Өкпесі ауырғандардың өкпесін кім түсінеді?
Антына берік деп жүрген ақжелеңді жандар тарапынан бүгіндері көп қателік кетіп жүр. Әсіресе, үлбіреген қос өкпесін емдеуге сеніп тапсырған науқастарды емдеуде олар көп жағдайда өкінішке ұрындыратын жайттарды болдыруда.
Атырау облыстық өкпе аурулар диспансерінде бақылаушы және уәкілетті орган мамандарының қатысуымен денсаулық сақтау заңнамаларының қолданылуы мен туберкулезге қарсы күрес бойынша шаралардың тиімділігін тексеру кезінде, шыны керек, адам бас шайқарлық жағдайлар орын алғаны мәлім болды. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасында облыс прокуроры Сайфолла Кемалов пен облыс әкімінің орынбасары Асқар Керімовтің қатысуымен болған алқа жиынында облыс прокурорының көмекшісі Руслан Айтимов Облыстық өкпе аурулар диспансерін тексеру кезіндегі мекеме басшылығы мен қызметкерлері тарапынан кеткен жөнсіздіктерді жіпке тізіп баяндап берді.
Өткен 2010 жыл мен биылғы жылдың жарты жылдығындағы кемшіліктерді зерделеп жеткізген облыстық прокуратура өкілі Р.Айтимовтың айтуынша, Өкпе аурулар диспансерінің балалар бөлімінде 11 жастағы қыз баланың қайтыс болуын анықтау мақсатында өзге облыстан тәуелсіз сарапшы фтизиаторлар шақыртылып, олармен өкпе дертінің асқынып кетуі салдарынан қайтыс болған жасөспірім қыз баланы емдеген дәрігерлер тарапынан кемшіліктер кеткені анықталған. Қазіргі күні осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде.
Жасөспірім қыз баланың ауруын дер кезінде анықтамай, қателік жіберілген. Мамандар жіберген қателік мұнымен бітсе, қане...
Облыстағы жеті аудандағы туберкулез ауруханаларын кешенді тексерген прокуратура органы Мақат ауданында осы дерттен айығып шыққан науқастың әлі күнге ем алып жатқанын анықтаса, Атырау қаласында туберкулез дертінен анықтау бойынша анализдері оң нәтиже бермеген қала тұрғынының аталмыш ауруханада бұл дертпен ауырмаса да, ем алып жатқанына көз жеткізген. Тағы бір анықталған жайт, бұл емдеу мекемесінде фтизиатр маманы болмаса да, ауруханада қызмет ететін маманның осы міндетті атқаруы. Сайып келгенде, осы жайттардың барлығы сау адамды ауру ететін жайттарға әкеп жеткізіп отыр деп айтуға толық негіз болатындай.
«Тамақ жетпейді, дәрі бермейді, ұрып-соғады»
Қандай ауру да адам денсаулығындағы иммунитеттердің әлсіздігінен пайда болатыны сөзсіз. Ал сондай жағдайда үлбіреген қос өкпесін дертке ұшыратқан адамдарға жеткілікті тамақ бермеуде сірә, Атырау облыстық өкпе аурулар диспансері алдыңғы орынға шығатын болар. Себебі азық-түлік тағамдарына бөлінетін қаражаттың тиісті көлемде бөлінбеуінің салдарынан науқастарға қажетті деңгейде тамақтың жеткізілмейтіндігі тексеру кезінде анықталған.
Өткен 2010 жылы тамаққа бөлінген қаражат – 97 160 995 теңгені, ал 2011 жылы 84 267 600 теңгені құрауы тиіс. Жасалған талдау бойынша тубдиспансердегі науқастардың өткен жылы 30% және биыл 7,8% кем тамақтанғандары белгілі болды.
Сонымен бірге науқастардың балықтың ортасында отырып, балық тағамдарын көрмегендері, сүт, көкөніс пен жеміс-жидектер жеткіліксіз көлемде беріліп келгені бас шайқатарлық шындық болып шықты.
Тіпті олар ішіп-жейтін макорон өнімдері, қарақұмық, арпа, печенье, күнбағыс майы және үнді шайларының сертификаты жоқ.
Бұл өрескел кемшіліктерге ағымдағы жылы тамыз айында науқастар тамақтанатын асханалардың күнделікті тамақтарынан сынамалар алынып, зертхана қорытындысы нәтижесіне сай картоптық пюреде және ет тағамында ішек таяқшалары анықталғанын қосыңыз. Науқастардың бір күнде 10 таблетка дәрі қабылдайтынын және оның адам ағзасына тигізер залалы елеулі дәрі-дәрмектер екенін ескерсек, науқастардың тамақтануына Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жіті көңіл бөлінбеуі қоғамның құндылығы – адамзат үшін жасалған қастандықпен пара-пар демеске амал жоқ...
Облыстық өкпе аурулар диспансерінің басшылығы мен қызметкерлері тарапынан науқастарға «Карсил», «Креон», «Эссенциале форте» дәрі-дәрмектерінің ауруханада болмауына байланысты науқастарға берілмеген. Алайда, осылай бола тұра, Өкпе аурулар диспансері басшылығы науқастардың дәрі-дәрмекті толығымен ішкендігі туралы жалған (!) мәліметтер берген.
