Мұнайшылар мекені – Жаңаөзеннің жағдайы

Жуырда Маңғыстау облысына қарасты Жаңаөзен қаласына жолымыз түскен болатын. Көлемі жағынан шағын ғана қала республика бойынша кең танымал болған. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-білгеніміз болмаса, бұл өңірдегі шынайы өмірді көзімізбен көрген емес едік. Шыны керек, жұмысшылардың өткен жылғы шеруі, биылғы жылдың наурыз айындағы ереуілдерінен кейін мұнайшылар қаласы туралы түрлі пікірлер туындаған-ды. Жаңаөзен десе, бейне бір әлеуметтік шиеленіскен орта елестейтін. Аталған өңірге іссапармен барғанда шағын шаһардың әлеуметтік тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қарапайым жұмысшылар мен оларға жұмыс берушілермен кездесудің сәті түсті.
1976 жылғы жүргізілген есеп Жаңаөзен қаласында сол кезде 50 мыңға жуық халық болғанын растайды. Соңғы 34 жылда ха­лық саны екі еседен асып, қала тұрғын­дары­ның саны 116 мыңға дейін өскен. Жері шөлейт мекеннің халқы негізгі нәпа­қа­сын қара алтыннан тауып отыр. Оған дә­лел: бір ғана «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалында 8700 адам жұмыс істейді. Бұған дейін орын алған қарапайым мұнай­шы­лар мен жұмыс беруші компания ара­сын­дағы келіспеушіліктер қордаланып қал­ған әлеуметтік проблемалардан туын­да­ғаны белгілі. Жаздың 55-56 градус ыс­тығы мен қыстың өңменіңнен өтетін аязды же­лінде қара жұмыс істейтін жұмысшының басшылыққа талап қоюы да – заңдылық. Көктемдегі ереуілден кейін Жаңаөзен қаласының әкімі мен жергілікті негізгі жұмыс беруші «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының басшылығы толығымен ауысқан. Бұл да ереуілшілердің талапта­рының бірі болатын. Қала басшылығының бір жылдық, ал жергілікті компания жетек­шілігінің тоғыз айлық жұмыстарынан Жаңаөзендегі жағдайдың реттеліп, арнайы бағдарламалар арқылы тиісті шаралар жасалып жатқанын аңғару қиын емес. Ең бастысы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы мен Маңғыстау об­лыстық әкімдігінің арасында әлеуметтік әріптестік бағдарлама жасалған. Осының аясында, яғни рәсімделген меморандум бойынша, компания жылына Қарақия ауданына – 150 млн, ал 750 млн теңгені Жаңаөзен қаласының инфрақұрылымын дамытуға жұмсап отыр.

Тәуелсіздік күніне орай мұнайшыларға тарту
Бөлінген бұл қаржыдан бөлек, жұмыс­шыларға жасалып жатқан әлеуметтік ша­ралар туралы да айта кеткен жөн шығар. Мұнайшылардың жұмысын жеңілдету мақсатында соңғы бес жылда компания компьютерлік бағдарламалар арқылы басқарылатын техникалар мен техникалық жабдықтар сатып алыпты. Заманауи техни­калармен жұмыс істеу үшін жергілікті ма­мандарды арнайы курстарда оқыту үрдісі қа­тар жүргізілуде. Қаладағы кәсіптік білім бе­ретін ошақтарда мамандық түрлері кө­бейтіліп, сол бойынша мемлекеттік білім бе­руге тапсырыс ұлғайтылған. Маман­дар­дың оқу шығыны да – компанияның мой­нын­да. Тәуелсіздігіміздің 19 жылдығы қар­саңында «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы қарамағындағы мұнайшыларға бір күнде жеті нысанды пайдалануға бе­ріп, өзіндік тарту жасады. Ұңғымаларға қыз­мет көрсету орталығының жұмысшы­ла­ры «бұрындары қысы-жазы далада жуы­нып, тозығы жеткен вагондарда ауқат­танатынбыз» дейді. Мұнайшылардың игілігіне жалпы сыйымдылығы 330 орын­дық екі бірдей асхана беріліп отыр. Жаңаөзендік мұнайшылар уақытының көп бөлігін жұмыс басында өткізеді. Жуынып, киіну, жалпы гигиеналық тазалықты сақтау үшін қара алтынды игерушілерге тұр­мыстық-әлеуметтік кешендер бой көтеріп, кілттері табыс етілді. Сондай-ақ барлық ұңғымалардан мұнай келіп жиналатын №93 және №89 топтық қон­дыр­ғыларда да жаңа нысан пайдалануға берілді. Жұмысшылардың әлеуметтік проб­лемаларының шешіліп келе жатқанын тілге тиек еткен «Өзенмұнайгаз» өндірістік фи­лиалының директоры Киікбай Еш­манов былай деді:
