Некелік келісімшарт керек пе?
Батыстық «бақыт формуласы» саналатын неке келісімшартының өмірімізге дендей енгеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. Оған көбіміздің тіксіне қарайтынымыз тағы да рас. Нотариалдық кеңсе қызметкерлері «некеге тұрушылардың арасында неке келісімшартын жасатсақ деп өтініш жасайтындары өте сирек кездеседі» дейді. Некеге тіркелгендердің арасында неке келісімшартына отырған ерлі-зайыптылар саны бір пайыздан аз деген болжам бар.
Тәуелсіз сарапшылар жүргізген сауалнамаларға қарағанда, отбасылардың басым бөлігі жиған-тергендерін алдын ала бөліскілері келмейтінін жан жарымен болашақта ажыраспайтындықтарымен түсіндіреді. Ол да дұрыс. Ал екінші жағынан алып қарағанда, «жаман айтпай, жақсы жоқ» екенін де естен шығармаған ләзім» дейді мамандар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, заңды некеге тұрғандардың 45 пайызға жуығы кейіннен ажырасатынын көрсетіп отыр. Белгілісі – неке келісімшартына қол қоюға келіскендердің көбі алдыңғы жарымен ажырасқандар екен. Аузы күйгеннен үрлеп ішуді үйренгендер алдын ала келісіп алғанды тиімді санайды. «Жақсыны айтып, жаманды жаныңа жақын қой» дегендей, ертеңгі күні отбасының іргесі сөгілген жағдайда неке келісімшартының көп көмегі тиері сөзсіз. Маңдай терін төгіп жиған мал-мүлікті теңдей бөлуді қаламайтындарға да оң болмақ. Мәселен, ажырасуға бел буған жағдайда кейбір пысықай отағасылар басындағы үйін, көлігін тез арада інісінің не болмаса басқа туған-туысқанының атына аударып, заңды түрде тіркетіп қоятыны жалған емес. Сөйтіп, сотта «дымым жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отыратындары да баршылық. Ондайда отанасы қанша зыр жүгіргенімен, заңды құжаты болмағандықтан, оны дәлелдей алмай әуре-сарсаңға түсіп жатады. Мұндай жалғандықты болдырмауға аталмыш шарттың көмегі зор. «Неке келісімшартын жасату үшін кәсіби заңгерге жүгінген жөн» дейді мамандар. Ол тараптардың тілектерін құжат бетінде қалай дұрыс рәсімдеу керек екенін айтады.
Айғаным БЕКОВА, заңгер:
– ҚР «Неке және отбасы» туралы кодексіне сәйкес, отасқан жылдарда алынған мал-мүлік онсыз да жұбайлар арасында тең бөлінеді, ал келісімшартта егжей-тегжейлі жазған жөн. Мәселен, келісімшартта басындағы баспаналары әйелінің иелігіне, ал саяжай не көлік күйеуінің меншігіне өтеді деп атап жаздыруға болады. Мұндай жағдайда тұтастай мүлікті екіге бөлудің қажеті болмайды.
Бұл келісімшарт екі тарапқа да үлкен міндет, аса жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ келісімшартта ажырасу жұбайлардың бірінің ғана ұсынысымен жүзеге асса, ол жәбірленуші тарапқа бірнеше жыл немесе өмір бойы ай сайын ақша төлеп тұруға міндеттеледі. Бұл алимент сияқты немесе моральдық өтемақы іспеттес. Соңғы кезде жиі шаң беріп жүрген солақай жүрістілер туралы бап енгізуге болады. Жұбайының көзіне шөп салғандығы дәлелденсе, кінәлі болып қалған тарапты айыппұлмен жазалауға болады. Бұл неке келісімшартының ажырасу процесін қиындатып емес, жеңілдету үшін қарастырылады. Ол үшін жәбірленуші тарапқа берілетін мал-мүліктің атын атап, түсін түстеп, бағасы мен мерзімін нақты жазу керек.
Неке келісімшартына неке қимай тұрып немесе отау құрғаннан кейін кез келген уақытта отыруға болады. Неке қиылмай тұрып жасалған келісімшарт некені тіркеген күннен бастап күшіне енеді, ал ерлі-зайыптылар отырған келісімшарт нотариалдық түрде куәландырған сәттен бастап күшінде болады.
ҚР «Неке және Отбасы» туралы Кодексінің Некелік келісімшарт туралы бөлімі:
Некелік шарт деп – некеге тұратын адамдардың, немесе ерлі-зайыптылардың некеде тұрғандағы немесе оны бұзған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісімдері танылады. Некелік шарт міндетті түрде жазбаша жасалуы және нотариуспен куәландырылуы қажет.
Некелік шартты некеге отыратын адамдардың тікелей өздері, сондай -ақ адвокат не нотариус толтыруы мүмкін екендігін айрықша атап көрсету қажет. Некелік шартты нотариалды куәландыру үшін жекеменшік немесе мемлекеттік нотариусқа жүгіну керек.
Ерлі-зайыптылар, яғни АХАЖ органдарында тіркелмеген, бірақ бірге тұратын және бір-біріне қамқорлық көрсететін адамдар некелік шарт жасаса алмайды.
Некеге тұратын кәмелетке толмағандар (18 жасқа дейінгі адамдар) ата-аналарының немесе қамқоршыларының келісімімен ғана некелік шарт жасаса алады. Бұл – кәмелетке толмағандардың өз бетінше некелік шарт жасасуына тыйым салынады деген сөз.
Некелік шарт жасасу некені тіркеу үшін қажетті шарт болып табылмайтындығын атап өту керек. Некеге отыратын адамдардың немесе ерлі-зайыптылардың неке шартын жасасуы немесе оған қол қоюдан бас тартуы ерікті түрде шешіледі, өйткені бұл олардың міндеті емес, құқығы болып табылады. Бірақ сонымен бірге неке шартында ерлі-зайыптылардың немесе некеге тұратын адамдардың ортақ еркі білдірілуі тиіс.