Музыкамен емдеу тәсілі насихатталды
Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатында жуырда аты да, заты да ерекше кеш өтті. «Музыка – адам жанының емшісі» атты психологиялық кештің дәл осы білім ошағында өткізілуінің өзіндік себебі бар.
Болашақ музыка мамандарын дайындап жатқан мектептің бұл бастамасы қолдауға тұрарлық.
Өйткені «әсем ән мен тәтті күйдің» адам денсаулығын жақсартып алдын алуда, біле білген жанға құдіреті керемет. Кезінде осы сынды жанға дауа емдік тәсіл бар екендігі айтылып қалып жүрсе де, тәжірибе жүзінде онша ешкім қолға ала бермейтін. Ал қазір әлем ғалымдары зерттеу жүргізіп, адамдарды тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, музыкамен емдеудің тиімділігін насихаттай бастады. Ұлы Абайдың «Құлақтан кіріп, бойды алар...» деп жырлағанын білмейтін қазақ жоқ. Абай әсем әуеннің тек жүрек пен көңілді ғана жылытып қоймай, тән мен жанға ем екенін білмеді ме, білді.
Мысал келтіре кетейік, дүние есігін ашқалы жатқан шақалақты анасының жатырынан әнмен «қарсы алса», ол сәбиге пайдалы әрі әйелдің толғағын айтарлықтай жеңілдетеді екен. Ол тәжірибе жүзінде дәлелденген.
«Музыка – адам жанының емшісі» атты психологиялық кеште осы сынды тың тәсілдер мен түрлі тақырыптар сөз болды. Кешке психология ғылымының кандидаты, доцент Б.Жігітбекова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы С.Түкебаева және медицина ғылымының кандидаты, профессор У.Мұқашев қатысты. Ат шаптырымдай болатын зал лық толды. Оқушылардың көкейлерінде жатқан сауалдар сан алуан екен. Ал, жалпы айтқанда, барлығы дерлік музыканың адам жаны мен денсаулығына пайдасы төңірегінде болды.
Ғани Сапарбаев, шараны ұйымдастырушы музыкант әрі психолог маман:
– Ешкімге жасырын емес, қазір мына қым-қуыт алмағайып заманда жүйкесі сыр бергендер көп-ақ. Іште бұғып жатқан шердің ақырында түрлі ауруларға әкеп соқтыратынын да барша біледі. Дерті асқынған жан, амал жоқ, дәрігерге жүгіреді. Ал олар дәрі-дәрмекпен емдейді. Осындай пайдасынан зияны көп нәрседен аулақ жүру үшін кім-кімнің де жаны жырмен жазылса, жақсы емес пе? Мақсатымыз осы еді: музыканың қадір-қасиетін мейлінше арттырып, жас буынды соған тәрбиелеу.