Еліміз егемендігі, ондағы туындап жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, республиканың әлемдік білім кеңістігіне енуін ескеретін қазіргі кезеңдегі мемлекеттік білім беру саясатын жүзеге асыруды және жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес, мазмұны мен оқытудың барлық әдістемелік жүйесін құзырлылық тұрғысынан қайта құруды талап етуде. Мұнымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты екендігіне ерекше мән берілген. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси өркендеуі үшін алдымен отандық білімді жетілдіру, өзінің және оған жақын мамандықтарды еркін меңгерген, мамандығы бойынша әлемдік стандарт деңгейіне сай нәтижелі жұмыс атқара алатын білікті кәсіби құзырлы мамандар дайындау қажеттігі даусыз.
Білім берудің негізгі құралы – математика. «Математика – теоремалар түрінде баяндалған фактілер жиынтығы ғана емес, әдістер арсеналы және ғылымның әртүрлі салаларын және практикалық іс-әрекеттерін сипаттайтын тіл». Ғылым мен техниканың даму қарқыны, экологиялық үдерістерді басқару теориялары күннен-күнге математикалық сипат алып отырғаны, қуатты электрондық есептеуіш техникаларының пайда болуы, олардың өндірісте кең көлемді қолданылуы, техниканың экономикалық үдерістерді басқаруға араласып отыруы, математиканың, басқа ғылымдар секілді, жоғары қарқынмен даму үстінде екенін көрсетеді.
Математиканың жалпы білім берудегі құндылығы, оның ғылыми теориялық ізденістерімен бірге практикалық қолданыстарының да ауқымының кеңдігінен-ақ белгілі. Математика тек білімнің өркендеу құралы емес, ол бүкіл адамзаттың өркендеу құралы екенінде ешбір күмән жоқ. Себебі математика барлық мамандық иесінің логикалық ойлау қабілетін дамытады.
Математика бізді қоршаған әлемді, оның сұлулығы мен ішкі гармониясын көруді және түсінуді үйретеді, әсемдік сезіміне тәрбиелейді.
Қуатты электрондық есептеуіш техникаларының пайда болуы, олардың өндірісте кең көлемде қолданылуы, техниканың экономикалық үдерістерді басқаруға араласып отыруы математиканың, басқа ғылымдар секілді, жоғары қарқынмен даму үстінде екенін көрсетеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президентінің «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін, бәсекеге қабілетті ұлт үшін» атты Жолдауында «Ұлттық бәсекелестіктің қабілеті бірінші кезеңде білімділік деңгейімен айқындалады» деген.
Математиканың құдіретін білетін ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың математика мұғалімдерінің «Қазақстанда мектепте математикалық білім берудің қазіргі жағдайы мен болашағы» атты I съезін ұйымдастыруы орынды болып отыр. I съездің 2011-2020 ж.ж. білім берудің бағдарламасын жүзеге асыруда білімді жаңарту, маман дайындау жүйесін модернизациялау және болашақта мектепте математикалық даярлықтың кепілдік деңгейін қамтамасыз ету мәселелерін шешуде мәні аса зор.
Білімді жаңарту мәселесі
Қазақстан жоғары халықаралық беделге ие болып отырғанда елді жаңғырту стратегиясын іске асыру тікелей білімді жаңартумен байланысты. Себебі біздің мемлекетіміз әлеуметтік экономикалық қарқынға сай дамуында және әлемнің қарқынды дамып келе жатқан бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруінде білім мен ғылым ең маңызды рөл атқаратыны – ақиқат. Бүгінгі қалыптасқан білім жүйесінде, мамандардың кәсіби дайындық деңгейі мәселесінде кемшілік аз емес. Сондықтан жоғары педагогикалық оқу орындарының алдына қойылатын мақсат ғылым мен білімді жоғары сапалы деңгейге көтеру үшін мамандардың құзырлылығын арттыру және стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған түбегейлі қайта өзгертулер енгізу болып отыр.
2007 жылдың 28 ақпанында «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «оқу жоспарларына жаратылыстану ғылымдары бойынша, бірінші кезекте, математика мен ақпараттанудан қосымша сағаттар немесе пәндер енгізілу керектігі» айтылды. Осыған орай стандартқа математика мен информатикадан сағаттар қосылып, өзгертулер енгізу қажет.
