Биыл ҚР Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына – 20 жыл. Осыған байланысты республикамызда жыл бойы мерейтойлық іс-шаралар өткені белгілі. Оның көпшілігі жастар мен жасөспірімдер арасында патриоттық рух беру бағытында өрбіді. Осындай шара жақында Алматы қалалық №138 қазақ гимназиясында болды.
Ертеңгі елдігімізді сақтаушы өскелең ұрпақты мемлекетшіл рухта тәрбиелеуде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің алатын орны ерекше. Сондықтан оны жастар мен жасөспірімдер санасына сіңіру әрдайым басты назарда қаралады. М.Базарбаев атындағы №138 қазақ гимназиясында өткен «Мемлекеттік рәміздер – елдігімнің белгісі» атты байқауда бұл барынша анық көрінді. Шараны Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен «Ұлттық журналистік зерттеу орталығы» қоғамдық қоры және Бостандық аудандық білім бөлімі ұйымдастырды. 8-10-сынып оқушылары арасында өткен байқауда жасөспірімдердің Мемлекеттік рәміздерге деген құрметі жиналғандар тарапынан жоғары бағаланды.
Үш кезеңді қамтыған «Мемлекеттік рәміздер – елдігімнің белгісі» атты байқаудың басты мақсаты Мемлекеттік рәміздердің елдік пен мемлекеттіліктің басты белгісі екенін насихаттап, ұлтаралық татулық пен қатынастың негізгі факторы екенін санаға сіңіру, Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыруға байланысты үгіт-насихат шараларын жүргізу болып табылады. Байқауда шәкірт тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегі де сарапқа түсті. Оқушылардың Мемлекеттік рәміздер тақырыбында жазылған патриоттық рух бағытындағы шығармалары мен идеялары ортаға салынып, Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранды қалай қастерлеп, құрметтеу қажеттігі туралы ойлары жан-жақты айтылды. Көпшілікті жасөспірімдердің Қазақстанға деген отансүйгіштік сезімдері тәнті етті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», – деген еді. Байқауға қатысушылар осы сөздің мәнін ашып, оның маңызын жұртшылыққа кеңінен жеткізді. Жасөспірімдердің Мемлекеттік рәміздерді қорлауға жол бермеу керектігі жөніндегі айтқан көкейге қонымды пікірлері ешкімді де бейжай қалдырмағаны анық.
«Мемлекеттік рәміздер – елдігімнің белгісі» байқауының қорытындысында І орынды №88 мектептің ұжымы жеңіп алып, Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуде жоғары өреде екендіктерін танытты. Одан кейінгі орындарды №138 қазақ гимназиясы мен №145 орта мектеп ұжымы иеленді. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Мемлекеттік рәміздерге арналған байқау өтті
Последние статьи автора