Мүлікті жария ету азаматтар үшін де, ел үшін де тиімді

Көшірбай ОМАРБЕКОВ, Қарасай аудандық Жылжымайтын мүлік орталығы басшысының орынбасары, аудандық мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның мүшесі:

–Көшірбай Әміртайұлы, Қазақстанда мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау Заңының күшіне енгеніне үш айдан астам уақыт болды. Мүлікті жария ету ісіне тұрғындардың белсенділігі қалай? Қарасай ауданында өз үйін заңдастырғысы келген тұрғындардан түскен өтініш көп пе?
– Әрине көп. Өйткені Қарасай ауданында халық өте тығыз орналасқан. Алматыда жұмыс істегісі келетін өзге аймақтардан келген халықтың көбі қала маңындағы ауылдардан жер сатып алып, үй салғысы келеді. Енді олардың кейбірі қаржы тапшылығынан мүліктерін заңдастыра алмай жүрген. Сондықтан бұл бастама қарапайым халыққа өте қолайлы болып отыр. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, тұрғындар да мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып отыр.
Негізі өзіңізге мәлім, Елбасымыздың тікелей бастамасымен 2014 жылдың 30-маусымында «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ыхтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң қабылданды. Бұл заң 2014 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілді. Осы заңды жүзеге асыру үшін, заң талаптарын жергілікті жерде орындау мақсатында аудан әкімі Амангелді Дәуренбаев арнайы қаулы шығарды. Аудандық атқарушы органдардың жанынан заң талаптарына сай комиссия құрылып, қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр. Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Жанәділ мырза Мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның төрағасы болды. Ал комиссия төрағасының орынбасарлығына аудан әкімдігі заң және мемлекеттің құқық бөлімінің басшысы Асқар Мұқашев мырза тағайындалды. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жұмағали Дәукешұлы комиссия хатшысы болды. Сондай-ақ комиссия құрамында: аудандық мәслихат хатшысы Еділ Қалиев, жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Нұрқасымов, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәурен Ақжолтайұлы, аудандық әділет басқармасы басшысының орынбасары Асқар Айтбекұлы, аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Азамат Қалиұлы, аудан бойынша салық басқармасының инспекторы Ербол Кенжеев, аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Еркін Қасымұлы, аудандық қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Сейітхан Омарханұлы, Өртке қарсы қызмет бөлімінің басшысы Жеңіс Жұмашұлы бар. Жалпы осы аты аталған азаматтардың барлығы бірлесіп, аталмыш заңның аймақта мүлтіксіз орындалуына атсалысып келеміз.
Айта кетейік, осыдан бір-екі ай бұрын Алматы облысы бойынша мүлікті жария етуге қатысты тұрғындардан бір мыңнан аса өтініш түссе, соның 800-ге жуығы Қарасай ауданынан түскен. Рақымшылық туралы заңның ауданда қаншалықты қарқында орындалып жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Енді нақты айтатын болсам, бүгінгі таңда аудан бойынша мүлікті заңдастыруға 2174 өтініш түсті. Оның ішінде біз тек 24 үйдің ғана құжатын заңдастырудан бас тарттық. Оның өзіндік себебі бар. Ал қалған өтініштер қаралу үстінде. Егер қарастырылуға берілген жылжымайтын мүліктердің барлық құжаттары сай болса, онда олар да екі-үш айдың ішінде заңдастырылып беріледі.
Бір ерекшелігі, мүлікті жария етуге тұрғындар тарапынан белсенділік артып келеді. Аталмыш акцияның жариялануы кезінде қолында қаржысы болмағандықтан, баспаналарын тіркете алмаған тұрғындарға қолайлы болып отыр. «Небәрі екі-үш айдың ішінде үйімді заңдастырып алдым, бір жақсысы, анда-мұнда шапқылатпайды екен, бәрін өздері реттеп береді, бұл қарапайым халық үшін жақсы бастама», - деп тұрғындар қуанып, алғыстарын айтуда. Біз үшін халықтың алғысын алғаннан артық бақыт бар ма?! Халық ризалығына бөлену - зор қуаныш!
–Енді сіз де аудандық мүлікті жария ету жөніндегі комиссияға мүшелік етіп отырсыз. Бұл ретте сіздің қызметіңіз, атқарып отырған функцияңыз қандай?
