Марқакөлдіктер құрт теріп кетті

Марқакөлдіктер құрт теріп кетті

Қызыл кітапқа енген дүниелерге қыр­ғи­дай тиетін әдеттен арыла алмай-ақ қой­дық. «Ит қорыған жерге өш» демек­ші, басқа аң-құс, басқа жәндік құрып қал­ған­­дай Қызыл кітаптан орын алған, өзі де жойылудың аз-ақ алдында тұрған тіршілік ие­сіне кегіміз кеткендей тиісетініміз несі екен?
Шілденің аяқ кезі. Марқакөлге бармақ ниетпен такси іздеп автобекет басына келдім. Барар бағытын айтып шу-шу еткен таксистердің бірінен «Марқакөл, Күршім жаққа баратын такси бар ма?» деп сұрадым.
– Ешкім жоқ. Ол жақтың таксистерінің бәрі құрт­та жүр, – деді.
Расында да, ешкім жоқ екен. Алайда «Құрты несі?» деген сауал санаға маза бермеді. Содан не керек, ақыры Марқакөлге де жол түсті-ау, әйтеуір. Құрт­тың не екенін, таксистердің бәрінің неге құрт­қа кеткенін сонда анық түсіндім.
Бұл қай жұрттың құрты екен?
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл құрт Алтай тауының биігінде өсетін тау шымылдық (шұғынық деп те атайды) атты гүлдің тамырының маңайын мекен етеді екен. Бұл құрттың құдіреті неде дейсіз ғой? Бұл құртты Қытайда рак, сүйек құрылысы, өзге де ауруларға қарсы ем ретінде пайдаланады екен. Содан болар оның бағасы да удай. Бірден айтайық, Алтай тауында, оның ішінде Марқакөлдің Қаба өңірінде ғана кездесетін бұл құрттың басты тұтынушысы әзірге қытайлықтар болып тұр. Біздікілер Қызыл кітапқа енген тау шы­мыл­дық гүлін қорғағанның орнына қорлап, оны та­мырымен қоса қопарып, түбіндегі құртын қа­зып, соны өткізгеніне мәз.
Көпті көрген көнекөз қариялардың сөзіне сен­сек, бұл гүлдің түп мекені – Қытай елі. Оның ішін­де Хы­нан өлкесінің Лояң қаласының тұрғындары тау­шы­мылдық гүлін айрықша қадірлейтін кө­рі­неді. Тіп­ті бұл қалада 1982 жылдан бері жыл сайын осынау гүлдің құрметіне сәуірдің 15-і мен 25-і ара­лы­ғында «Лояңның таушымылдық гүлі ме­рекесі» ат­ты арнайы мереке ұйымдастырылады екен.
«Гүлдердің патшайымы» саналған таушы­мыл­дық экономикалық құндылықтарға да ие. Тау­шы­мыл­дық тамырының қабығы ( – данпи ) жай­шы­лықта шөп дәрі ретінде үнемі қолданылады, ыс­тық қайтару, қан қысымын төмендету, қан жүр­гізу, ұйыған қанды тарату сияқты шипалық рөлі бар; оның гүлінен арақ ашытуға болады; тау­шы­мыл­дық тұқымын машинада тартып өнеркәсіптік май ретінде пайдалануға болады, оның қол­да­ны­лым аясы аса кең» деп жазады Қытайдағы қан­да­сы­мыз Екпін Сабырұлы бұл гүлдің қыры мен сы­рын тәптіштеген бір мақаласында.
Орыстар бұл гүлді «марьин корин» немесе «пион уклоняющийся» деп атайды. Бұл гүлдің атауына қатысты орыс ғалымдары мынадай бір қы­зықты деректі алға тартады. «Бұл гүлдің атауы бел­гілі грек емшісі Пеонның есімімен тығыз бай­ла­нысты. Ол Троян шайқасы кезінде жауынгерлерді осы гүлдің құдіретімен емдеген.
Шәкіртінің мұндай айрықша қарым-қабілетін көре алмаған ұстазы, дәрігер Эскулап оны осы гүлмен уламақшы болады. Алайда адамдарға жақсылық ойлаған Пеонға Тәңірінің мейірі түсіп, оны өмір бойы адам жанына араша түсуші әдемі гүлге айналдырған де­седі» деп жазады орыс ғалым­дары өздерінің жазбаларында.
Сібірдің халық емшісі А.В.Емельянцев өзінің бір еңбегінде тау шымылдық гүлінің тамырын Сібір тұрғындары емдік дәрі ретінде ғана емес тұрақты ауқат ретінде пайдаланатынын, аштық жылдарында гүл­дің тамыры талай адамды ажалдан алып қалғанын тамсана жазады. Сонымен қатар емші Моңғолияда бұл гүлдің тамырын қайнатып, кәрілікті жеңу, организмнің қуа­тын арттыру бағдарында пайдаланатынын айтады.
Алайда қазақ «Қызыл кітапқа» енген бұл гүлдің қадіріне әлі жете қойған жоқ. Табиғаттың тұнық дүниесін қорғағанның орнына қол салудан аса алмай отыр.
Құрт бизнесі қызып тұр
Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек, құрт жинау науқаны 2010 жылдың көк­темінен басталған көрінеді. Құрт жинаудың да өз уақыты, өз аймағы бар. Кез келген уақытта жинай алмайсың, сен іздеген «ба­қыт» кез келген гүлдің астынан табыла бермейді. Білетіндердің айтуынша, құрт жинау мерзімі – көктем мен күз мезгілі.
