Алматы қаласы Медеу аудандық туберкулезге қарсы қалалық диспансерінде 2012 жылдың ақпан айынан бастап «Науқастар мектебі» ұйымдастырылып, жемісті жұмыс істеп келеді.
«Науқастар мектебінде» туберкулез ауруы жайлы толық ақпарат алуға барлық мүмкіншілік қарастырылған. Мектеп теледидар, DVD, компьютер және науқастарға қажетті әртүрлі жаднамалар, кітапшалар, үндеулермен қамтамасыз етілген.
Әрбір науқас, науқастың туыстары және олармен араласатын адамдар өз қалаулары бойынша жалпы туберкулез ауруы туралы, оның таралу жолдары, тексерілу түрлері, қалай емделу керектігі және емнің ұзақтығы, ем алу барысында адам ағзасында болуы мүмкін өзгерістер және де науқасты толғандыратын басқа да көптеген сұрақтар жайлы толық ақпарат ала алады.
Өздеріңізге белгілі туберкулез ауруы ұзақ уақыт емделеді, ал емнің ұзақтығы аурудың таралу үдерісіне байланысты болады.
«Науқастар мектебі де» тек ересектер ғана емес, диспансерлік есепте тұратын (тубвираж, гиперпроба, химиопрофилактикамен) балалардың ата-аналары да толықтай ақпарат ала алады.
Мектебіміздің бекітілген дәрістер тізімі бар. Оның ішінде, мысалы, туберкулез ауруына қарсы препараттар, туберкулезді емдеудегі негізгі әдістер, науқастың дәрігердің үздіксіз қарауында болуы, науқастың емделу процесіндегі өзін-өзі бақылауы, зиянды әдеттер тағы да басқа тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар «Науқастар мектебінде» жүргізілген әңгімелерден кейін әртүрлі сауалнамалар жүргізіліп отырады. Сауалнама нәтижелері көрсеткеніндей, өкінішке қарай, көптеген адамдар, бұл жұқпалы ауру жайлы әлі де көп біле бермейді. Мысалы, сауалнамадағы «өзіңіз туберкулезбен ауырып қалсаңыз не істейсіз?» деген сұраққа көп адам өз беттерінше емделетіндіктерін айтады. Сонымен қатар туберкулез ауруына тексерілу мен емделудің тегін екендігін екінің бірі біле бермейді.
«Науқастар мектебінің» бір жылға жуық жүргізген жұмысы жұртшылық көңілінен шықты. Бұл, әрине, өте аз уақыт, алда атқарылатын жұмыстар, әртүрлі шаралар күтіп тұр. Науқастардың саналы түрде, өз ауруымен күресу үдерісіне қатысқаны жөн. Әрбір адам ауырған сәттен бастап ем соңына дейін жауапкершілікпен ем қабылдаса, «Науқастар мектебінің» негізгі жеткен жетістігі де сол болмақ.
Гүлнара ӘЛІМОВА, Медеу аудандық қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің «Науқастар мектебінің» үйлестірушісі
«Науқастар мектебінің» пайдасы
Последние статьи автора