Маман дайындау жүйесін модернизациялау
Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі үшін жоғары педагогикалық оқу орындарында маман дайындау жүйесін модернизациялау қажеттігі туды.
Математика мұғалімін кәсіби дайындауда оның әдістемелік құзырлылығын қалыптастыру, еліміздің болашағы – жасөспірімдерді оқыту және тәрбиелеуге қажет, ұстаздың кәсіби дайындық деңгейін анықтайтын болғандықтан, ол мемлекет, қоғам, жоғары педагогикалық оқу орындарының үйлестірілген іс-қимылдары арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекетіміз жан-жақты өркендеуі үшін алдымен отандық білімнің дамуын талап етіп отыр. Қазір еліміздің орта мектептерінде білім беруден бастап, жоғары оқу орындарында мұғалімдер дайындау сапасын жетілдіру және 2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделін енгізуге дайындық табысты жұмыс істеу ісі қолға алынуда.
Кез келген білімді, оның ішінде математиканы меңгеруге, баланың қасиеттері мен қабілеттері ерте, бес жасқа дейін қалыптасатыны мәлім. Олай болса, баланы жастан, мектепке дейін тәрбиелеу мен оқытуға үлкен мән берілген жағдайда ғана, математикалық білім сапасы қажетті деңгейге көтеріледі.
Болашақ математика мұғалімдерін кәсіби дайындауда математиканы оқытудың басты мақсаты – математикалық білім беру ғана емес, оқушылардың ол білімнің практикалық қолданысын білуі. Сондықтан оқытушылар студенттерді жоғары оқу орны қабырғасында тек математикалық ақпаратпен қаруландырып қоймай, сол ақпараттарды олардың логикалық ой елегінен өткізіп, баға беру және оны оқушыларға жеткізу, үйрету мәселелеріне баулуы керек.
Болашақ маманды дайындау мәселесі қоғам дамуының барлық кезеңдерінде өзектілігін жойған емес. Себебі адамзаттың дамуының әр сатысында қоғамның әлеуметтік-экономикалық міндеттері өзгеріп отырады да, мамандарды дайындау мәселесіне де жаңа талаптар туындап отырады.
Математикалық даярлықтың кепілдік деңгейін қамтамасыз ету
Елімізде әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты болашақ инженерлер, биологтар, экономистер, социологтар және т.б. мамандар терең математикалық дайындықты қажет етіп отырған кезде, педагогикалық оқу орындарының қабырғасындағы математика мұғалімінің кәсіби дайындығын жоғары деңгейге көтеру үшін шаралар жасауымыз қажет.
«Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде қалыптасады. Бүгінгі мектеп оқушылары – ертең елдің иесі болатын, елді басқаратын азаматтар».
Негізгі мектептің математика курсына қарапайым математика негіздерімен қатар, бүкіл әлемдегі білім беру жүйесінде кеңінен қолданылатын стохастика элементтері енгізілді. Мектеп тәжірибесіне ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистика элементтерін енгізу мектеп мұғалімдерін қосымша дайындауды талап етеді.
Қазіргі ақпараттық технологиялардың қарқынды даму кезеңінде мектеп оқушылары ақпараттық теле-қатынастық құралдар арқылы өз бетінше білім алады. Сондықтан мектеп оқушылары ЭЕМ-мен және оның құрылғыларымен, ақпараттық технология құралдарымен жұмыс істей білуге дағдыландырылады.
Математикалық білім сапасын қажетті деңгейде сақтау мемлекетті дамытудың және оның қауіпсіздігін сақтаудың кепілі болғандықтан, мектеп бітірушілердің және жоғары оқу орындарына оқуға түсу емтихандарын тек тестілеу жүйесімен жүргізу тиімсіз әдіс, оны білімді тексерудің басқа әдістерімен интеграциялау қажет деген пікір туындайды.
«Қазақстанда мектепте математикалық білім берудің қазіргі жағдайы мен болашағы» атты I съезі жоғарыда келтірілген мәселелерді талдап, қорытындыға келуге және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік ашып отыр.
Қорыта келе, 2030 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясының қарпі мен рухын негізге ала отырып, 2020 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясын орындауға Қазақстанның барлық ғалымдары мен мектеп математика мұғалімдері атсалысып, Елбасының қойып отырған «еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» деген мақсатын жүзеге асыруға атсалысады деп ойлаймын.
Математика білімнің ғана емес, азаматтық өркендеу құралы да
Последние статьи автора