–Әлгінде айтқандай, аудандық Мүлікті жария ету жөніндегі комиссияға атқарушы органдардың он өкілі мүшелік етіп отыр. Әрқайсысы өз функциясы бойынша жұмыс істеуде. Бұл ретте комиссия мүшелігіне біздің кәсіпорыннан мен тағайындалдым. Біздің ұжым қызметкерлері де бүгінгі таңда Заңды мүлтіксіз орындауға алдын ала мұқият дайындалып, халыққа қызмет көрсетуде. Біз заңдастырылған жер учаскесі үстінде орналасқан мүліктерге техникалық төлқұжат дайындап береміз. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы түскен құжаттарды егжей-тегжейлі қарап, сызбасына кадастрлық нөмір береміз. Үйдің шаршы метрін өлшеп, сызбасын сызып, инвентарлық нөмірін, тіркелген нөмірін жазып, мөр басып, қол қойып береміз. Дайын болған техникалық төлқұжатты ережеге сай мүлікті жария етушіге береміз. Егер жария етушінің техникалық төлқұжаты бар болса, онда оның біздің базада тіркелгендігін қадағалаймыз.
Сөз орай келгенде айта кетейін, осы заңға байланысты тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдар болса, біздер дер кезінде жауап беруге әзірміз, яғни, есігіміз әрдайым ашық.
–Жайбасар, аңқау қазекеңдердің заңға сәл де болса шорқақтау екені рас. Қазір қарапайым халықтың көбі саяжайлар мен шаруа қожалықтарына үй салып алған. Яғни жердің нысаналы мақсаты ауылшаруашылығына арналған жер. Бұл үйлерді осы жеңілдікпен заңдастыруға бола ма?
–Мүлікті жария ету акциясы бойынша, саяжайларға салынған үйлер заңдастырылады. Шағын және орта кәсіпкерлікке арналған дүкендер де рәсімделіп жатыр. Бірақ ондағы объектілер құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес болуы керек. Алайда нысаналы мақсаты ауыл шаруашылығына арналған жерлер ҚР жер кодексінің 97 бабына сәйкес, үй салуға, оны заңдастыруға жол берілмейді. Сондай-ақ жалға берілген жерге үй салғандардың да мүлкі бұл рақымшылық бойынша заңдастырылмайды. Өйткені «Мүлікті жария ету туралы» Заңда «жер телімі жеке меншік құқында болуы керек» деп анық жазылған.

–Каркасты-қамыстан, кірпіштен, саманнан салынған уақытша тұрақтарға (времянкаларға) техникалық төлқұжат беріліп, үй заңдастырыла ма?

–Жоқ. Негізі времянкалар каркасты-қамыстан, кірпіштен салынса да ондай үйлер заңдастырылмайды. Өйткені, ол уақытша тұрақ болып есептеледі. Жердің нысаналы мақсаты тұрғын үй тұрғызу үшін берілген соң, онда оған міндетті түрде тұрғын үй салынуы керек. Егер каркасты-қамыстан, кірпіштен тұрғын үй салынса, онда олар заңдастырылады. Ал одан кейін ол жерге үй иесі жазғы ас үй, гараж, монша, сарай тұрғызамын десе, тиісті органдардан рұқсат алып, салуына болады. Дегенмен саманнан салынған үйлердің құжаты рәсімделмейді. Себебі мұндай үйлерге сейсмикалық қорытынды берілмейді. Ал сейсмикалық қорытындысы жоқ үй рәсімделмейді. Саманнан салынған үйлерге мамандар сейсмоқорытынды бере алмайды. Өйткені ешкім тәуекелге барғысы келмейді. Ертеңгі күні үй құлап қалса, қабырғаларына сызат түссе, олар жауап береді.–Енді мүлікті жария ету заңы бойынша үйді заңдастыру үшін тұрғындар бірінші техникалық төлқұжат алуы керек екен. Бұл құжатты сіздердің кәсіпорындарыңыз рәсімдейді. Бұл ретте сұрайын дегенім, тұрғын үйді мемлекеттік техникалық тексеруден өткізу қанша тұрады? Халыққа қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
–Негізі мүлікті жария ету акциясы бойынша үйді заңдастыру ісі тегін жүргізіледі. Ешқандай алым алынбайды. Бірақ бұл жерде біз мына нәрсені ескеруіміз керек. Біріншіден, жердің құжаттары толық болуы тиіс, жер телімі нысаналы мақсатына сай қолданылуы керек. Екіншіден, тұрғындар жылжымайтын мүлік орталығынан үйдің техникалық төлқұжатын алуы керек. Осы ретте техникалық төлқұжатты алуға қатысты шығындарды тұрғындар өздері төлейді. Сондай-ақ, сейсмикалық қорытынды алудың шығынын да өздері өтейді. Былайша айтқанда, мүлікті заңдастыру аясында, егер сізде жер учаскесіне мемлекеттік акт болса, құрылысқа техникалық төлқұжат алу үшін тиісті құжаттар тізбесімен (өтініш, жеке басты куәландыратын құжат, мемлекеттік акт, алым сомасын төлегенін растайтын құжат, т.б. қажетті құжаттарды алып) Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуіңіз қажет. Техникалық төлқұжатты әзірлеу мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты жасалады. Атап айтсақ, жеке тұрғын үйлерге, жеке гараждарға, саяжай құрылыстарына техникалық төлқұжат жетінші жұмыс күні беріледі және оның бағасы мүліктің шаршы метріне, аумағына байланысты белгіленеді. Жылжымайтын мүлік орталығының қызметкерлері сізбен келісе отырып, техникалық зерттеу жүргізу үшін нысанға барып, техникалық құжат әзірлейді. Одан соң сейсмикалық қорытынды аласыз. Ол құжаттардың барлығы ретке келтірілген соң, оны мүлікті жария ету комиссиясына тапсырасыз. Егер жылжымайтын мүліктің барлық құжаттары сай болса, онда комиссия қол қойып, үй заңдастырылады.
