«Мигрант» үйректер масайрап жүр
Ертіс өзенінде жабайы үйрек көбейіп кетті. Өзен жағасына барсаңыз, әр жерде емес, бір-бірімен топырлай жалғасқан үйректерді көресіз. Көбісі тіпті жағаға мүлдем жақын жүр. Көз салып қарасаңыз, құстардың тізбегі өзен бойымен, тоғайлардың арасымен жалғаса береді. Құстардың көптігі қала тұрғындарын да таңғалдыруда. Қызықтап келушілер көп.
Өңірдегі орнитологтардың айтуынша, бұлар жергілікті үйректер емес. Жабайы үйректердің көпшілігі солтүстіктен келген. Олар қатпаған өзен-көлдерді сағалап осында келіпті. Яғни барлығы да маусымдық өзгерістерге байланысты. «Ал жергілікті үйректерден түк жоқ деуге де болады. Аулағанын – аулап, атқанын атып бітірді», – дейді құстанушылар.
Орнитологтардың білуінше, Ертістің қала ішімен өтетін тұсынан ғана емес сонау Серебрянскіден бастап, Шүлбіге дейін осындай жағдайды байқауға болады екен. Кейбір аймақтарда олардың саны 10 мыңдап кездесетін көрінеді.
Жалпы, ел арасында қаз-үйрекке байланысты ырымдар жетерлік. Олардың бірі – «үйрек көп болса, қыс жұмсақ болады» дегенге сайса, енді бірі – қардың аз болатындығын болжайды. Ал егер ұшып келген үйректер арық болса, көктем жылы болады-мыс, керісінше семіз үйректер өңірге ұшып келсе, келер көктем жылдағыдан суық болады-мыс. Айта кетейік, Ертісте сүңгіп жүрген біз айтып отырған үйректер айтарлықтай қоңды. Егер ырым рас болса, бұл көктемдегі күн райынан хабар бергені шығар...
Борис ЩЕРБАКОВ, жазушы-орнитолог:
– Бұлар – солтүстіктің жабайы үйректері. Олар судағы балдырлармен, бақа-шаяндармен қоректенеді. Бұдан балықтарға қауіп төнеді деудің қажеті жоқ. Балықтың азаюы туралы мәселеде үйректерден емес, адамдардан қорыққан жөн деп ойлаймын. Енді бұл үйректер көктемге дейін осында болады. Қыстап шығады. Ырым-сырымға сеніп, үркудің керегі жоқ. Баяғыда Қайнар ауылына қызғылт түсті қараторғай ұшып келгенде, сондағы халық оны қытайлар жіберген шығар деп қорыққан еді. Олай емес. Солтүстіктен паналап келген құстар ғой.