Құдіретті күшті Алланың қалауымен сенің құрсағыңда жаратылып, дамып жатқанымда алыстан талып жеткен қоңыр үн құлағыма келді. Бұл сенің үнің еді, анашым! Бірақ, сен қыстығып ұзақ жыладың. Аяғыңмен жер тепкілеп, бұлтиып ішіңде өсіп келе жатқан мені тоқпақтап, ұзақ жыладың, мама!
Содан соң асығыс киініп алып, үйден жүгіріп шықтың. Екеуміз сол күні ұзақ жүрдік. Біраз уақыттан соң, әлдебір жерге барғанымызда ер адамның үні естілді. Ол адаммен айғайлап, ұрыссып, сен тағы жыладың. Зор дауысты адам сенің алдыңа бір бума ақшаны лақтырып, «ешкім білмей тұрғанда оның көзін құрт» деп бұйырды. Зілді дауыстың екпініне шыдамай, оқыстан аунап түстім. Бұл менің жарық дүние үшін жанталасқан алғашқы қарсылығым еді. Сен аялы алақаныңмен мені сипап, тыныштандырдың. Әлі дамып үлгермеген мені құртуға бұйрық берген әкем қандай қатал адам еді? Мені өлтірмеші, мама! Менің өмір сүргім келеді. Енді ғана құралып, кішкентай адам болып, қалыптасып қалған мені бөлшектеп тастауға рұқсат бермеші, анашым! Тұла бойыңды кернеген ашу-ыза жас болып, сыртқа шығып жеңілдеп қалған сен имене басып, ақшаны алдың. Содан соң тас түйін мені өлтіруге шешім қабылдап, әкемнің кабинетінен шығып кеттің.
Жүгірген бойы жағымсыз иіс мүңкіген біраз есікті қақтың. Бірақ менің бағыма қарай сені қараған дәрігерлердің бәрі мені өлтіруден, яғни түсік жасаудан бас тартты. Өйткені бұл кезде мен төрт айлық, он төрт апталық едім анашым! Қолым мен аяқтарымның саусақтары дамып, кәдімгідей кішкентай адам болып қалып едім. Тіпті қазір сен еркелетпесең де мен саусағымды сорып, еркелеп қылық шығаратынымды сезбейсің-ау анашым! Сені ультрадыбыстық зерттеу аппаратымен тексерген апай менің ұл екенімді, өте жақсы дамып, өсіп жатқанымды айтты. Бірақ, сен қуанбадың, мама! Сол сәтте жиырылып, тас түйін болып, ренішімді білдірдім. Тастай болып қалған ішіңді сипаған күйі сүйретіле басып үйге қарай аяңдадың. Енді саған мені жарық дүниеге әкелуден басқа жол жоқ еді. Сен қатты қиналдың. Айналаңнан сені қолдап, саған үміт беретін жандарды іздедің. Бірақ осы сәтте менің әкемнен бастап, бәрі сенен теріс айналды. Ата-анаң мен бауырларың да әулеттің абыройын аяқ асты еттің деп, сенімен араласпай қалды. Осындай қиын сәттерде жаныңда тек мен қалдым, анашым. Көкірегің қарс айырыла күрсінгеніңді есту мен үшін ауыр еді. Бар ашуыңды менен алып, ішіңді ұрғылап жылағанда әлі толық жетіле қоймаған жүрегім әбден бүрісіп қалатын. Сен менен құтылу үшін не жасамадың, десеңші. Құрбыларыңның кеңесімен түрлі дәрілерді ішіп, қалайда мені шығарып тастамақ болдың. Бірнеше күн тамақ ішпей аш жүрдің. Бірақ қанша әрекеттенгеніңмен Құдайдан күшті емессің ғой, анашым!
