Қазақстан дамыған елдердің қатарына қарай қадам басып келе жатса да кемшін тұстар әлі де жетерлік. Мысалы, соңғы кездері елдегі тасымал құралдарының бірі болып саналатын пойыздарға қатысты сын пікірлер көптеп айтылуда. Десе де бұдан өзгеріп жатқан ештеңе жоқ секілді.
Бүгінде әлеуметтік желіде Қазақстан мен Өзбекстан пойыздарының сыртқы тазалығын салыстырып көрсеткен бір видео жүр. Осыны түсіріп тұрған жігіт «Қазақстан темір жолы» үшін ұялатындығын» жеткізе келе біздің пойызды шошқа қораға теңестіреді. Расында да Өзбекстанның «Ташкент – Мәскеу» бағытындағы пойыз вагондары тазалығымен көзге ұрып тұрса, дәл жанындағы біздің Сарыағаш пойызының вагондары кірден көрінбейді. Ұят-ақ.
Әрине, вагондардың ішінде де сондай жағдай. Тазалық мәселесі қатаң қолға алынбаған. Мәселен, әр мінген жолаушыға берілетін төсек жаймалары да дұрыс жуылмайтын сияқты, тап-таза деуге келмейді. Матрастарынан түрлі дақ іздерін табу қиын емес. Жастығының жастық деген аты ғана, жұп-жұқа бірдеңені басыңа екі бүктеп жатасың. Тамбуры да оңып тұрған жоқ. Едені лас. Тіпті бірде құрбымның тамбурдағы қоқыс салатын целлофан пакетке бос қалбырлар мен құтыларды тастау үшін пакеттің аузын ашып жатқанда әлдекімнің қақырығын байқаусызда қолымен іліп алып, біразға дейін жиіркеніп жүргенін білемін.
Тазалық мәселесінің пойыз әжетханаларына да қатысы бар. Осыдан біраз уақыт бұрын Тоқтар Жақаш есімді әріптесіміз әлеуметтік желіде «Қазақстан пойызының сиқы» деп аталатын түсірілім жасапты. Оның таңдауы Алматыдан Астанаға қатынайтын өзі мінген «Бәйтерек» пойызының плацкарт вагонына түсіпті. Ол кісі әжетханадағы жағымсыз сасық иісті, тамбурдағы қоқысты сөз ете келе, вагонның ішіндегі адам жүретін жолдың тарлығын сөз етеді, билеттің тапшы екенін де жеткізеді. «Алматы мен Астана арасында билет табу қиын. Бұл «Бәйтерек» пойызына бар болғаны 13 вагон ғана жалғанған. Меніңше, мұның астарында тасымал қызметінің баға саясаты жатыр деп ойлаймын. Өйткені бұлардағы ең қымбат вагондар, яғни «Тальголар» 18 мың теңгеден басталады. Ол күн өткен сайын қымбаттай түседі. Дәл жүретін күні 30 мың теңгеге дейін барады. Менің ойымша, сол билеттерді өткізу үшін вагон санын қысқартып тастаған. Әйтпесе мұнда 17-18 немесе 24 вагонға дейін жалғауға болады», – дейді ол.
Мұндай көңіл толмаушылықтардың қатарында «Пойызбен келе жатырмын. Не деген сасық пойыз! Қазақстанда ең алғашқы пойыз 1934-жылы шыққан. Содан бері жаңартуға болады ғой. Табыс көп миллиардтаған. Шығыс аз. Туалетін түсірмедім. Оны түсірсем, жиіркенесіздер», «Темір жол компаниясы өте артта, тоқырап қалған жүйе, неге екенін түсінбеймін. Табыс көп, сол табыс қайда кетіп жатыр? Вокзалға барсам, Кеңес заманы еске түседі. Пойызға мінгім келмейді. Кейбірі тіпті лас, иісі жаман. демалатын ауа жоқ қой. Халықтың басқа амалы жоқ», – деген пікірлер де бар.
Ал Еуропа елдерінің пойыздарына көз жүгіртейікші. Әрине, ол үшін пойызға отыру шарт емес, әлеуметтік желіні ашсаңыз, қажетті видеоны табу қиындық тудырмайды. Соның бірін желі қолданушысы Гүлмәрия Барманбекова өзінің парақшасына салыпты.
Өзін «Еуропа пойызындағы дәретханадан тұңғыш репортаж жасаған қазақ журналисі» деп атаған ол ондағы әжетхана тазалығын көрсетеді. Әжетхананың алдында адамдар кезек күтіп отыруға арналған орындықтарды, қол жууға арналған сұйық сабын мен қол сүртуге арналған салфеткалардың қойылғанын байқау қиын емес.
«Будапешт – Прага» пойызының ең арзан плацкарт типтес вагонында да солай екен. Плацкарт типтес десе де біздің купе вагондардан әлдеқайда керемет. Әр купеде екі адамдық жатын орын, ауа баптағыш, оятқыш, әжетхана, қол жуатын жер, душ бар. Сондай-ақ ішінде тәпішкесіне дейін түгенделіп салынған жуынуға арналған жиынтық, бөтелкедегі ауыз суларды да ұмыт қалдырмаған.
Сол секілді ресейлік «Нижневартовск – Мәскеу» бағытындағы пойызды да айта кетуге болады. Мұнда төрт адамдық купенің есігін құлыптау үшін арнайы электронды кілттер қолданылады. Ішіне пультті теледидар және жолаушыларға арналған төрт сейф орнатылған. Әлгі сейфтердің арқасында біздегідей бағалы заттардың қолды болып кетуінен қорқып, оны жастықтың астына жастап жатудың қажеті шамалы. Оған қоса түрлі журналдар, су ішетін таза стакандар, жуынуға арналған бірнеше жиынтық, киім ілгіштер де бар.
Ереже бойынша барлық пойыздың әжетханаларында сабын мен әжетхана қағазы болуы міндетті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиаорталық» қоғамдық ұйымының төрағасы Төлеген Байғұловтың «Қазақпарат» тілшісіне айтуынша, жолсеріктер әжетхананы әр төрт сағат сайын тазалап тұруы тиіс екен.
«Олар жолаушыларға тегін шай, стакан, қасық, ине-жіп, қайшы, дәрі-дәрмек, тіпті шахмат, дойбы секілді үстел ойындарын да әкеліп беруі керек. Сонымен қатар олардың пойыздың тоқтауына жарты сағат қалғанда төсек-орынды өткізуді талап етулері де орынсыз. Ол тек шұғыл жағдайда, жолаушының рұқсатымен ғана жүргізілуі тиіс. Негізінде төсек-орынды жолаушылар түсіп кеткен соң өздері жинап, кір жуатын жерге тапсырулары тиіс», – дейді ол.
Жалпы, Қазақстан пойыздарындағы біз айтып өткен мұндай кемшіліктер теміржол саласындағы бақылаудың әлсіздігін байқататындай. Осы салада вагондардың ластығы, билеттің тапшылығы және бағаларының мереке күндерінде тым қымбаттап кетуі, вагондардағы жабайы сауда, кей жолаушылардың жолсерікпен келісіп, пойызға билетсіз отыруы секілді жайттар реттелсе, біраз олқылық орнына келер еді. Кім біледі, бәлкім ол күндер де алыс емес болар...
М. ІЛИЯС.