Тамақ пен дәрі ішулері кем болғанмен, ер-азамат науқастардың күші кемімей, керісінше, аурухана ішінде жекпе-жекке шығу, сөйтіп, адам өміріне қауіп төндіру оқиғасы болып тұрады екен. Бір ғана мысал, биылғы жылы ауруханада науқастардың арақ ішіп алып, төбелесіп, бір-біріне дене жарақатын салған оқиға тіркелген. Тағы бір науқас мас күйінде медицина қызметкерлерін қорқытып, аурухана терезелерін сындырған. Дей тұрғанмен, оларды мәжбүрлеп емдеу бөліміне қарайтын сол мекемедегі тәртіпті қадағалауға тиісті күзет қызметінің жұмысы сын көтермейтін болып шықты. Облыс прокурорының көмекшісі Р.Айтимов, сайып келгенде, осы жайттар аталмыш ауруханадағы науқастар мен медициналық қызметкерлерге үнемі қауіп төніп отырғанын ашық айтты.
Аурудың жайын кім ойлайды?
Бүгінгі таңда Атырау облысы, еліміз бойынша туберкулезден аурушаңдық көрсеткішінен 5-орында тұр. Соңғы жылдары өңірдегі жаңару мен әл-ауқаттың жақсарып келе жатқанына қарамастан, қос өкпесі дертке шалдыққандар әлеуметтік жағынан үймен және өзге де көрсетілуі тиіс жәрдемнен жұрдай болып отыр. Қала әкімдігі бюджеттік классификацияға денсаулық сақтау саласын қаржыландыру енгізілмегеніне байланысты, туберкулезбен ауыратын тұлғалар жолақы және қосымша тамақтанумен қамтамасыз етілмегенін айтып отыр.
Туберкулез ауруы жұқпалы ауру ретінде есептелетініне және қоғамға кері әсерін тигізу қаупі төнуіне қарамастан, 2010 жылы және ағымдағы жылы Атырау облысы бойынша осы санаттағы бірде-бір тұлға пәтермен қамтылмаған.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінгі күні туберкулез ауруына шалдыққан 168 тұлға мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінетін тұрғын жай кезегінде тіркелгенін көрсеткен.
Сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша 2010 жылы Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінен емделіп шығып, жұмыссыз ретінде тіркелген 103 тұлғаның ішінен тек сегіз тұлға жұмыспен қамтылған.
Биылғы жылдың алты айында тіркелген 51 тұлғаның ішінен екі адам ғана жұмыспен қамтылғанын және 17 тұлға уақытша жұмысқа жолданғанын көрсетті. Сайып келгенде, осы көрсеткіштер туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарға жергілікті атқарушы органдар олардың еңбекке орналасуына және тұрмыстық жайласуына көмек көрсетеді деп көзделген еліміздің тиісті заңнамаларына қайшы болып отыр.
Атырау облыстық прокуратурасында облыс прокуроры С.Кемаловтың тарапынан Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылары мен Облыстық өкпе аурулар диспансері облыстық бас санитары тарапына көптеген сауалдар қойып, республика бойынша 5-орынға табан тіреген көрсеткішке «масайрамау», керісінше, аурушаңдықпен күресті арттыру туралы талаптар айтылды.
Өз кезегінде Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары мен Облыстық өкпе аурулар диспансерінің бастығы Болат Сақауовтар тексеру нәтижесінде анық болған өрескел кемшіліктерді жоюға уәде берді.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Асқар Керімов: «Облыстық өкпе аурулар диспансеріндегі ушыққан жағдайлардың барлығына денсаулық саласындағы, соның ішінде басшылық тарапынан ұйымдастыру мен мәселені шешудегі нәтижесіз жұмыс себепші», – деп турасын айтты.
Уәде беру бір басқа....
Біз жоғарыда Облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиесілі Облыстық өкпе аурулар диспансерінің бүгінге жеткен ахуалы анықталған кемшіліктердің негізгілерін ғана айтып өттік. Бұдан бөлек, ауруханадағы сертификаты жоқ емдеу аппараттары тұрғанын, дәрігер мамандардың өзі дәрігерлік тексеруден өтпегендігі, өрт қауіпсіздігі туралы жазуды кейінгі күннің еншісіне қалдырдық.
Сонымен Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылары өкпе ауруына шалдыққан жандардың тамағын, дәрісін, тыныштығы мен емделуіндегі кемшіліктерді жоюға уәде берді. Алайда олар қоғамнан өздерін оқшаулап алған науқастарды үймен және жұмыспен қамту туралы жақ ашпады. Тіпті облыс әкімдігінде болатын үлкен жиындарда Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан өкпесі ауырып, өмірден түңіліп жүргендердің жайын күйттеп, олардың зарын билікке табандап тұрып жеткізген басшыны көре алмадық. Жуық арада көре де алмайтын болармыз...