Құрт жинауды ойлап тапқан, өңірдегі халыққа әдіс-тәсілдерін үйреткен Қытайдан келген оралмандар деседі жергілікті жұрт. «Құрттың қандай гүлдің астында мол болатынын, қандай гүлде болмайтынын да білетін солар. Бізге бәрін солар үйретті. Әйтпесе құрт дегенің  өңіміз түгіл түсімізге кірмейтін дүние еді» дейді жергілікті тұрғындар.
Басқа өңірлерді қайдам, Марқакөлдің Қаба өңірінде құрт дегенің қып-қызыл бизнеске айналып тұр қазір. Әсіресе жаз маусымында құрт қазу науқаны қыза түсетін көрінеді. Жергілікті тұрғындарды қойып Астана, Алматы, Қарағанды секілді еліміздің өзге де қалаларынан арнайы келіп (отбасыларымен келіп жатқандар да бар), жата-жастана құрт қазып жатқандар да бар екен.
Бұл жыбырлақ бәлеге жұрт неге сонша­лықты үйір дерсіз, бәлкім. Бар гәп оның бағасында болып тұр. Жергілікті тұрғын­дардың сөзіне сенсек, жергілікті саудагер­лер бұл құрттың келісін бастапқыда 300 мың теңгеден қабылдаған. Қазіргі құны 450 мың теңге шамасында. Зайсан­дағы шекараға жеткенде құрттың бағасы тіпті аспандап кететін көрінеді. Қытайдағы бағасы тіпті қымбат. Қытайда бұл құрттың келісі 8 мың АҚШ доллары (!) шамасында деседі жұрт. Бәлкім, одан да жоғары.
Бір қызығы, құрттың арқасында жергі­лікті тұрғындар әлеуметтік жағдайын оң­дап, қоңданып, қорланып алған секілді. Осы кәсіптен еншісін айырып, байып, асып-тасып кетпесе де қомақты қаржы жи­наған тұрғындар бар. Мәселен, осы өңірдің бір тұрғыны бір жазда құрт қазудан 16 мың АҚШ долларын тапқан. Құрт жинап тойын өткізіп жатқан тұрғындар да бар көрінеді.
Өкініштісі, сол құртқа құныққандар «Қызыл кітапқа» енген тау шымылдық гүлін түбірімен қопарып, табиғаттың төл бала­сының тамырына балта шабуын доғарар емес. Оларға «қой дейтін қожа, әй дейтін ажа» де табылмай тұр әзірге. Бұл іске құ­зыр­лы орындар тарапынан қашан тыйым салынары әзірге белгісіз. Белгілісі – құрт жинаушылардың саны күннен-күнге артып, тұмса табиғаттың тұнығынан айы­ры­лып бара жатқандығы. «Қызыл кітапқа» енген, мың да бір науқасқа ем боларлық тау шы­мылдық гүлінің түп-тамырымен жойы­лып бара жатқандығы. Бізді алаң­да­татыны – осы.
Марқакөлдегі сапар кезінде осы аумақ­тың орман шаруашылығына жауапты азаматтармен тілдесудің сәті түскен-ді. Олар құрт жинаушылар қатарының қалың екенін, алайда орманшылардың оларды құрықтауға шамасының жетпей жатқанын айтқан-ды. Сондықтан бұл мәселе облыс тарапынан назарға алынса тиісті нәтижеге қол жеткізер едік деп ойлаймыз.
Серікбек ҚАШҚЫМБАЕВ, Шығыс Қа­зақ­стан облыстық Табиғи ресур­стар және табиғатты пайдалануды реттеу басқар­ма­сы бастығының орынбасары:
– Біздің басқарма құрт қазу оқиға­ларына байланысты тиісті іс-шараларды қолға алып жатыр. Мәселен, тамыз айын­да Марқакөл орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесіне жедел топ өкілдерін жібердік. Орманшылармен, Марқакөл табиғи қорығы инспектор­ла­рымен және Теректі учаскелік инспек­торларымен бірге бірлескен іс-шаралар жүргізілді. Жедел іс-шаралар кезінде құрт қазумен шұғылданып жүрген 30 адам ұсталып, әкімшілік заңбұзушылық жөнінде протокол толтырылды. Деген­мен ­құрт қазумен айналысушылар легін азайту үшін бұл іс-шаралардың өзі жеткіліксіз деп білемін. Сондықтан біз облыстық табиғатты қорғау прокурату­расына, орман және аңшылық шаруа­шылық аймақтың инспекциясының бастығына, облыстық Ішкі істер депар­та­ментінің ветеринарлық полициясына бірлескен рейдтер өткізу жөнінде өтініш хат жолдадық.
Ермек БАҒЛАНҰЛЫ, Марқакөл мемле­кеттік мекемесі орман шаруашылығы директорының орынбасары:
– Біздің инспекторлар рейдке шы­ғып, тексеріп жатыр. Алайда орманшы­лардың саны аз болған соң, құрт қазу­шы­ларды құрықтауға шамамыздың жетпей жатқаны рас. Аумақ үлкен. 150 мың гектарға қырық адам ие бола ала ма?
Бұған дейін құрт қазып жүрген бір­неше адамды ұстап, айыппұл салдық. Алайда барлығына бірдей тоқтау сала алмаймыз. Бұған адам саны қолбайлау болып отыр.

Мамырбек ЖАЛЫНХАНОВ, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:
– Бұл мәселені біз бақылауда ұстап отырмыз. Аудан әкімінің бастамасымен арнайы кеңес құрылды. Кеңес құрамы­на аудандық ішкі істер бөлімі, Марқакөл мемлекеттік қорығының мамандары мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мамандары енгізілді. Қазіргі уақытта бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста