Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі «Атамекен» ұйымы мен «Адырна» клубының ұйытқы болуымен «Поэзия, менімен егіз бе едің?» деген тақырыпта студент жастардың арасында Алматы қалалық жыр мүшәйрасы өткізілді.
Бұл мүшәйра Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналып отыр. Жалпы, өнер мен білім ордасы саналатын Алматы қаласында поэзияға жаны құмар жастар баршылық. Мұқағалидай қазақтың біртуар перзентіне арналған жыр додасында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлардың» бағы мен бабын таразылаған әділқазылар алқасы Жәркен Бөдеш, Тұрсынәлі Рыскелді, Жәди Шәкен сынды ақын-жазушылардан құрылды. Бас жүлдені Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Бауыржан Әлқожа жеңіп алса, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тәлімгері Сайрангүл Дақанқызы I орынға ие болды. II орынды ҚазҰУ-дың филология факультетінің білімгері Қайсар Қауымбек еншілесе, III орынды Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың студенті Рәтбек Мағазұлы мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің білімгері Қуанышбек өзара бөлісті.
ҚазҰАУ-дың тәрбие ісі және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Бауыржан Иманғалиев пен оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректордың орынбасары Жұлдыз Сүлейменова «бұны ақиық ақынға арналған мүшәйра ғана емес, ән-жыр кеші деп бағалауға болады» деп түйді. Өйткені бұл жиында Мұқағалидың өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. «Аққулар, қош болыңдар...», «Сәби болғым келмейді», «Шашыңнан бір иіскейін» тағы басқа әндер көпшіліктің көңілін сергітті.
Мұқағали мүшәйрасы өтті
Последние статьи автора