– Мен өзім де осы жерде бірнеше жыл қызмет істедім. Жыл он екі ай әртүрлі ауа райына қарамастан, тапсырмалар бо­йынша жұмыс істеу оңай емес екенін жақсы түсі­немін. Мұнайшылардың әлеуметтік проб­лемалары біртіндеп шешіліп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Жақында ғана 2014 жылға дейінгі ұжымдық шарт жасалды. Аталған құжатта жұмысшыларға осы уақытқа дейін көрсетілген әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктер тұтастай сол күйінде өзгеріссіз қалдырылды. Бүгін, міне, тек мұнайшылардың игілігі үшін салынған бірнеше орталықтың ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Осы жерде қызмет етіп жүргенде вагондарда жуынып, тамақтана­тын едік. Сол іркес-тіркес вагондардың бір күнде өртеніп кеткенін де көзімізбен көр­генбіз. Бүгін пайдалануға беріліп отырған ны­сандарда шаруасын істейтін жұмысшы­лардың жағдайын ол кезбен салыстыруға да келмейді. Осы уақытқа дейін түрлі әңгімелер, қаңқу сөздер болғаны жасырын емес. Бүкіл елге жария етпей, мұнайшылар өз проблемаларымызды өзіміз шеше ала­мыз. Ол үшін міндетті түрде дабыра етудің қа­жеті жоқ. Бұдан да күрделі әлеуметтік шие­леністер мен қақтығыстар мәдениетті түр­де бір үстел басында да шешілген. Ком­панияның алдағы жылдарға жасап отырған жос­парының ауқымы өте кең. Бізге сол жос­пар бойынша жұмыс істеу үшін уақыт ке­рек. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақ қажет. Құрметті жаңаөзендік мұнайшылар, біз өзіміздің еңбегіміз арқылы елімізге қызмет етіп жатырмыз. Сондықтан ел алдындағы жауапкершілігімізді сезінейік.
Ақпарат құралдары өкілдерінің арнайы саяхаты барысында тек қана басшылықтың ой-пікірін елеп алу мақсатымыз болған жоқ. Оқырманға берер ақпарымыздың шы­найы шыққанын қалағандықтан, қара­пайым жұмысшылардың да айтары болар деп пікірлерін білген едік.
Хасен ЕСҚУАТОВ,
жұмысшы:
– Жаңа нысандарды көріп, қуанып жат­қан жайымыз бар. Маңғыстау өңірінің ауа райын жақсы білесіздер, жаздың аптап ыс­тығы мен қыстың қақаған аязында жұмыс іс­теу оңай емес. Жұмысшылардың жағ­дайын ескергені болар, басшылық әлеумет­т­ік проблемаларды шешуді қолға ала бас­тады. Бәрі 100 пайыз шешілді деп те айта алмаймын. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Бірақ осындайда басшыларға айтарымыз да жоқ емес. Біздің базаларымыздың көбі ескірген. Жаңбырда үстінен су тамшылап, қыста іші аңырап, пана болмай кетеді. Енді осындай мәселелер шешімін тапса деген тілегіміз бар.
Жұмысшылардың талап-тілегін бас­пасөзде жариялап, басшылыққа жеткізу – біздің парызымыз. Алдағы үш жылға ар­найы әлеуметтік кешенді бағдарлама қа­был­дап, тиісті жұмыстарды атқарып отыр­ған компания басшылығы бұл ол­­қы­­лық­тың да орнын толтырар деген үміт­те­міз.

Жаңаөзендіктердің жалақысы тұрақты
Әр адам жасаған еңбегіне сай жалақы алуы керек. Мұнайшылардың қазіргі жалақысы орташа есеппен 200 мың тең­геге жуықтайды. Бұл – компания бас­шы­ла­рының келтірген дерегі. Басшылықтың мәліметіне сенімділік танытқанымызбен, жергілікті жұмысшылардың жалақы көлемін нақтылап алғанды жөн санадым. «Жур­налистермен кездесуге ішкі мәсе­лелерді айта бермейтін жұмысшыларды әкелген» дегенді де құлағымыз шалып қалды. Ақ-қараны анықтау үшін нысан­дарды аралағанда бізді алып жүрген автобус жүргізушісін оңашалап алып, тұрпайы сұрағымды төтесінен қойып: «Аға, шыныңызды айтыңызшы, жалақыңыз қанша?» – дедім. Мұнай игеруге қатысы жоқ, тек жұмысшыларды тасымалдайтын автобус жүргізуші: «Біздің жұмысымыз сағатпен есептеледі. 60 минутқа мың теңге аламын. Ал айына 280-300 сағат ара­лығындағы жұмыстың есебін тапсыра­мын, арғы жағын өзің есепте», – деп күлді. Арифметикаға болмаса да, ақша санауға қауқарлы санамнан «280-300 мың» деген жауап лезде келді. Бұл – қарапайым жүр­гізушінің жалақысы. Ал тікелей мұнай­ды жеті қаттан тарту, оны үш фазаға (мұнай, газ, су) бөлетін арнайы мамандардың ең­бекақысы жұмыс берушілердің деректеріне сәйкес келіп тұр. Жұмыс беруші қызметкер жалақысының кепілдендірілген бөлігін көбейткен. Негізгі жалақы – 77, ал сыйақы – 23 пайыз. Оның үстіне негізгі жалақыға аймақтық және көтерме коэффициенттер енгізілген. Осылайша, өндіріс бөлім­ше­леріндегі қызметкерлердің айлығы бұрын­ғы қолданыста болған жалақыдан, ай­мақтық аудандық, үстеме коэффициент және ай сайынғы сыйақыдан құралады. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компа­ния­сы еліміздің заңнамасында қарастырыл­маған коэффициенттер төлейтін аз кәсіп­орындардың бірі екен.