Екеуміз көп алыстық. Сен менен құтылмақ болсаң, мен жарық дүние үшін күрестім. Сөйтіп өмірдің өзі күрес екенін мен сенің құрсағыңда жатып-ақ сезіндім. Арпалысқан күндер жылжып артта қалып, алыс қаладағы туысыңның үйінде өткізген азапқа толы жарты жыл да жарты күндей өте шықты. Тыныс алуың жиілеп, ішің әбден өсіп, мені жарық дүниеге әкелер күнге де жеттің-ау, әйтеуір. Дәрігерлер мені бауырыңа салғанда жылап жатып, қатты құшақтағаныңда көз жасыңның кермек, ащы дәмін сезіндім. Әлде қуанғаның ба, әлде мұңайғаның ба, жылаған күйі мені тас қылып құшақтап ұзақ жаттың. Мені ешқайда тастап кетпейтініңе сеніп, үміттене бастағаным сол еді, «емізіңіз» деген дәрігерлерге «мен бұл баладан бас тартамын» деп, басыңды шайқадың. Дәрігер апайлар да қандай қатал еді, «отказной» деп жаза берейік пе» деп сұрады. Сен үнсіз, басыңды изедің. «Маматай, мені тастамашы, бар дегеніңді жасайын» деп жалынуға тілім әлі шықпап еді. Перзентханадан шығып бара жатып мені бауырыңа басып, қатты құшақтадың. Сол сәтте «мамам ойын өзгертіп, өзімен алып кетсе екен» деп тіледім. Менің ойымды көзімнен оқып қойғандай: «Кешір жаным, мен сені алып кете алмаймын, қайда жүрсең де аман бол» деп бетімнен сүйіп шығып кеттің. Ұзын дәлізден тық-тық етіп кетіп бара жатқан сенің аяғыңның дауысы естілмей қалғанша ойыңнан айнып, мені алып кетердей елеңдеп, шырылдап жылап қала бердім. Сен қандай безбүйрек, қатал едің, мама!
Біраздан соң «Сүп-сүйкімді, әп-әдемі баланы қалай тастап кеткен» деп айналып-толғанған мейірбике мені «отказной» деп жазылған керуетке әкеліп салды. Мен секілді маңдайының соры қалың тағы екі сәби бар еді қасымда. Үшінші күн дегенде шыңғырып жылап жатқан мені мейірімді қол құшағына алды. Оның иісі сенің иісіңе ұқсамаса да, ол ананың көзінен төгілген мейірім маған жылылық сыйлады. Бәрінен бас тартып, тамақ ішпей, шырқырап жатқан мені бауырына алған ана емізе бастады. Мен ананың омырауына жиналып қалған уызды құшырлана жұттым. Түнде ғана он жыл күткен сәбиі шетінеп, көзінен жасы сорғалаған ана бойы балқыған күйі мені қатты қысып, емізе берді. Ерекше шаттық сезімге бөленіп, маған емірене қарап, өзін бақытты сезінген ол «Бұл менің балам!» деді мейірбикелерге қарап.
Мен сол күннен бастап көп жылдар зарығып сәби күткен бір мұңлықтың перзенті атандым. Тек анамды ғана емес тұтастай бір әулетті бақытқа бөледім. Ата-анам, ата-әжем бәрі мені ерекше жақсы көрді. Әсіресе анам сәл ауыра қалсам жанын қоярға жер таппай қиналатын. Әр қылығым оларға қуаныш сыйлады. Тіпті анам менің алғашқы әріпті қай күні айтқанымды, қай күні еңбектеп, қай күні алғаш қадам басқанымды күнделігіне жазып отырады. Бақытқа бөленіп, шаттанып түскен суреттерімді әлеуметтік желіге салып, өзінің ерекше бақытты ана екенін айтып жатады. Бәлкім, сіз де менің мәз болған суретімді көріп, лайк басқан шығарсыз. Сол сәтте менің тастап кеткен сәбиім де осындай болып қалған шығар деген ой жүрегіңізді шым еткізген болар…
Иә, мен бақыттымын, мама! Өйткені мен мейірімге шомылып, еш нәрседен таршылық көрмей, ана сүтін арда еміп, ер жетіп келемін. Бірақ… қанша бақытты болса да әр жетімнің көңіл түкпірінде «Менің анам қайда жүр екен?» деген сұрақ тұрады. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүние сыйлаған анасын әр жетім іштей іздеп күтеді. Егер сен мені тастамағанда күн сайын қылығыммен қуантып, сені де дәл осылай бақытқа бөлер едім ғой, анашым! Жалғыз қалған сәттерде жұбанышың таянышың, тірегің болар едім. Егер сен мені тастамағанда….
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ
«Қасым» порталы