­дыққан әйелге    ба­ла кө­те­руге болмайды. Бірақ ана соған қа­рамастан бала көтереді. Ақы­ры сәбиі не өлі туады, не өзі ба­қилық болып кетеді. «Негізі, дә­рігерге тұрмысқа шықпай тұрып қа­ралған жөн. Сол кезде оның ағ­засының ана болуға қан­ша­лықты даяр екендігін тап басып айтуға мүм­кіндік бар. Қажет болса, ем-домын алады. Қазір қайғылы оқиғаға тек дә­рі­гер­ді кінәлі қылу фактілері жиіледі. Әри­не, дәрігерлер тарапынан кеткен қа­те­ліктер болар, оны да түгел жоққа шы­­ғаруға болмайды. Бірақ алдымен әр әйел өз денсаулығына өзі жа­уапты. Мы­салы, елде жүріп жат­қан омыраудың қатерлі ісі­гін, жатыр мойнының қатерлі ісі­гін анықтауға арналған скринингтерге кейбір әйел-аналарды кү­зетпен апара алмайсың. Осылайша денсаулыққа дел-сал қараудан арылып, уақытында есепке тұрып, ем-домын алған әйел ғана дү­ниеге дені сау сәби әкеледі», – дейді ма­ман­дар.
Сара ЕСПАНОВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасы­ның бөлім басшысы:
– 2012 жыл­дың алғашқы бес айын­да өлі туу көрсеткіші 1000 жаңа ту­ған нә­рес­теге 10,9 сәби болса, 2013 жылдың бес айын­да бұл көр­сеткіш 10,5 сә­би­ді құ­рады. Мер­зі­мінен бұрын бо­сану көр­сеткіші – 6,2%. 2012 жылдың бес айында 25 сәби ше­тінесе, биыл осы уақытқа де­йін 22 бала қайтыс болған. Өлі туу және мерзімінен бұрын бо­сану ата-ананың денсаулы­ғы­ның наш­ар­лы­ғынан болып отыр. Инфекциялық ау­ру, соның ішінде жыныстық қаты­нас ар­қылы берілетін дерттер, экстра­гени­­талды патология көп. Генети­ка­лық факторды да жоқ­қа шы­ғаруға бол­майды. Осы жағдай­ды бол­дыр­мау үшін денсаулық сақтау бас­қар­ма­сы тарапынан заманауи пе­ринаталды тех­нологияларды енгізу тиім­ділігіне мониторинг жүргі­зіліп оты­ра­ды. Ұрық­тың туа біт­кен ақауын анықтау үшін скри­нингтік тексерулер, жүк­тілік барысында ұрық­тың жағ­дайын ба­қылау (КТГ, доплерометрия) әдіс­теріне мамандарды оқыту қолға алынды.

Дәрігерлерде кінә бар ма?
Елімізде жылына 236 мың сәби өмір­ге келеді. Былтыр 5100 нәресте шетінесе, оның 2921-і перинаталды кезеңде көз жұмды. Бұл жерде жүкті әйел­мен бірге ақ халаттылардың да кінәсі барлығын мойындау керек. Құқық қорғаушылар жүкті аналардың тең жартысының өмірін сақтап қалуға дәрігер­лердің мүмкіндігі жететінін анық­таған.
Ресми деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қа­зақстан облысында 2009 жылы өмір­ге сәби әкелге­лі отырған 27 ана көз жұм­ған. Аналар өлімін жіті тексерген ма­мандар «Олардың 26-сын аман алып қа­луға болатын еді» де­ген шешімге кел­ген. 2012 жы­лы тағы 20 ана бақилық бол­­ды. Өкініштісі, мамандар та­ғы да олар­дың жартысы­нан аста­мының өмірін сақ­тап қалу­ға дәрігерлердің мүмкін­дігі бол­­ғандығын айтуда. Жоғары­да­ғы қай­ғылы жағдайдан кейін өт­кен жылы Оң­түс­тік Қазақстан об­лысында үш ме­ди­циналық ме­кеменің жетекшісі қызметтен бо­сатылып, денсаулық сақтау бас­қар­масы мен жеті медицина­лық ме­кеменің жауапты тұлға­лары тәр­тіп­­тік шараға тартылды. Үш ме­ди­ци­налық мекеме емдеу лицензиясынан айырылды.
Кей өңірлердегі перзентханаларда дә­рігерлер науқастарға тегін көрсетілетін медициналық көмектің өзін дер кезінде және толық көрсетпейтіндігі белгілі бол­ды. Жүкті әйелден, соның ішінде ауыл­дық жерден келген, өз құқығын қорғай алмайтын анадан, оның туыстарынан түр­лі сылтауды алға тартып ақша сұрау, құ­ны қымбат дәрі-дәр­мек талап ету секілді келең­сіздіктер, өкінішке қарай, әлі де кез­деседі. Дейтұрғанмен қазір акушерлік-гинекологиялық са­ла­дағы ахуал көш ілгерілегені де жасырын емес.
Намаз ІЗІМБЕРГЕНОВ, медицина ғылымының докторы, академик:
– Бүгінгі таңда барлық дәрігер біт­­кен­­нің жұмысы та­­лапқа сай, жүкті және босанған әйелдер­ге ме­ди­ци­налық көмек көрсету жұ­мысы ой­дағыдай деп үзілді-кесілді айтуға бол­мас. Алайда дәрігерлер кінәсінен болатын бақытсыздықтар ілуде бір, си­рек кездеседі әрі мұндай кем­ші­ліктерді түзетуге толық мүм­кіндік бар. Солардың бірі – жүк­тілік кезінде жә­не босан­ғаннан кейінгі кезеңде бо­ла­тын жедел хирургиялық ау­рулар, яғни әйел өздігінен босана ал­май, операция арқылы бо­сан­ғаннан кейінгі әртүрлі қабыну, ірің­ді ас­қынулар. Шетелдік мәлімет­тер бо­йынша, осындай хирур­гия­лық дерт­тердің асқынула­ры, әйелді бо­сан­дыру үшін жа­салған отадан (опе­рациядан) кейінгі перитониттер ана өлімі­нің 30-40 пайызына себеп бо­латын көрінеді. Осы жайттарды ес­керіп, 2004-2005 жылдардан бастап біз ана мен бала өлімінің алдын алу мәселесімен ті­келей айналысып келеміз. Көп ізденістер, ана өлімі се­бептерін зерттеу жұмыстарын жүр­гіздік. Қорытындысында, ана мен ба­­ла өліміне тек акушер-гинеко­­лог дә­­рігерлер емес, медицина­ның әр­түрлі салаларының ма­мандары да жа­уапты деген тұ­жырым жасалды. Мы­салы, біз­, хирургтер, осы жа­уапкершілікті өз мойнымызға алып, тиісті шараларды дер кезінде қолға алар болсақ, бұл қайғылы оқи­ға­лардың анау-мынау емес, үштен бірін жоюға мүмкіндігіміз бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста