Шымкенттің бас жоспары жасалып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қаншама қаржы шығындалды, алайда нақтыланған ештеңе жоқ. Жыл сайын шенеуніктер «бекітеміз, болды» дегенімен, айтылған сөз іске аспай қалып жатыр. «Қарға келіп, қарқ етті, қалқып ішіп, ол кетті, сауысқан келіп, саңқ етті, сарқып ішіп, ол кетті» деген әңгіменің нақ өзі болып тұр. Осымен бірнеше компания қаржы шығындап, бас жоспардың жобасын жасағанымен, әзірге ешқайсысы бекітілген жоқ. Басқаша айтқанда, Шымкенттің болашақ келбетін көз алдымызға елестету мүмкін болмай тұр.
Облыс орталығының бас жоспарының жобасына келгенде ортақ қазынаның қаржысын жобалаушылардың алақанына оп-оңай-ақ ұстата салатын болдық. Міне, жауыр бола бастаған осы тақырып жақында қайта күн тәртібіне көтерілді. Шымқаланың бас жоспарының жобасын жасаған мамандар қаланың көлемі 2025 жылға қарай 117 мың гектарға жететінін айтуда. Осы жылдары республикадағы үшінші қала мәртебесіне үміткер қала халқы 1 миллион 200 мыңға жетеді деген болжам бар. Бас жоспардың жасалуына осы болжамдар негіз болғанға ұқсайды.
Рас, бүгінде қала көлемі жылдан-жылға үлкейіп барады. 2015 жылға дейін әлі қала аумағына 27 елді мекен өтіп, соның есебінен қала халқының саны 108 мыңға көбейетін көрінеді. Бірақ мұны Шымкенттің келбетін көркейтіп, мүмкіндігін арттыру көзі деп қарауға әсте болмас. Өйткені Шымкент бара-бара үлкен қалаға емес, алып ауылға айналып бара жатқандай. Етегі жайылып, онда түскен үйлер ретсіз, қалай болса, солай салынып жатыр. Оны бақылап, реттеп отырған бір жанды көре алмайсың. Ретсіздігі былай тұрсын, елді-мекендерді қалаға қосқанымен, олардың арасында не жарыққа жарымай, не таза су іше алмай, не көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған тұрғындар жетіп артылады. Сапасыз жол, қоғамдық тасымалдау мәселесі – өз алдына бір проблема. Осының барлығын шешіп алмай, қала көлемін ұлғайта бергеннен ұтарымыз қайсы? Бұл сауалға нақты жауаптың болмай тұрғаны өкінішті.
– Қазынадан бөлінген 73 миллион теңгеге жеңімпаз деп танылған компания бір суреттің кесіндісін алып келіпті. Бұл не сонда? Біз жыл сайын қаланың бас жоспары үшін бюджеттен 70-80 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп отырмыз, нәтижесі қане, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Нұркөз Жаңабаев.
Нұрғазы Бұқарбаев, Қалалық мәслихаттың депутаты:
– 2004 жылдан бері қалаға Сайрам ауданының жері қосылды. Сол кезден бері аталған ауылдарға қандай жағдай жасалды, не істелді? Норма бойынша қаланың 70 пайызын көпқабатты үйлер құраса, қалған 30 пайызы жеке үйлердің үлесіне тиесілі болуы тиіс. Бізде керісінше. Қазірдің өзінде ауылға ұқсап кеткен Шымкент дәл осы бағытпен кете беретін болса, «махаляға» айналып кетуі – бек мүмкін.
Ал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Нұрлан Архабаевтың айтуынша, нақ осы бас жоспардың жоқтығынан санитарлық аймақтар да тұрғындар иелігіне өтіп кеткен. Алайда ол жақтарда не мектеп жоқ, не коммуналдық қажеттіліктер жолға қойылмапты.
Иә, бас жоспар бекітілетін болса, 2025 жылы Шымкенттің аумағы 117 мың гектарға жетеді. Мұндай жағдайда көрші Ордабасы, Төлеби, Сайрам аудандарының біраз бөлігі қалаға өтпек. Сөйтіп, Шымқаланың аумағы әлемге аты әйгілі, 16 миллионнан астам халқы бар Мәскеу қаласын да артқа тастап кетпек. Олай дейтін себебіміз, халық қалаулылары қанша жерден тулағанымен, бас жоспарды мақұлдаған сыңайлы. Ендеше 14 жылдан кейін Шымкенттің қасында Мәскеуіңіз де «жіп есе» алмай қалады дей беріңіз. «Атың шықпаса, жер өрте» деген осы болса керек.
Мәскеу Шымкенттің қасында «жіп есе алмай» қалатын болды
Последние статьи автора