Министр мен әкім тапсырма берді, ал міндеттер жүзеге аса ма?!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауымен басталған «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы өңірлерде қанат жайғаннан бері екі қолға бір күрек таппай сандалған адамдар еңбекпен қамтыла бастады. Осы жұмыстардың орындалуы және басқа да мемлекеттік маңызы бар түйінді мәселелердің шешілуі, сондай-ақ ауылдық өңірлердегі жұмыссыздық жайын бақылауға алу мақсатында келген ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова Ақмола облысында болып қайтты.
Өңірдегі инфрақұрылым, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Жолдау жүктеген міндеттердің орындалуы әңгіме өзегіне айналған отырыста министр ханым «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасының жүзеге асырылу жайын пысықтады. Келелі басқосуға облыстағы барлық аудан әкімдері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, өндіріс орындары мен компаниялардың, сол сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдері қатысты.
Бағдарлама бойынша баяндама жасаған облыс әкімі Қайрат Қожамжаров пен сала басшылары жергілікті жердегі ахуалды тұтастай жайып салды.
«Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша биылғы жылы Ақмола облысына республикалық бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаржы бөлініпті. Оның шапағатынан бүгінге дейін 82 адам қайта даярлықтан өтіп, облыстың өндіріс ошақтарына 203 адам жұмысқа орналасқан. Алда тағы да 400-ге жуық әлеуметтік жұмыс орны ашылмақ.
Алайда әлі де болса көңілді кірбің шалатын жайттардың бар екені алаңдатады. Әсіресе ауылдық өңірлердегі халықтың бағдарлама бақытын көре алмай, кәсіпкерлікке жол ашатын шағын пайызды несиені ала алмай жатқандығы жайлы фактілер жетіп-артылады. Бұл туралы облыс әкімі егжей-тегжейлі баяндап берді.
Қайрат Қожамжаров, Ақмола облысының әкімі:
– «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы күшіне енгеннен бері облысымыздың барлық аудандарында арнайы орталықтар ашылып, тек осы бағдарламаны жүзеге асыру міндеті жүктелген азаматтар қызмет атқарып келеді. Бірқатар аудандарда жағдай қалыпқа түскенімен, кейбір өңірлерде берілген міндеттер, өкінішке қарай, іске аспай келеді. Сондықтан барлық аудан әкімдеріне ондағы жұмыссыздықтың жағдайы жайлы сараптама жүргізуді тапсырдым. Әзірге тапсырма 15 пайызға орындалды деп сенімді түрде айта аламын.
Облыс әкімі осындай етіп ой түйіндегенімен, ауыл тұрғындарының бағдарламаға қатысты пікірлері басқаша өріс алған. Олардың айтуынша, жаңа жүйеде жағдайыңды түзетіп, тиісті мөлшердегі несиені алу үшін құжат жинаумен біршама уақыт өтетін көрінеді. Тіпті қолда бар мүмкіндігі шектеулі, яғни өз бетімен жұмыспен айналысушылар ауыл шаруашылығына деп бөлінген несиені алу үшін кепілге қояр мүлкі болуы тиіс. Ал мұндай мүмкіндік екінің бірінде жоқ.
Тұмарбек Алғабаев, (есімі өзгертіліп алынды) ауыл тұрғыны:
– Ауылдықтардың аяқ-қолын жылы суға малатын, жұмыс тауып есін жиғызатын бағдарлама шықты дегенді естігенде, бөркімізді аспанға ата қуандық. Себебі бірнеше жылдан бері қолымда табақтай дипломым болса да, жұмысқа орналаса алмай жүргенмін. Ауылда тұрған соң ірі қара мал асырау да ойымда бар-тын. Алайда асау аттай өрекпіген көңілім бір-ақ сәтте су сепкендей басылды. Шағын несие 3 миллион теңге сомасында беріледі екен. Ал оны алу үшін құжат қағазбастылығы өз алдына, жекеменшігіңде кепілге қоятын құны 6 миллион теңгеге бағаланатын мүлкің болуы тиіс екен. Ал өз бетімен жұмыспен айналысқан біздей жанда ондай мүлік қайдан болсын?..
Расында да, ауылдық жерде енді-енді аяққа тұрып, кәсіп іздеген жастарда кепілге қояр мүлік қайдан?!. Сондықтан амалын тапқан аздаған пысықайлар болмаса, бірқатар ауылдықтар бастарын қанша қатырғанымен, амал табар емес.
Зейнолла Аппасов, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысушы:
– Мен өз шаруа қожалығымды құрғаннан бері жұмысты дұрыс жүргізудің бағыт-бағдарын біліп, тәжірибе жинақтадым. Бизнес-жоспарымды құрып, бәрін бір жүйеге келтірдім. Осылайша жаңадан қабылданған осы бағдарлама арқылы мал шаруашылығын дамытуға тиімді мөлшерде 3 миллион теңге несие алдым. Менің ойымша, бағдарлама ауыл халқының жағдайын жақсартуға оң ықпалын молынан тигізеді.
Мемлекет басшысы әрбір сөйлеген сөзінде «Шағын және орта бизнесті дамыту, қазақ экономикасының басты қозғаушы күші болуы тиіс» екенін еске алып отыратынын айтқан министр ханым: «Егер біздің елде белсенді халықтың бөлігі 8 миллионды құрайды десек, оның 3 миллионы еш жерде тіркелмеген. Әлеуметтік төлемі болмағандықтан, оларға ең төмен зейнетақы тағайындалады. Халықтың жағдайын жақсартамыз десек, бізге ең алдымен осы кемшілікпен күресу керек», – деді.
Жалпы, үш бағыттан тұратын «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасының алғашқысы бойынша 2011 жылы Ақмола облысында экономикалық белсенді аудандарда 43 пәтер салынған. Ал 2012 жылы жұмыссыз жүрген 2003 адамға білім беру де жоспарға еніпті.
Бірқатар дау туындатып жүрген бағдарламаның екінші бағыты «Кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге» Ақмола облысына 309,7 млн теңге бөлінген. Ол қаржы облыста шағын несиелер мен оқытуға, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсалуы тиіс.
Татьяна Штукер, Ақмола облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Бағдарламаның іске асуы бойынша министр Гүлшара Әбдіқалықова бір қатар жайды сын садағына алды. Әсіресе бағдарлама көмегімен ауылдық өңірлерде кәсіпкерлікке қан жүгірту қажеттігі қатаң ескертілді. Алда олардың бәрін бір жүйеге келтіру тапсырылды.
Басқарма мамандары берген мәліметтерге қарасақ, осы жылдан бастап бағдарламаның төртінші бағыты іске асырылмақ. Яғни селолық елді мекендердің инфрақұрылымдарын дамыту мақсатында жалпы сомасы 667,9 миллион теңгеге бағаланған 28 жобаны жүзеге асыру жоспарға алынған. Оның ішінде 18 жоба білім беру саласын дамытуға арналса, төрт жоба мәдениет, үш жоба көлік инфрақұрылымына, бір жоба әлеуметтік мақсатты көздемек. Яғни аталған жоспар шын мәнінде жүзеге асса, бірталай жауабын күтіп, жөндеуді қажет еткен ғимараттарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылатын болады.
Бағдарламаның болашақ арнасы осылай бағыт алмақ. Еліміздің экономикалық жағдайын өрістету мақсаты көзделген кең жүйенің алдағы сатысының халықтың қолдауына ие болып, әлеуметтің әлеуетінің өсуіне ықпал етерін алдағы уақыт көрсетер.