Жұмыссыздықпен күрес
Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сар­бөпеевтің айтуынша, жергілікті демогра­фиялық даму жылдан-жылға қарқын алып келеді. Жұмыссыздық мәселесінің күн тәр­тібінен түспей келе жатқаны да сон­дықтан көрінеді. Оған қоса қала хал­қының саны 50 мыңға жеткен кезде жылы­на 16 млн тонна мұнай өндірілген екен. Ал қазір 116 мың халқы бар Жаңаөзенде бір жылда 6 млн тонна мұнай игеріледі. Жер­гілікті әкім­шіліктің мәліметтеріне қара­ған­да, Үкіметтің 2008 жылғы 19 қыркүйек­тегі №865 қау­лысымен бекітілген Жа­ңа­­өзен қаласының әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық даму проб­ле­ма­сын шешу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған кешенді жоспа­рына 2009 жыл­дың 9 желтоқсанында өзге­ріс­тер ен­гізіліп, атқарылатын шаралар­ға қосым­ша қаржы бөлініп, жоспар аясы 2012 жыл­­ға дейін ұзартылған. Жыл басынан бе­рі қалада 6,4 мың жұмыс орны, оның ішінде 4,2 мың тұрақты жаңа жұмыс орны құрылып, нәтижесінде тіркелген жұмыс­сыз­­дар деңгейі 0,9 %-ды құраған. Бұл был­­тырғы жылмен салыс­тырғанда жұмыс­сыздық деңгейінің 0,5 %-ға төмендегенін көр­сетеді. Жаңа­өзен­нің әлеуметтік ахуа­лы­ның тіктеуіне үлесін қосып келе жатқан «Өзен­­МұнайГаз» өнді­рістік филиалы биыл­ғы жыл­дың қаңтар айында әкімдікпен бірлесе оты­рып, Жаңа­өзен­дегі жұ­мыс­сыз­дық дең­гейін төмен­де­туге ықпал ету мақса­тында мың әлеуметтік бос жұмыс орнын құрған. 
Болашақ мұнайшылар да қамқорлыққа алынған
Шағын ғана шаһар халқының өсімінің жоғарғы деңгейде екенін 20 орта мектептің болуынан-ақ білуге болады. Орта білім беру ошақтарының жартысына жуығы – ескі мектептер. Болашақ мұнайшылар білім алып жатқан білім ошақтарындағы спорттық алаңдардың дені ескіріп, тозығы жеткен. Осы мәселелерді екшеген «Қаз­Мұ­найГаз» БӨ 10 орта мектепке әрқай­сысының құрылысы 10 млн теңгені қажет ететін заманауи спорттық алаңдар салуды қолға ала бастады. Алғаш­қы алаңқай қаладағы №3 орта мектептің ауласына салынып, оқушылардың игілігіне тапсы­рылды. Жоғарыда айтып өткендей, қалаға бөлінетін 750 млн теңгеден бөлек, осы жылдың өзінде 94,5 млн теңгеге қала­дағы шағын аудандардағы 63 аулаға балаларға арналған ойын алаңқайы салы­ныпты. Компания бастамасына алғысын білдірген қала басшылығы осы алаңқай­лардың салынуы арқылы ауладағы бала­лардың қауіпсіздігі күшейтілгенін алға тартып отыр. Маңғыстау облысына қарасты балалар үйі осы Жаңаөзенде орналасқан екен. Жетім балалар тәрбиеленіп жатқан орталықтың тұрмысын жақсарту үшін «ӨМГ» ӨФ мұнайшыларының баста­ма­сы­мен аталған балалар үйінің жанынан қам­қор­лық кеңес құрылған. Бұл кеңеске «Өзен­Мұ­найГаз» ӨФ жұмыс істейтін аза­маттар демеуші болып, балалар үйінің барлық мәселесін шешуді қолға алған. Компьютер, теле­ди­дар, тоңазытқыш сияқ­ты тұрмысқа қажетті заттар сыйға тартылған екен. Осы балалар үйіне бес автокөлікке ар­налған гараж бой көтерді. Оларға таяу­да 25 орындық шағын автобус пен УАЗ автокөлігін сыйға тартуға уәде беріліп отыр. Балалар жазғы дема­лы­сында жұ­мыс­пен айналысу үшін шаһар ше­тінен ша­руа­шылық үйі салына бас­тады.
Жалпы, «ӨзенМұнайГаз» өндірістік фи­лиа­лы Жаңаөзен қаласына жылына бар­лығы 2 млрд теңгеге жуық қаржыға ақша­лай және заттай көмек көрсетіп жатыр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста