Бүгінгі таңда ел аумағында қолданылып отырған жарықтандыру жүйесінің 95 пайыздан астамының тиімділігі төмен. Өйткені олар өткен ғасырдың 70-жылдарындағы технологияларға сәйкес құрастырылған. Бұл туралы жуырда Алматыдағы №63 жалпы білім беру мектебіне кезекті жарықтандыру жүйесін табыс ету кезінде Philips компаниясының өкілдері айтты.
Компанияның маркетинг және коммуникациялар жөніндегі маманы Александра Шпакованың айтуынша, мектептің жарықтандыру жүйесінің нашар болуы балалардың сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізеді. Мәселен, аталған компания өкілдері жүргізген зерттеу нәтижесінде жарықтандыру құрал-жабдықтары ескірген мектептерде оқушылардың кітап оқу жылдамдығының басқа мектеп балаларына қарағанда төмен екені анықталды. Қазіргі таңда әлем елдері электр қуатын үнемдейтін және адамдардың денсаулығы үшін тиімді жақтары бар жарықтандыру жүйелерін пайдалануда. Сондай жүйелерді Philips компаниясы №63 жалпы білім беру мектебіне орнатты. «Бұл мектептің оқушылары әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған отбасыларынан шыққан №2 балалар үйінің тәрбиеленушілері болып табылады. Аталған мектептің жарықтандыру жүйесі 35 жылдан астам уақыттан бері жаңартылмай келген», – дейді А.Шпакова.
Бақыт Қосаева, №63 жалпы білім беру мектебінің директоры:
– Сыныптардың жарықтандырылу сапасы мен деңгейі 80 пайызға артып, электр энергиясы 17 пайызға үнемделді. Мектебімізде тек электр қуаты үнемделіп қана қоймай, балаларымыздың сабақ үлгерімі де жақсарды. Жаңа құрал-жабдықтардың адам денсаулығына берер пайдасы мол.
Мектептеріміздің жарықтандыру жүйелерінің тиімділігі төмен
Последние статьи автора