Бұл ретте Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің үйлеріне мемлекеттік техникалық тексеру тегін жүргізіледі. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қызмет көрсету тегін және жетім балаларға қарайтын тұлғалар да 100 пайыз қызмет көрсету төлемінен босатылады. Ал І, ІІ топтағы мүгедектерге, «Алтын алқа» алған көп балалы батыр аналарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
–Кейбір жұртшылық Жылжымайтын мүлік орталығы мекемелерінде қызмет көрсету сапасы төмен, ондағылар дөрекі сөйлейді деп жатады. Жалпы Жылжымайтын мүлік орталығы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
–Бізде мамандардың біліктілігіне айрықша мән беріледі. Бүгінгі күнде орталықта 27 адам өз қызметтерін адал атқаруда. Қызметкерлердің басым көпшілігі заңгер немесе инженерлік-техникалық жоғарғы білімге ие. Олардың кәсіптік деңгейлерін арттыру үшін семинарлар өткізіп тұрамыз. Жас мамандарға көп жылдар бойы еңбек еткен сақа қызметкерлер өздерінің білімдерін үйретеді. Бұрын мамандардың біліктілігін арттыру үшін оларды облыс орталықтарына жіберіп тұратынбыз. Қазіргі таңда Жылжымайтын мүлік орталығының Қарасай ауданындағы бөлімшесі онсыз да облыстағы 19 бөлімшеге үлгі боларлықтай қызмет етіп келеді. Өйткені басқаларға қарағанда бізде жылжымайтын мүлікке техникалық төлқұжат көп беріледі. Күнде таңертең сағат 9:00-де жиналыс жасалады. Онда тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, қызмет этикасы, сыбайлас жемқорлық, техникалық қауіпсіздік төңірегінде мамандарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Қызметкерлерге халықпен қандай қарым-қатынаста болу керектігін, ұжымдық моральдық-этикалық мінез-құлық нормаларын сақтауды, сыпайы сөйлесу қажеттігін үнемі айтып, қадағалап отырамыз.
–Еліміздің әр облысы мен ауданында Жылжымайтын мүлік орталығы бар. Онда бір орталық 50-60 мыңнан аса адамға қызмет көрсететін көрінеді. Мысалы, 1,3 млрд. тұрғыны бар Үндістанда осындай 87 мыңнан аса орталық бар екен және оның әрбірі 13-14 мың адамға қызмет көрсетеді. Ал бізде бір орталыққа тіпті 100 мыңнан аса адам келеді. Осыдан кейін сапа туралы сөз қозғау қиын емес пе?
