Қарапайым қала тұрғындары үшін базар сөресінің арғы жағы бұлыңғыр. Әсіресе, жұрт ет өнімдерінің жағдайынан бейхабар. Шырай беріп, көздің жауын алардай мүше-мүше болып жатқан еттің қандай малдан келгенін былайғы жұрттың көбі біле бермейді. Құрсағымызға түсер тағамымыз сау малдың еті ме, жоқ әлде «арам қатқанша, қала тұрғынының қазанында қайнай берсін» деп келген ауру малдың еті ме? Әрине, қарапайым тұрғын сауда орталықтарындағы ветеринариялық-санитарлық зертханаға қалтқысыз сенеді. Ал аталмыш зертхана бұқараның сенімін ақтай ма, әлде «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайынның» кебін киіп жүр ме?
ТЕКСЕРІП ЖАТҚАН КІМ БАР ДЕЙСІҢ?
Астанадағы «Әлем» сауда орталығына күн сайын келетін мал және балық еттерінің 65-70 (!) пайызы ветеринариялық құжатсыз (№2 үлгідегі ветеринариялық куәлік және ветеринариялық анықтамасыз) келеді. Яғни базардағы мал етінің жартысынан көбінің ауру-сауы белгісіз деген сөз! Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крыловтың тапсырмасымен құрылған арнайы жұмыс тобының нәтижесі осындай мәліметке көз жеткізіп отыр. Бұл – тексеріс жүргізілген тек бір ғана нысан бойынша анықталған жағдай. Сонымен қатар базар сөресіне қойылатын еттердің тең жартысынан көбі ветеринариялық-санитарлық зертханадан тексерілмей, саудаға түсіп кететін көрінеді. «Комиссиялық тексеру барысында қаншама заңбұзушылықтар анықталды. Мал (ірі қара, жылқы, қой, шошқа) және балық еттері базарға таңғы сағат 4.30-дан бастап келеді. Ал сауда орталықтарындағы ветеринариялық-санитарлық зертханалар жұмысын сағат 7-ден бастайды. Осыған байланысты келген еттердің 55 пайызы ветеринариялық зертханада тексерілмей, ол ашылғанға дейін-ақ сатылып кетеді», – дейді Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Бекежан Мұхамеджанұлы.
ТІЛ ҮЙІРЕТІН ТІЛДЕН ЖАСАЛҒАН САМСА-АЙ...
Ветеринариялық зертханалар, негізінен, ірі қара малдың басын аусыл, бруцеллез, трихинеллез аурулары үшін тексеруі қажет. Сондай-ақ жылқының бастарын – маңқа, экинококк, туберкулез, ал балықтарды опиторхоз, клонохоз, гетерофоз, тағы басқа адамға жұғатын аурулар үшін тексеріс жүргізуі міндетті. Сөйткен бастар зертханаға жетпей, бірден иісі мұрныңды жарып кете жаздайтын бұрыш-бұрыштардағы самса сататын дүңгіршектерге кетеді екен. Яғни олар ешқандай тексерусіз саудаға түсіп кетті деген сөз. «Ветеринариялық зертхана малдың тілін, жағының астындағы бездерін түрлі ауруларға қатысты тексеруі керек. Сондықтан зертхана мамандары малдың басын, ішкі мүшелерін, ветеринарлық құжатты талап етуге міндетті. Онсыз мал сатуға да өткізілмейді. Ал базарға келген малдың басы зертханаға кеткеннің орнына, басқа біреулерге сатылып кетіп жүр. Сол жерде арнайы сатып алатын адамдары жүреді. Олар бастың құйқасын, тілін, етін алып, самса сататын орындарға жібереді. Қалада сатылатын самсалардың 60-70 пайызы осы бастың етінен жасалады», – дейді Бекежан Мұхамеджанұлы.
АУРУ – АСТАН...
