Неке сарайы неге жоқ?
Шымкенттегі көркі көз тойдыратын Неке сарайының салынғанына да биыл, міне, үшінші жылға аяқ басты. Сәулеті сүйсіндірерлік, заман талабына сай салынған ғимарат, расында да, мақтануға тұрарлықтай. Шымкенттіктер неке қиятын ғимаратқа зәру емес-тін. Орталықтағы Әл-Фараби алаңында орналасқан арнайы залда талай жас некесін қидырып, «осы өмірге лайық қадам басқан» болатын. Бірақ үлкен шаһарға тарлық қылатыны рас-тын. Содан облыстағы ең ірі «Береке» корпорациясы оңтүстік халқына үлкен сый жасап, Неке сарайын салып берген. Ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысып, лентасын қиды. Қол ұстасып үлкен өмірге қадам басқан жастардың ең сәтті де тәтті кезеңдерін керемет сарайда өткізгені, расында, ғажап қой. Есте қаларлық ерекше сәтті осындай хан сарайынан кем емес ғажап сарайда некесін қидыратын шымкенттік жастардың, расында, арманы жоқ. Ал мұндай сарай тараздықтар үшін қиял ғана. Осы уақытқа дейін көшпендінің күйін кешіп келген қалалық АХАТ бөлімі әлі де талай рет жүгін буып-түюден арыла алмайтын сыңайлы.
Тарихи қалада жастардың тәу етіп баратын жері көп. Алайда заңды некеге тұрып, соны салтанатты жағдайда тапсыратын бір орынның болуын тараздықтар армандағалы қашан. Тұрғындар бұл мәселені көтеріп, айқұлақтана айғайға басып жатқан жоқ. Дегенмен бүгінгі күннің тәртібінен түспей, тез арада шешімін табуы тиіс мәселе екені анық. Кешенің көшіне емес, өркениеттің өзіне бет түзеген шақта бұл мәселе ілгері жылжуға құлықсыз тасбақадай тасбауырлап жатып алғаны өкінішті. Жас жұбайлардың өміріндегі ең бір аяулы сәті – неке қидыру рәсімін өткізетін арнайы ғимараттың болмауы, расында, тараздық атқамінерлер үшін кемшілік. Амал жоқ, Жамбыл облыстық әділет департаменті мен Тараз қалалық әділет басқармасы бір ғимаратқа сыймағандықтан, кіші басқарманы көшпендінің күйіне түсірген. Қалалық әділет басқармасының құжаттама бөлімі қызметкерлері үшін мұнда жайлы, әрине. Алайда АХАТ бөлімі үшін, некеге тұрушылар үшін ыңғайсыздығы басым. Әу баста қалалық Мәдениет үйінде неке қию салтанатын өткізіп келген болатын. Одан «Премьер Қазақстан» тойханасына қоныс аударды. Заманауи үлгіде салынған салтанат сарайын біраз уақыт паналап еді, оны да көп көріп, қайтадан Мәдениет үйіне ат арытып көшіп баруға тура келді. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі мекеме осылайша қалмақша қаңтарылған ат құсап талай жыл бір мекеменің астын паналады. Содан, бұл аз дегендей, Халыққа қызмет көрсету орталығына көшірді. Есігі бөлек болғанымен, өте ыңғайсыз. Жас жұбайлардың өте ырымшыл келетіні белгілі ғой. Жоғарыға көтерілу үшін текпешек өте тар. Жастар «екеуміз де бірдей жүруіміз керек, жоғарыға бірге көтерілуіміз керек» дейді. Алайда ол мүмкін болмай тұр. Ғимарат неке қию салтанаты өтетін орынға мүлдем лайық емес. Стандартқа сай келмейді. Фото, бейнетүсірілім – бәрін өздері жалдауы тиіс. Фуршет жасау үшін шампан шарабын өздері сатып әкелуі қажет. АХАТ бөлімі мемлекеттік мекеме болғандықтан, мұндай қызмет түрлерін тегін көрсету құзырына кірмейді. Тіпті салтанатты рәсім, яғни неке туралы куәлікті тапсыру кезінде де ойналатын музыкаға дейін өздері жалдап апаруы тиіс.
Гүлнар КӨШЕКОВА, Тараз қалалық әділет басқармасының бастығы:
– Өткен жылы қала әкімінің қабылдауына барып, осы мәселені көтерген болатынмын. Әзірге қаладағы мейрамханаларда тегін келісімшарт ретінде бір бөлмені алып, қызмет көрсете аламыз. Тек сол ғана. Одан басқа ешқандай көмек болмай тұр. Ал неке сарайының салыну-салынбауы туралы әзірге хабар жоқ. Біршама уақыт Химпоселкадағы Мәдениет үйінде отырдық. Үлкен автотұрағы бар, өте ыңғайлы еді. Алайда онда да өздерінің қызметкерлері бар. Салтанатты сәтте швабрасын көтеріп еден жуушылар өтіп бара жатады. Біртүрлі емес пе?.. Көрсететін қызметіміздің бәрі тегін. Тек үйлену туралы өтініш бергенде бір айлық көрсеткіш көлемінде 1 731 теңге ғана төлейді...
