Тарихшылардың деректері бойынша өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары Маңғыстау түбегін бар болғаны 40 мыңдай ғана халық мекен етіпті. Табиғаты қатал, тұрмыс-тіршілікке қолайсыз саналған өлкеде мал шаруашылығынан басқа саланы дамыту мүмкін емес деп саналған. Дегенмен «ұйқыдағы ару оянды». Бүгінде Маңғыстау облысы – өнеркәсібі дамыған, еліміздің дамуына елеулі үлес қосып отырған жетекші аймақтардың бірі. Облыстың құрылғанына 40 жыл толатын мерейлі күннің қарсаңында аймақ тұрғындарының саны 600 мың адамға жуықтап қалды.
Бүгінде Маңғыстау облысы – заманауи инфрақұрылымы бар, өнеркәсіп, құрылыс, көлік салалары толық қалыптасқан, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері басқаларға үлгі боларлық аймақ. Тұрғындардың әл-ауқатының көрсеткіші ретінде бір ғана көрсеткішті – халық өсімін мысал етуге болады. Осы көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы республика бойынша Астана қаласынан кейінгі екінші орында.
Еліміздің батыс қақпасы атанған облыста аймақтық ішкі жалпы өнім көлемі тұрғындардың жан басына шаққанда 16 мың АҚШ долларынан асты. Бұл – республика бойынша үшінші нәтиже.
Маңғыстау бұл көрсеткіштерге қалай қол жеткізіп отыр? Бұл мәселеде ең бірінші мұнайлы аймаққа инвестиция молынан келіп жатқанын атап өтуге болады. Тек биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде облысқа 69 млрд теңгенің тікелей инвестициясы тартылды. Бұл қаржының негізгі бөлігі өнеркәсіпке және көлік инфрақұрылымына құйылып отыр.
Маңғыстаудың басты байлықтарының бірі – қара алтын және басқа да қазба байлықтары. Облыста жерасты кендерінің мол қоры бар және олар аймақтың алдағы уақытта да қарқынды дамуына кепіл бола алады. Облыс өзінің болашағын, негізінен, осы көмірсутегі шикізатымен байланыстыратыны да рас. Дегенмен Маңғыстау бүгінде индустрияландыруға берік бағыт ұстады. Әсіресе теңіз жағалауы инфрақұрылымын дамыту, көлік-транзит логистикасы және туризм саласын жандандыруға ерекше көңіл бөліне бастады.
Орналасу жағдайына, климаттық ерекшеліктеріне байланысты облыс тұрғындары пайдаланатын өнімдердің барлығы дерлік сырттан тасылады. Сондықтан соңғы уақыттарда облыста жергілікті кәсіпкерлікті дамыту үшін көп мүмкіндіктер жасалуда. Облыста тіркелген кәсіпкерлер саны тұрақты өсіп келеді. Тек биылдың өзінде «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 15 жоба қаржыландырылды.
Өнеркәсіп – облыс экономикасының локомотиві
Аймақ Елбасының бастамасымен қолға алынған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Облыста 2010-2011 жылдары осы бағдарлама бойынша 18 жоба іске асырылды. Былтыр тағы алты жоба іске асса, биыл тағы үш жоба қолға алынып отыр. Сәтті іске асқан жобалардың бірі деп Ақтау қаласындағы «Магабред» нан зауытын айтуға болды. Күніне 40 тонна нан өнімдерін шығаратын өндіріс облыс халқын сапалы өнімдерімен ғана қамтамасыз етіп отырған жоқ, сонымен бірге 200 адамға жұмыс орны ашылды. Ал «РИГ» атты жаңа электротехникалық жабдықтар шығару зауыты болса, 150 адамды жұмыспен қамтыды. Бұл зауыт қазір заманауи технологияларды пайдаланып, қуат үнемдегіш түрлі өнімдер шығаруда.
Маңғыстауда дәл қазір бірегей жоба – жол битумын шығаратын зауыт та салынып бітуге жақын қалды. Бұл өндіріс ошағы шикізат ретінде облыс аумағындағы Қаражанбас кенішінің мұнайын пайдаланатын болады.