–Қарасай ауданы – халқының саны жағынан да, әлеуметтік-экономикалық өсу қарқынынан да облыстағы ерекше дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Мұнда 200 мыңнан аса халық тіркелген. Дегенмен бұл ретте біздің филиалда мамандар жеткілікті. Бірақ мына жылжымайтын мүлікке рақымшылық жасау заңына байланысты жұмысымыз сәл ауырлап отыр. Қазір бізде бір маманға 25 өтініштен түсіп отыр. Сондықтан олар әрбір нысанға барып, техникалық тексеру жүргізіп, сызбасын дайындауға үлгеріңкіремей жатыр. Өйткені олар басқалар секілді жылы кабинетінде отырмайды. Әрбір объектіні аралап, шаршы метрін өлшеп, жіті тексереді. Енді мұның бәрін аз мезгілде жүргізу оңай емес. Бірақ сапа төмендейді деп айта алмаймын. Өйткені бізде бақылау мақсатымен өлшеу (контрольный замер) деген бар. Мамандарымыз объектіні өлшегеннен кейін аудандық Жылжымайтын мүлік орталығының жетекшісі Еркін Болатұлының өзі, мен, бөлім бастығы кез-келген нысанды тексеріп шығамыз. Өзіміз бақылау мақсатымен қайта өлшейміз. Дұрыс болса – дұрыс, бұрыс болса, қатесін түзетеміз. Қазір біздің мамандар күннің суығына да, сенбі-жексенбі демалыс күніне де қарамай жұмыс істеп жатыр. Шынымды айтсам, кейде оларды қатты қинап жібердік пе деп ойлаймын. Оның үстіне, бізде құжат ХҚКО арқылы қабылданады. Ол жердегі тіркеп жазу мониторында қабылдау күні мен құжатты беру күні көрсетіліп тұрады. Оны біз де осы жақтан көріп отырамыз. Мониторда көк, жасыл, қызыл жанып тұрады. Егер көк жанса, ол құжатты өткізуге бір-ақ күн қалды деген мағынаны білдіреді. Ал қызыл жанса, құжатты беруге үлгермеді деген сөз. Алғашқы кезде, бұл жүйені біздің мамандар жете түсінбеген уақытта бір-екі рет қызыл жанған кездер болған. Егер мамандар дер кезінде үлгермесе, онда олардың сыйақысына кері әсер етіп, заңға сәйкес шара қолданылады.
Аталмыш заң қолданысқа егізілгенде тұрғындардың басым көбі үйін заңдастыру үшін тиісті құжаттарын өткізіп жатты. Осы дүрмек кезінде бізге Халыққа қызмет көрсету орталығынан 100-ден аса өтініштер түсті. Сонда бір маманға 25 өтініштен бөлінді. Оның бәрін тексеріп, төлқұжат дайындау оңай емес. Әрине, үйлердің бәрі жақын жерде болса, онда тырысуға болатын шығар. Бірақ Қарасай ауданының аумағы үлкен. Оның үстіне саяжайлардың аттары бір-біріне ұқсас, тіпті мекен-жайлары жоқ. Сондықтан осы жағын да ескеруіміз керек.
–Қазір жаңадан үй салғандардың көбі үй-жайын ешқайда тіркемей, салығын төлемей жүре береді. Оның үстіне, жердің актісін алуға бір жыл уақыт кетеді. Үйді салып, оның құжатын алам дегенше тағы бір-екі жыл өтіп кетеді. Үйді салудың арнайы рұқсатын алмаған соң, ірі көлемде айыппұл салынады. Осы жағынан алып қарағанда, бұл қарапайым халыққа тамаша мүмкіндік емес пе?
–Әрине нағыз «темірді қызған кезінде соғатын» кез келді. Қаржы тапшылығынан мүліктерін заңдастыра алмай жүргендер мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып қалуы керек. Мұндай жеңілдік жылда беріле бермейді. Тағы да қайталап айтайын, мүлікті жария ету мерзімі өткен жылдың 1-ші қыркүйегінен басталып, 2015 жылдың 31-ші желтоқсанында аяқталады. Ал жария етуге ұсыну үшін құжаттарды тапсыру мерзімі 2015 жылдың 30-шы қарашасында аяқталады. Көпшілік осы уақыт ішінде үйлерін заңдастыруға үлгеріп қалуы керек.
Қазір әркім өз жағдайына қарай тіршілік жасап жатыр. Қала маңына көшіп келгендер үй салады. Бірақ кейбір азаматтар саналы түрде заңның олқылықтарын және тағы басқа жағдайларды пайдаланып, үй-жайын ешқайда тіркемей, салығын төлемей жүре береді. Әлі күнге дейін көпшілік бұл мәселені түсінбей келеді. Егер үйіңіз заңдастырылмаса, оны сата алмайсыз, не айырбастай алмайсыз. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктерге кепілдікке қой алмайсыз. Оның үстіне, үйді мүлікті жария ету жеңілдігінсіз заңдастыратын болсаңыз, онда әр мекемеге табан тоздыруға тура келеді. Оның толық жасатамын дегенше бір-екі жыл уақытыңыз кетеді. Онымен қоса, үйді рұқсатсыз салғаныңыз үшін ірі көлемде айыппұл төлейсіз. Сондықтан үйді жеңілдікпен заңдастырудан ұтпасаңыз, ұтылмайсыз.
Қарап тұрсаңыз, мұның мемлекетке де пайдасы көп. Осы рақымшылықтың арқасында қаншама үй, дүкендер заңдастырылады. Мемлекетке салық төленеді. Осылайша бюджеттің бүйірі толады. Ал қазынасы қампайған мемлекеттің халқының да қарыны тоқ болады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста