Аса құрметті, Амандық ата! Менің аты-жөнім Нұртілеу Тұрсынғалиұлы. Мен Сізге бүгін үлкен өтінішпен хат жолдап отырмын.
Мұндай хат жазу, әрине, мен үшін өте ауыр. Десе де, Сізден басқа мұңымды шағар адамым жоқ. Сіз облысымыздың басшысысыз. Сіздің де мен секілді немерелеріңіз бар шығар. Олардың қалауын әрдайым орындайтын шығарсыз. Мен өзімді Сіздің немереңізбін деп білемін. Қарға тамырлы қазақтың бәрі бір-бірімен туыс емес пе?
«Әр бала бақытты болу үшін жаралады» дейді ғой үлкендер. «Мен бақытсызбын» дей алмаймын. «Бақыттымын» деуге де аузым бармайды. Ел қатарлы болуды ғана армандаймын. Бұл менің ғана емес, бауырларымның, әке-шешемнің, барлығы он адамның үшбу хаты деп қабылдағайсыз.
Алдымен Сізді өзімнің отбасыммен таныстырайын.
Міне, мынау менің отбасым. Алматы облысы, Талғар ауданы, Кеңдала ауылында біреудің қабырғасы көгерген, сыз үйін жалға алып күнелтіп жатырмыз.
Мына жігіттің аты – Бақытжан Тұрсынғалиұлы. Тоғызыншы сынып оқушысы. Менің ең үлкен ағам. Болашақта Оразалы Досбосынов секілді айтыскер ақын болуды армандайды.
Бұл – екінші ағам. Аты – Бауыржан Тұрсынғалиұлы. Жетінші сыныпта оқиды. Бауыржан Момышұлы секілді батыр болсын деп, әке-шешем атын Бауыржан деп қойған. Үш айдан бері бокс үйірмесіне қатысып жүр. Жуырда Есік қаласында өткен жарыста үшінші орын алды. Болашақта Қанат Ісләм секілді әлемді мойындатқан былғары қолғап шебері атанғысы келеді.
Үшінші ағам Қайсар Тұрсынғалиұлы төртінші сыныптың оқушысы. Біздің үйдегі сабақты өте жақсы оқитын бала – осы Қайсар. Оқымысты. «Сабаққа дайындалатын кең бөлмем болса ғой» деп қиялдайды. Сабақ үлгерімі – өте жақсы. «Ғалым боламын» дейді.
Кейде суретші болғысы келіп, мынандай суреттер салады. Мынау «Өз үйіміз болса ғой» деген суреті.
Төртінші ағам Мирас Тұрсынғалиұлы «дәрігер болам» дейді. Қазір екінші сыныпта оқып жүр. Тұрып жатқан үйіміз сыз болғандықтан жиі ауырамыз. Әке-шешем ондай кезде емхананың табалдырығын тоздырады. Мирас сол үшін де дәрігер болғысы келеді. Кейде «Дәрігер болып, балаларды емдеп, көп ақша табамын. Сосын бай болып, біз секілді үйі жоқ адамдарға мынандай үй салып беремін» дейді.
Бесінші ағамның аты – Дамир Тұрсынғалиұлы. Жасы алтыда. Әлі мектепке барған жоқ. Құдай қаласа, келер оқу жылында бірінші сыныпқа барады. Ол меніңше, аспаз болады. Анама қолқабыс жасап, ылғи да ас бөлмеде жүреді. Міне, ол тағы да біздің ас бөлмеде жүр.
Алтыншы ағамның есімі – Думан Тұрсынғалиұлы. Жасы бесте. Ағаларымның ішіндегі ең бұзығы осы. Мына мәшинеге мініп алып, бізге бір тыным бермейді. Түбі мықты шопыр болатын шығар. Үйімізде ойнайтын жер тар болғандықтан кейде аяғымды, кейде қолымды басып кетіп, мені жылатып қояды.
Жетінші ағамның аты Дінмұхаммед Тұрсынғалиұлы. «Дінмұхаммед Қонаев секілді ел басқарады» дейді әкем. Кім білсін, ол күнге де жетерміз.
Енді мен жайлы.
Мені қоя тұралық. Амандық ата, Сіз алдымен менің әке-шешеммен танысып алыңыз.
Анам Гүлмира сегіз ұлға жарық дүние сыйлаған – батыр ана! Қазақтың санын көбейтуге қомақты үлес қосқан «Алтын алқа» иегері.
Мынау менің әкем – Тұрсынғали Қабақов. Бізді ешкімнен кем қылмай өсіріп жатқан – батыр әке.
Әкемнің қолында отырған – менмін! Атым – Нұртілеу. Құдай бұйыртса, Нұртілеу Иманғалиұлы секілді мықты журналист боламын. Бірақ, оған дейін қайда? Қазір жасым әлі бірге толған жоқ.
Амандық ата, Сіз біздің отбасымен толық таныстыңыз. Біз ешкімге алақан жаймайтын, алақан жаюды намыс деп білетін отбасы едік. Әкем мен шешем өз күшімен үй салып алу үшін неше рет Талғар ауданына барып, жер сұрады.
Дәлел міне! Біз жер кезегінде 1036 адам болып тұрмыз. Бұл кезектің жылжитын түрі жоқ.
Жер кезегі келмеген соң, шешем көп балалы ана ретінде жалға берілетін тұрғын үй кезегіне жазылды. Оны алудың да уақыты әзір келетін түрі байқалмайды.
Енді міне, қабырғасы көкерген, едені сыз бір үйді отбасымызбен жалға алып күн көріп жатырмыз. Бұған дейін біз бірнеше пәтерді жалдап тұрдық. Көше-көше шаршадық, ата! Біз секілді көп баласы бар отбасыға ешкім үйін жалға бергісі келмейді. Әйтпесе, мына үйде бір күн тұрмай көшіп кетер едік.
Амандық ата! Ақыр бастадым, бәрін айтайын. Біздің отбасылық бюджетіміз 65 мың теңге. Анам «Алтын алқасы» үшін айына 13 575 теңге алады. Менің бір жасқа дейінгі жөргекпұлым 18 800 теңге (бұл жақында тоқтайды). Әр үш ай cайын жәрдемақы ретінде 17 800 теңгені мемлекет береді.
Әкемнің айлығы бұрын 49 мың теңге еді. Қазір дағдарыс деп жалақысы қысқарып қалды. Қолына алатын ақшасы – 35 мың.
Енді өзіңіз есептеңізші. Осы 65 мыңның 15 мыңы пәтерақыға, 5 мыңы су мен жарыққа кетеді. Сонда, он адам 40 мыңмен өмір сүріп жатырмыз деген сөз.
Құрметті Амандық ата! Менің осы хатымды оқысаңыз бізге көмек көрсетіңізші. Өтінемін! Сізді іскер, қайырымды басшы деп білемін. Нұртілеу Иманғалиұлы айтпақшы біз де «бай қуатты болайық»!
Сәлемнен - мен (суреттегі) Нұртілеу Тұрсынғалиұлы!