Өз алдына бір төбе болып отырған тағы бір жоба – Шетпе кентіндегі цемент зауытының құрылысы. «Каспий цемент» атты зауыт қазір салынып бітуге жақын. Қазірдің өзінде оның құрылысына 800-ден астам адам тартылған. Ал зауыт өз өнімін шығара бастағанда 300 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Жылына 1 млн тонна жоғары сапалы цемент шығаратын бұл зауыт облыс қана емес, бүкіл еліміздегі ең ірі зауыттардың біріне айналады деген жоспар бар. Зауыт толық қуатымен жұмыс істей бастағанда, еліміздің бүкіл батыс өңірі толықтай сапалы отандық құрылыс материалымен қамтамасыз етілетін болады.
Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Маңғыстаудағы байырғы өндіріс орындарының бірі – «ҚазАзот» зауыты да қайта жарақтандырылды. Еліміздегі ең ірі экспортерлердің бірі болып табылатын бұл зауыт аммиак және аммиак селитрасын шығарады. Қайта жарақтандырудан кейін зауыттың қуаты екі есеге артып, оның экологияға зиянды әсері толық жойылды.
Ал мұнай кен орындары үшін арнайы құбырлар шығаратын Аrcelor Mittal Tubular Products Aktau зауытын ерекше атауға болады. Жылына 60 мың тонна үлкен диаметрлі құбырлар шығарып, Каспий мұнайын игеру бағытында жұмыс жасап жатқан, шетелдік компаниялар қажетін толық өтеп отырған бұл зауыт, сонымен қатар 190 жергілікті тұрғын үшін жұмыс орнын ашты.
Аймақ экономикасының дамуына «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қосқан үлесі де өте зор болып отыр. Қазір арнайы экономикалық аймақ территориясында экспортқа өнім шығаруға бағытталған алты өндіріс орны ашылды. Олардың арасынан сұйық дәрі-дәрмек шығаруға машықтанған «Медикал Фарм Ча Кур» фармацевтикалық кешенін атауға болады. Қуаты жылына 20 млн тонна инфузиялық дәрі-дәрмек өндіруге жететін кешен отандық фармацевтика өндірісіне өзіндік үлесін қосып отыр.
Жасыл экономикаға жақынбыз
Жақында арнайы баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімі Алик Айдарбаев: «Маңғыстауда жасыл экономиканы дамытудың мүмкіндіктері зор. Сондықтан біз осы салаға ерекше мән беретін боламыз»- деп атап өтті. Бүкіл еліміз үшін аса маңызды «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесін өткізетін Астанаға Маңғыстау өлкесі де үн қосатын болады. «Қазақстан – жел энергетикасы нарығын дамыту бастамасы» жобасы аясында облыс жел әлеуеті өте зор аймақтардың қатарына жатқызылды. Сондықтан Оңтүстік Кореялық әріптестермен бірге Түпқараған ауданында қуаты 19,5 МВТ жел электр станциясын салу жобасы қолға алынды. Сондай-ақ Ақтау қаласында тұрмыстық қалдықтарды кешенді өңдеу арқылы электр қуатын өндіретін зауыт салу туралы пилоттық жоба іске асырылмақ. Бұл жобаны Еуропа Қайта құру және Даму банкі қаржыландыруға ынта білдіріп отыр.
Көліктік инфрақұрылымды дамыту – басты бағыт
Облыс экономикасын дамытудың ең болашағы зор бағыттарының бірі – Каспий теңізінің әлеуетін пайдалану болып белгіленді. Облыс аумағында үш бірдей порт бар. Олар –Ақтау, Құрық және Баутино порттары.
Құрық – Каспий теңізіндегі қыста қатпайтын жалғыз порт. Сондықтан оның теңіздегі мұнай операцияларына қолдау жасауға рөлі ерекше болып отыр. Қашаған жобасының екінші кезеңін бастаған уақытта бұл порттың маңызы еселеп артпақ. Дәл қазір «Қазақстан теміржолы» компаниясы өзінің теміржол желісін Құрық портына дейін созу туралы мәселені қарастыруда. Ал «ҚазМұнайГаз», «ҚазМорТрансФлот» компаниялары болашақта мұнда паром кешені мен кеме жасау, жөндеу зауытын салуды жоспарлап отыр.