Осындай жауапсыздықтан барып, елімізде мал өнімдері және жұмыртқа мен тауық еттерінен ауру жұқтырған адамдар саны айтарлықтай болып отыр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша, елордамызда мал еттерінен, балық өнімдерінен, ит пен мысықтан жұғатын аурулармен ауырған тұрғындар саны 1575-ке жеткен. Ал эхинококк ауруымен ауырғандар саны 34 болған. Оның ішінде 11-і – 14 жасқа толмаған балалар. 2008 жылдың мәліметі бойынша, балық өнімдерінен паразитті описторхоз ауруын жұқтырған адамдар саны 289 болған. Ал 2007 жылы осы аурумен 484 адам ауырып, ем қабылдаған екен. Бұл мәліметтердің барлығы еліміздегі ветеринария саласының ахуалын айқындап береді.
Ет өнімдері Астана базарына түрлі аймақтардан келіп жатады. Атап айтсақ, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан. Яғни осы аймақтардан тараған мал аурулары да Астанаға қарай ағылады дей беріңіз.
Ветеринариялық зертханадан өткен малдардың жамбасына мөр соғылады. Сол арқылы малдың тексерістен өткенін біле аласыз. Әкімшіліктен жасақталған жұмыс тобының тексерісі нәтижесінде қаншама ветеринарлық мөрі жоқ еттің базар сөрелеріне тоғытылғаны анықталды. Ол, ол ма, тексеріс кезінде, тіпті ветеринарлық инспектордың орнына әкімнің мөрін соғып әкелген әпенділер де кездескен.
Қаперге
Ауыл шаруашылығы министрінің 2002 жылғы 31 қазандағы №351 бұйрығымен бекітілген Базарлардағы ветеринарлық-санитарлық сараптау жүргізу туралы ережеден:
– ветеринарлық зертхана тексеруінен өту үшін №2 үлгідегі ветеринариялық куәлік және ветеринариялық анықтама, малдың құлағында сырғасы, жергілікті мемлекеттік ветеринарлық инспектордың етті алдын ала тексергенін растайтын еттегі таңбасы, ішкі мүшелері: өкпе, бауыр, жүрек болуы міндетті.
– егер де мал еттері, балықтар ветеринариялық зертханаға ветеринариялық құжатсыз, малдың басы, ішкі мүшелерінсіз келсе, ветеринариялық инспектор ол өнімдерді сатуға өткізбеуге тиіс.
САҚТАНСАҢ, ҚҰДАЙ САҚТАЙДЫ!
Трихофития – адамға аса қауіпті, жұқпалы ауру. Адам және ауруға шалдыққан үй жануарлары (ірі қара мал) аталмыш аурудың қоздырғыш көзі болып табылады. Трихофитон тектес саңырауқұлақ адамның терісінде, бастың шашты бөлігінде және тырнақ сүйегінде қозады. Адамның ауру пайда болған жерлері ісіңкіреп, жұмырланып, айқын көрініп тұрады. Зақымданған ошақ іріңді қабықпен қатпарланады, шаштың түсуі пайда болады. Аталмыш ауру жануарларды күткенде, ауру адаммен тікелей қарым-қатынаста болғанда немесе киім-кешек (бас киім, тері жағалы киімдер, тарақ және ойыншықтар) арқылы жұғады. Тіпті ауру жұқтырған жануардың керек-жарақтары, шөпте қалған түгі арқылы да жұғу қаупі бар.
Микроспория – өте жұқпалы ауру. Ауру адамдар арқылы немесе үй жануарларынан (көбінесе ит пен мысықтан) жұғады. Микроспория теріні, бастың шашты бөлігін зақымдайды. Бастың шашты бөлігінде пайда болған бір немесе бірнеше ошақ біртіндеп ұлғаяды. Олардың үлкендігі 1 теңгеден 50 теңгелік тиынның көлеміне дейін барады. Зақымданған ошақтардың терісі қызғылт түсті болады және тығыз, ұн тәрізді қабыршақтармен жабылады.