Облыс орталығында бір ғана қаңтар айының өзінде 370 жұптың некесі қиылыпты. Бүгінде қалалық АХАТ бөлімінде күнделікті 4-5 неке қиылады. Тараздық жастар үйлену тойындағыдай жасанып келіп неке куәлігін алуға ұялады. Өйткені сол салтанатқа сай неке сарайы жоқ. Қуықтай тар текпешек, тар бөлме, салтанаттың сәнін бұзатыны анық. Олар алдын ала неке куәлігін алып кетіп, сосын үйлену тойларын өткізуді әдетке айналдырған. Өмірлеріндегі ең бір ғажап сәтті осылайша өткізуге мәжбүр. Тойды сәнін кіргізетін атрибуттардың бірі – қалыңдық мінген той кортежінсіз елестету мүмкін емес, әрине. Алайда АХАТ бөлімінің алдына дейін лимузинмен келу мүмкін емес. Өйткені той кортежі қазіргі ғимараттың маңына да жолай алмайды. Көлік кіре алмайды, кірсе, шыға алмайды. Тап-тар бір ғана көлікке арналған жолға 6 метрлік лимузиннің тұмсығы да сыймайды. Сол үшін жас жұбайлар бірнеше шақырымды артқа тастап, мұнда жаяу келулері тиіс. Сондықтан да неке куәлігін сән-салтанатсыз қарапайым киіммен келіп алып кетуді қолай көретіндер басым болмаса АХАТ бөлімінің қызметкерін тойханаға шақырып, сонда табыстауды дұрыс көретіндер де баршылық....
Бұл туралы бірер сөз...
Өткен жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңында тайға таңба басқандай некеге тұру салтанаты өтетін орын мемлекеттік мекеме ғимаратының ішінде болуы тиіс делінген. Сонда тараздық мемлекеттік мекемелердің заңды бұзғаны болып отыр ғой. Бұл заң талаптары сонда қашан орындалады? Оның үстіне, бұдан басқа да заң талаптарын белден басып жүргендер жетерлік. Көзге елестетіп көріңізші, мемлекеттік рәміздер ілінген салтанатты сарайда иығына көк лента байлаған АХАТ бөлімінің қызметкері «Қазақстан Республикасы заңдарының атынан .... жас жұбайларды заңды некелерімен құттықтаймыз» деп неке қағазын ұстатпаушы ма еді? Алайда кей жерлерде бұл міндетті тамадалар тартып алғандай. Мемлекеттік мекеменің заңды құжатын кездейсоқ жеке азаматтардың тапсыруына қатаң тыйым салынады. Алайда мұны білмейтіндер де, білсе де, мән бермейтіндер көп. Әйтеуір, заңды бұздың деп желкелеп әкетіп жатқандар жоқ.... Неке сарайының жоқтығын айтудан тараздықтар жалыққан емес. Бұл сұрақ облыс әкімінің есеп беру жиынында да, жеке блогына да талай мәрте жазылған. 2011 жылы Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың халықтың алдында есеп беру кезінде де осы сұрақ қойылған болатын. Сонда «Тараз қаласында кинотеатр, әдебиет мұражайы, неке сарайы, жасөспірімдер театры нысандарын салу қаланың бас жоспарында көрсетілген. Бас жоспар 25 жыл аралығында арнайы бағдарламалар бойынша іске асырылады» делінді. Сонда осы 25 жыл аралығында іске асырылуы мүмкін болса, тараздықтарға әлі де болса шыдай тұруға тура келер. Бәлкім, 10 жылда, бәлкім, бес жылда салынып қалар, әйтеуір, күту, күту, күту... ғана қалып тұр... Еліміздегі есепшілердің санағы бойынша, ең көп үйлену тойы Оңтүстік Қазақстанда екен. Яғни мұнда жылына – 24 мың, Алматы облысында – 18 мың, Алматы қаласында – 14 мың, Қарағанды облысында – 13,2 мың, Шығыс Қазақстан аймағында 12,7 мың неке қиылады. Ал республикаға шаққанда орташа есеппен Жамбыл облысында жылына 9 900 неке қиылады. Ал қала бойынша 4 мыңға жуық жұп неке сарайынсыз амалдап неке қидыруда. Жамбылдық жағалылар жастардың жайын бір сәт естен шығармай, неке сарайының салынуына мұрындық болып жатса, ешкім де қолын қақпайды, аяғынан тартпайды. Тағы да «қол бірікпей, ине ілікпейтінін» еске салсақ, артықтық етпес. Тиісті мекемелер тақырыпты көкпарға салып қойып қарап отырғанша, талай жанның сауабын алатын игілікті іске бастамашы болса дейсің. Біздің міндет – тарихи, мәдени орта ошағының отын көсеу. Қалғаны – тиісті мекемелердің құзырында.