Ал қазір Қазақстанның батыс қақпасы атанған «Ақтау теңіз порты» өз қуатын арттырып келеді. Бүгінгі күні портты солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыс толық аяқталған уақытта қосымша тағы үш құрғақ жүк терминалдары салынып, порттың қуаты жылына 20 млн тонна мұнай өнімдерін және 3 млн тонна құрғақ жүктерді аттандыруға жететін болады.
Баутино теңіз порты қазірдің өзінде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі мұнай операцияларын қолдау базасы ретінде пайдаланылуда. Мұнда теңіз операцияларына қажетті инфрақұрылым жасалған. Жағалау инфрақұрылымдарының ұзындығы 3 мың метрге созылып жатыр.
Теңіздік инфрақұрылымнан басқа облыстың транзиттік, көліктік-логистикалық және инфрақұрылымдық-сервистік әлеуеті де өте мол. Облыстың құрлықта және теңізде бірнеше мемлекетпен шектесуінен басқа, облыс аумағымен «ТРАСЕКА» және «Теріскей-Оңтүстік» атты Шығыс Еуропа мен Орталық Азия және Солтүстік Еуропаны Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын екі халықаралық жол торабы өтеді. Осы транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану үшін бүгінде облыс аймағында жүк тасудағы арақашықтықты азайту мақсатына арналған біршама инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Мысалға, жақында ғана пайдалануға берілген «Өзен-Түркіменстанның мемлекеттік шекарасы» теміржол учаскесі Қазақстанды және бізбен бірге Қытай Ресей және Беларусь елдерін Парсы шығанағына, Иранның теңіз порттарына шығарады. Қазақстан және Түркіменстан Президенттері салтанатпен ашқан жаңа теміржол учаскесі еліміздің экономикалық байланыстарының нығаюына, экспорттық әлеуеттің артуына жол ашып отыр. Сарапшылар бұл жол айрығының жылдық тауар айналымы 8-10 млн тоннаға жете алады деген болжам айтуда.
Сол сияқты қазір салына бастаған «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының құрылысы да еліміздің орталығы мен батыс өңірлерінің тікелей байланысына жол ашады деп күтілуде. Бұл жол салынып біткен жағдайда Қазақстанның кез келген нүктесінен Ақтау портына дейінгі қашықтық ең кемі 600 шақырымға қысқарады. Яғни кез келген тауардың бір тоннасының тасымалдау құны кемі 600-750 теңгеге төмендейді. Ал бұл тасымалданатын тауардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып, нәтижесінде Қытай, Еуропа және Кавказ елдері арасындағы жүк айналымының 50 пайызына дейін осы жолға қарай тартады деген болжам бар.
Маңғыстау болашағы туризм саласын дамытуда
Маңғыстау облысының болашағы мұнда туризм саласын дамытуға тікелей байланысты. Сондықтан қазір аймақта осы бағытта үлкен жұмыстар жасала бастады. Облыс әкімі Алик Айдарбаев айтқандай, «Болашақта Маңғыстау тек мұнайымен ғана емес, заманауи туристік кешендерімен де мақтанатын болады». Бүгінде Туризм саласын дамыту институты «Кендірлі» демалыс аймағын дамытудың 2020 жылға дейінгі мерзімді қамтитын жүйелік жоспарын жасады. Болашақ демалыс аймағының сыртқы инженерлік инфрақұрылымын жасау үшін арнайы жобалар жасалып, оларды іске асыруға қатысты шаралар қолға алынды. Сондай-ақ туризм саласын дамыту жоспары аясында облыс орталығы Ақтау қаласын дамытудың да бас жоспары жасалған. Биыл аймақ тұрғындары Ақтау қаласының құрылғанына – 50 жыл, ал Маңғыстау облысының құрылғанына 40 жыл толып отырған қос мерейтойды атап өтуге дайындалуда. Облыста осы аралықта атқарылған жұмыстар қыруар, дегенмен алда тұрған міндеттер одан да көп. Өр өлке тұрғындары осы міндеттердің барлығы да орындалып, қасиетті Маңғыстаудың одан әрі гүлдене беретініне сенімді.
Мүмкіндігі мол Маңғыстау
Последние статьи автора